• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    І Кенжалин оқулары қайраткер қаламгерге құрметті көрсетті

    Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде І Кенжалин оқулары аясында ұйымдастырылған «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өте жақсы өтті.

    Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері құттықтау хаттарын жолдап, шетелдік және отандық ғалымдар, қаламгерлер, БАҚ басшылары мен тілшілері, оқытушылар мен студенттер қатысып, әкемнің журналистика мен ғылымдағы еңбегі туралы әңгіме қозғады.

    Оқулар ҚазҰУ Басқарма басшысы-ректоры Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен өтіп, елімізде ақпараттық менеджмент теориясы мен тәжірибесінің негізін қалаған белгілі ғалым, жазушы-публицист, саяси ғылымдар кандидаты, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері әкем Жұмабек Кенжалинді еске алуға арналды.

    Конференцияны әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Әлия Мәсәлімова ашып, қаламгердің қазақ журналистикасына, соның ішінде ақпараттық менеджментті қалыптастырудағы еңбегін атап өтті. Осы жерде Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Сыртқы Істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Абдрахманов пен Польша-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіптік палатасының төрағасы Петр Гузовскийдің құттықтау хаттарын оқып берді.

    Мемлекеттік хатшы өз сөзінде: «Талантты көсемсөзші ретінде танылған Жұмабек Кенжалин бірқатар республикалық басылымдарға жетекшілік етумен қатар, қоғамдық-саяси саладағы ғылыммен жүйелі айналысты. Белгілі зерттеушінің теория мен практиканы ұштастыру нәтижесінде дүниеге келген «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» атты іргелі еңбегі, сондай-ақ ақпараттық менеджмент пен маркетинг бойынша жасаған ғылыми-әдістемелік талдамалары бүгінде осы сала мамандарының және жас ғалымдардың игілігіне қызмет етуде» десе, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева оқулардың маңыздылығы мен жұмысына тілектестік білдіріп, қаламгердің өмірі мен шығармашылығының қолына қалам ұстаған жастарға үлгі-өнеге болатынын атап көрсетті.

    –Жұмабек Омарұлы – саналы ғұмырын қазақ журналистикасын дамытуға арнап, кәсіби өсу мен өрлеудің барлық табалдырығынан өткен белгілі қаламгер. Ол еңбек жолын «Социалистік Қазақстаннан» бастап, «Білім және еңбек» журналында, «Халық кеңесінде» абыройлы қызмет етті. «Ақиқат» журналының бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды.

    Еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орыны бар ұжым – «Қазақ газеттері» журналистік ұжымының уығын қадап, шаңырағын көтеріп, оны жиырма жылға жуық басқарған Жұмабек Кенжалиннің қоғамдық және шығармашылық қызметі болашақ қаламгерлер үшін үлгі-өнеге болып табылады.

    Ж.Кенжалин Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты болды. Ол сонымен қатар қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы-әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар ұстаздық етіп, саясаттанушы ғалым ретінде ақпараттық менеджмент теориясы мен практикасының негізін қалады, – деді министр.

    Конференцияға жолдаған құттықтау хаттарында Сыртқы Істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Абдрахманов пен Польша-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіптік Палатасының төрағасы Петр Гузовский де Оқулардың мәні мен маңызын атап өтті. Одан кейін «Қауырсын қалам» фильмі (тексті оқыған университеттің аға оқытушысы, PhD докторант Неля Рушанова) көрсетілді. Осы фильмді көргенде: «Мына дүниені сүйсіне қарадым. Өте әсерлі жасалған екен!», «Көңілім босап, қарап шықтым», «Жақсы жасалған», «Тамаша видео екен», «Күшті екен. Аға туралы әдемі естелік», «Тамаша!», «Көңілім босап, ұйымдастыру жағы дұрыс екен», «Ораза қабыл болсын! Тамаша шығыпты», «Жақсы түсірген фильм екен», «Жақсы хабар екен», деген сөздерін айтқан адамдар да көп болды. Фильм көрсетілген соң, Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан, әкемнің ғылымдағы ұстазы философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Раушанбек Әбсаттаров, оның 40 жылдан астам уақыттан бері сыйласып, бірге қызмет еткен әріптестері филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы, ақын, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бауыржан Жақып, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – Редакторлар Кеңесінің төрағасы Шәмшиддин Пәттеев, курстастары, белгілі жазушы-публицистер Талғат Айтбай, Шархан Қазығұл, Сәбит Дүйсенбиев, Самат Ибраим, Амангелді Кеңшілікұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов пен саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Сайын Борбасов сөз сөйлеп, қаламгердің өткен ғасырдағы қиын қыстау кездері ақпараттық менеджментті қалыптастырудағы, бұқаралық ақпарат құралдарын заман талабына сай дамытудағы еңбегін айтып, журналистика мен ғылымды ұштастырудағы тәжірибесі барлық азаматқа үлгі болатынын мәлімдеді.

    Жиын 2 сағат 45 минутқа созылып, әңгіме арасында қазіргі заманғы журналистиканың өзекті де түйінді мәселелері талқыланып, ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану және оның тиімділігін арттыру жолдары зерделенді. Осы жерде мен І Кенжалин оқулары аясында өткен «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясына құттықтау хаттарын жолдаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Сыртқы Істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Абдрахманов пен Польша-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіптік палатасының төрағасы Петр Гузовскийге, Оқуларды өткізуге қолдау көрсеткен ҚазҰУ Басқарма басшысы-ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жансейіт Түймебаевқа, оны ұйымдастыруға атсалысқан Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлына, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Назгүл Шыңғысоваға, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жетпісбай Бекболатұлына, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Дариға Губашеваға, әкем туралы «Қауырсын қалам» фильмін жасаған журналист, аға оқытушы, PhD докторант Неля Рушановаға әулетіміздің және отбасымның атынан алғыс айтамын. Сонымен бірге Фейсбук пен Инстаграм әлеуметтік желісінде І Кенжалин оқуларына тілектестігін білдіріп жатқан барша ағайынға ақ адал көңілдеріңізге, ниеттеріңізге, ақжарма тілектеріңізге рахмет айтқым келеді. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, деніміз сау, басымыз аман болсын!

    Дастан КЕНЖАЛИН

    Бір пікір

    1. Анатолий

      Спасибо ценная информация, уже давно в строительной отрасли. Арендую спецтехнику здесь https://algnm.ru/ . Никогда не подводила ни техника, ни компания.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *