• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қорғаныс министрлігі

    Қазақ күресінен ӘЧ: Қазақстан қоржынында – 8 алтын, 6 күміс, 2 қола жүлде!

    Астана төрінде тұңғыш рет өткен әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен CISM әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлады Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметі.

    Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өткен бұл дүбірлі дода – тек спорттық бәсеке ғана емес, ұлттық рух пен жауынгерлік жігердің тоғысқан шынайы мерекесі болды.

    Бұл чемпионат — ұлттық спортымыздың әлемдік деңгейдегі беделін айқындаған тарихи белес. Бозкілемдегі әр белдесу қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш сыйлап қана қоймай, қазақ күресінің техникасы мен философиясының әскери рухпен табиғи үйлесімін айқын көрсетті.

    Төрткіл дүниенің түкпір-түкпірінен келген 20-дан астам елдің таңдаулы балуандары бозкілемде бақ сынап, үздіктердің үздігі анықталды. Екі күнге созылған бәсекеде Қазақстан құрамасы өзгелерден оқ бойы озып, жанкүйерін жарқын жеңіспен қуантты.

    Екінші жарыс күні біздің балуандар алтын мен күмісті қоржынға молынан салды. Атап айтқанда, 60 келіде Ернұр Сүлеймен алтын алса, 74 келіде Жұмажан Қожамбеков жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. +100 келіде Ғалымжан Қырықбай финалда өзінің айбынын асырып, алтын жүлдеге қол жеткізді. Ал 90 келіде өнер көрсеткен Айдар Бескемпір үздік үштікті түйіндеді.

    Әйелдер арасында +77 келіде Ақерке Рамазанова топ жарды. Күміс жүлде иегерлері – Сағат Байғараева (52 кг), Бақыт Құсақбаева (60 кг), Роза Нысантайқызы (70 кг).

    Осылайша, қос күннің қорытындысында ұлттық құрама 8 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль иеленді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 350 ұпаймен айқын көш бастады. Екінші орын – 276 ұпай жинаған Өзбекстан құрамасына бұйырса, үздік үштікті 198 ұпаймен Ресей қорытындылады.

    CISM Әлем чемпионаты – қазақ күресінің жаһандық деңгейдегі беделін арттырып қана қоймай, оны әскери спорттың ажырамас бөлігі ретінде танытқан маңызды қадам болды. Бұл жарыс – ұлттық спорттың әлемдік аренада қанат жаюына жол ашатын жаңа белес.

    Чемпионат Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) аясында өткізілгенін және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналғанын атап өткен жөн. Астана төріндегі CISM Әлем чемпионаты – қазақ күресінің жаһандық беделін жаңа деңгейге көтерген, әскери спорт қауымдастығына төл өнеріміздің қуатын айқын танытқан жаһандық дода.

    P.S. Бұл дода – тек спорттық жарыс емес, ол – ұлттық рухтың, ел намысының, қазақ күресінің айбынын танытқан мерейлі сәт. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған жаңа заң аясында қазақ күресі олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерімен қатар басым спорт түрі ретінде танылды. Қазақ күресінің байрағын желбіреткен бұл чемпионат – болашақта Азия ойындары мен  Олимпиада төріне апарар даңғыл жолдың бастауы болады.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *