Еркін күрес балуандары әлем чемпионатында бір алтын, бір қола жүлде алды.
Осы күндері Болгарияның Самоков қаласында еркін күрестен әлем чемпионаты болып жатыр. Күні кеше басталған дүрмекті додада еркін күрес шебері Едіге Қасымбек U20 санатында әлем чемпионы атанды.
Ол финалда Иран өкілі Абольфазл Мохаммад Нежадты айқын басымдықпен жеңді. Ал, Досжан Құл-Ғайып (74 келіге дейін) пен Самир Дурсунов (97 келіге дейін) қола жүлдені қанағат тұтты.
Қасымбек Едіге 125 кг салмақ дәрежесінде күресті. Ол — «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының спортшысы. Оның бапкерлері аға жаттықтырушы Аслан Байғұлов пен Еркебұлан Кешубаев.
Самир Дурсунов (97 келі) болса, қола жүлде үшін үнді Вишалмен күресіп, оны бір минутта жауырынын жерге тигізді. Бұл сында ол қарсыласын 6:0 есебімен жеңді.
Әлем чемпионаты 1969 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін қазақ балуандары 10 алтын, 27 күміс, 39 қола медаль алды.
Былтыр Испанияның Понтеведре қаласында өткен әлем чемпионатында балуандар 2 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлдемен медальдар кестесінде төртінші орынға орналасқан болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА