• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ж. Кенжалин шығармашылығына арналған байқау ережесі

    2021 жылдың 30 сәуірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті Ж. Кенжалин атындағы Баспасөз және жаңа медиа оқу-шығармашылық зертханасының ұйымдастыруымен жас тілшілер мен талапкерлер арасында журналист, қаламгер Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығына арналған ең үздік жұмыстар мен жобаларға республикалық байқау жарияланады.

    Байқауды ұйымдастыру мақсаты жас тілшілер мен талапкерлердің ізденісін арттыруға, журналистика мен медиа бағытындағы шығармашылық ойлары мен жаңаша идеяларын жүзеге асыруға ықпал ету.

    Байқаудың номинациялары:

    1. Ең үздік ғылыми жоба
    2. Ең үздік публицистика
    3. Ең үздік эссе
    4. Ең үздік мультимедиалық жоба
    5. Ең үздік медиажоба

    Жалпы ережелер

    Орта мектеп оқушылары мен талапкерлер арасында ең үздік шығармашылық жұмыстар мен медиажобаларға арналған байқау 2021 жылдың 23 сәуір – 1 маусым аралығында өтеді.

    Материалдардың қабылдануы мерзімі – 2021 жылдың 15 маусымға дейін jastilshi@gmail.com электронды почтасына жолдануы тиіс.

    Байқау нәтижелері 2021 жылдың 23 маусымында шығарылады.

    Әділқазылар алқасы

    Әділқазылар алқасы құрамына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорлары, журналистер, тележурналистика мен электронды бұқаралық коммуникация салаларында қызмет ететін белгілі қоғам қайраткерлері қатысады.

    Ең үздік жұмыстар әділқазылар алқасы мүшелерінің шешімімен іріктеледі.

    Ақпарат: Жұмабек Кенжалин туралы шағын өмірбаяны ең негізгі

    Жұмабек Омарұлы Кенжалин 1954 жылы 30 желтоқсанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған.

    1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмыс істеді.

    1973 жылдан 1975 жылға дейін Қарулы Күштер қатарында қызмет етті.

    1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін ойдағыдай бітірді. Ол бірқатар Дүниежүзілік және Бүкілодақтық жастар мен студенттердің форумдарына қатысты. Университетті үздік оқып, Лениндік стипендиат атанды. Студент жастардың жетекшілерінің бірі болды. 1978 жылы халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің депутаттығына сайланды.

    1981 жылы «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986 – 1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық Кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997 – 1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

    1999 жылдың маусым айынан 2006 жылдың тамыз айына дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, 2006 жылдың тамыз бен желтоқсан аралығында «Ана тілі» ұлттық апталығының, 2006 жылдың қараша мен 2009 жылдың ақпан айына дейін «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. 2009 жылдың ақпан мен 2017 жылдың шілде айы аралығында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы болып қызмет етті. Ол 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта саяси ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғады.

    Ол «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005 ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010 ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011 ж., 2012 жылы қайта толықтырылып басылып шықты), «Қалам қанаты» (2014 ж.), «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» (2016 ж.) деп аталатын кітаптардың авторы.

    2018 жылы Жұмабек Омарұлының құрметіне және оны еске алу мақсатында «Серке сөздің сардары» кітабы шықты.

    Негізгі талаптар:

    Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармагылығына арналған байқауға ұсынылатын ең үздік байқаудың мақсаты мен міндеттеріне сай болуы шарт.

    Марапаттау:

    Байқау жеңімпаздары 1,2,3-дәрежелі дипломдармен марапатталып, қатысушыларға сертификат беріледі.

    Жұмыстар мен жобаларға қойылатын техникалық талаптар:

    Ғылыми жұмыстардың талапқа сай электронды нұсқада ұсынылуы тиіс.

    Жұмыстар мен жобалар төмендегідей талаптарға сай болуы тиіс:

    1.Ғылыми жұмыс (мақала) мәтіні 10-15 бет көлемінде және тіркеу формасы MS Word мәтіндік редакторы бойынша жазылған болуы тиіс. Кесте, схемалардың, суреттердің өз атауы болуы және Windows аясында терілуі тиіс.

    2.Парақтың параметрлері: жоғарғы жағы-2 см, төменгі жағы -2см, сол жағы-3см, оң жағы 2 см.

    3.Шрифт: Times New Roman, Kz Times New Roman, кегль-14.

    4. 1 — Аралық интервалмен. Жаңа жол: 1,25 см.

    5.Бір интервалдан кейін жаңа жолдан ғылыми жұмыстың материалдары беріледі.

    6.Әдебиеттер тізімі ғылыми жұмыстың соңында және тізім тәртібіне сәйкес жазылады.

    Ғылыми жұмыста әдебиеттер тізімі тікжақшада әдебиеттер тізіміндегі автордың еңбек нөміріне сәйкес қойылады. Сілтемені қолданғанда дереккөзді көрсету керек.

    ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ:

    Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті, № 222 кабинет

    Ж. О. Кенжалин атындағы Баспасөз және жаңа медиа оқу-шығармашылық зертханасы жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Клара Қабылғазина, моб.тел.: +7 701 333 8607

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *