Әлем чемпионатында еліміздің әнұранын қоюда қателік кетті (видео)

Ресейдің Сочи қаласында самбо күресінен аяқталған әлем чемпионатында ақтөбелік палуан Есет Қуанов бас жүлдені жеңіп алып, көк туымызды көкке желбіретті! Бұл туралы дер кезінде оқырмандарымызға хабарлап, сүйінші сұраған едік. Бүкіл Қазақ елі қуанып, ақ түйенің қарны жарылып жатқанда марапаттау салтанаты кезінде орын алған қолайсыз жайтты айтпай кеткен болатынбыз. Сол оқиғаны бүгін баяндап отырмыз.

62 кило салмақтағы чемпиондар мен жүлдегерлерді марапаттау кезінде ұйымдастырушылар Қазақ елінің əнұранының орнына басқа елдікін қойып жіберді. Алтын тұғырда тұрған Есет басын шайқап, «Бұл емес» деп, қарсылық білдірді (видео: 42:50). Осы кезде залда тұрған біздің спортшылар бірауыздан Қазақ елінің əнұранын шырқап қоя берді. Есет те оларға қосылды. Қазақтардың бұл әрекетін көрген орыс көрермендер орындарынан тік тұрып қол соғып, ризашылықтарын және қолдайтындықтарын білдірді. Ұйымдастырушылар өздерінше әнұранды тоқтатып, қайтадан қойып еді, бұл жолы да шатасып кетті. Оған қарап жатқан біздің спортшылар жоқ, еліміздің əнұранын шырқап тұра берді. Көптеген көрермен олардың қасына келіп, қолдарын алып, құттықтап жатты.

Ұйымдастырушылардың бұл әрекетіне түсінбедік, олар неге шатасты? Әлде бұл чемпионатта қазақтардан чемпион шықпайды деп ойлады ма екен!? Есеттен ұтылған Аслан Мудранов тұғырда тұрып, медалін бір шешті, бір тақты, әйтеуір күміске риза болмады.
Жарайды, өткен іс өтті. Ең бастысы Есет ініміз ормандай орыстың арасынан ойып тұрып алтын жүлдеге қол жеткізді! Біздің бұл шағын мақалада айтқымыз келгені, қазақ самбошыларының қолайсыз сәтте үнсіз қалмай, тығырықтан шыға білгені еді. Олар ешқандай асып-саспай еліміздің əнұранын шырқады. Есет те азамат екен, оларға қосылып кетті. Бұл оқиға өзге спортшыларымызға үлгі болады деп ойлаймыз! Жарайсыздар, самбошылар! Біз сіздерді мақтан тұтамыз!

Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

АҚТӨБЕ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*