Қытайдың Чэнду қаласында XII Дүниежүзілік ойындарындағы жауынгерлік самбодан жекпе-жектер аяқталды.
Бұл сында Қазақстан қоржынына 1 алтын, 3 күміс медаль түсті. Жалқы алтын жүлдені 80 келіде күш сынасқан Ұлбосын Әділова жеңіп алды. Ол финалда 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мавлуда Абдуллаеваға қылқындыру әдісін қолданып, жеңіске жетті.
Ұлбосын Әділова ½ финалда филиппиндік Яп Ейселин Агнесті 2:0, ¼ финалда мексикалық Нэнси Эрнандесті таза жеңді.
Бұл — Дүниежүзілік ойындарының екінші алтын медалі. Бұған дейін джиу-джитсудан файтинг бөлімі бойынша Жәнібек Әбу-Бәкір чемпион атанған болатын.
Маратбек Рахметоллин күміс медаль алды
Жауынгерлік самбодан Маратбек Рахметоллин де күміс медаль иесі атанды. Ол 64 келіде 7 дүркін әлем чемпионы, бейтарап спортшы Шейх- Мансур Хабибуллаға есе жіберіп، күміс жүлдені қанағат тұтты.
Отандасымыз жартылай финалда азулы қарсыласы Саяқ Бараканов 4:2 есебімен, ширек финалда Лукас Борегалесті ауырту әдісімен жеңді.
Сонымен бірге، Қазақстанның ерлер құрамасы мен әйелдер құрама командасы XII Дүниежүзілік ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Қазақстан ерлер құрамасы финалда Украина спортшыларына 0:2 есебімен жеңілді. Ал، әйелдер құрамасы финалда Өзбекстанға 0:3 есебімен есе жіберді. Осылайша, Қазақстан спортшылары 32 жылдан кейін Дүниежүзілік ойындар бағдарламасына қайта енген жауынгерлік самбодан жекпе-жектерді 1 алтын, 3 күміс медальмен аяқтады.
Бұл спорт түрі 1993 жылдан кейін Дүниежүзілік ойындардың бағдарламасына қайта енгізілді.
Дүниежүзілік ойындарының тарихында отандастарымыз 1993 жылы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған болатын.
Cпорттық құзға өрмелеуден Ришад Хайбуллин қола жүлдегер атанды
Cпорттық құзға өрмелеуден жылдамдық (Speed 4) сайысында Ришад Хайбуллин қола медаль алды.
Дүниежүзілік ойындарының бағдарламасына енгізілген спорттық құзға өрмелеуден отандастарымыз алғаш рет жүлдегерлер қатарына енді.
Бұған дейін 2022 жылы АҚШ-тың Бирменгем қаласында өткен Дүниежүзілік ойындарында жылдамдық сайысы бойынша алтыншы орынды иеленген еді.
Енді ертең Ришад Хайбуллин, Әмір Маймұратов, Дамир Тоқтаров, Бекнұр Алтынбеков бастаған қазақстандық спортшылар командалық эстафетада сынға түседі.
Қазірге дейін Қазақстан құрамасы 2 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль алды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА