1977 жылы Отырар ауданының Қоғам ауылында қазақ күресінің қазығы қағылды. Содан бері өткен 40 жылдың ішінде осы күрес үйірмесінен ұлттық спортымыздың көптеген таланттары қанаттанып шықты. Олардың арасында Азия чемпионы атанған, әлем чемпионатының жүлдесін алған саңлақтар бар.
Күні кеше Қоғам ауылында қазақ күресінің ашылғанына 40 жыл толуына орай республикалық турнир дүркіреп өтті.
Отырар ауданының орталығындағы даңқты балуан Қажымұқан бабамыздың атындағы спорт кешенінің төріне төселген кілем үстінде 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер жүлде үшін күреске түсті.
Отырар ауданында қазақ күресінің қарыштап дамуына, осы ауданның балуандары облыстық деңгейдегі сайыстарда оза шабуына, республикалық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілуіне бірден-бір еңбек сіңірген бапкер – Оңалбек Әуелбеков. Білікті бапкер 1977 жылы Қоғам ауылында қазақ күресінің үйірмесін ашып, елдің намысы таразыға тартылған сайыстарда абыройды аласартпайтын балуандарды баулыды. Күрес үйірмесінің ашылғанына 40 жыл толған той үстінде сол балуандардың көпшілігі Шәуілдірге жиналды. Бала күнінен балуандыққа баулып, атан жілігі толыспаған қара сирақ кездерінде ептілікке, күштілікке, батылдыққа, ең бастысы қанымызда бар ұлттық күресімізбен белдесуге үйреткен бапкерлеріне алғысын жеткізді. Ұстазына шәкірттері оқалы шапан жауып, астына ат мінгізгенде қуаныштан бал-бұл жанған бапкер Оңалбек Өтебайұлы қырық жыл бұрын туған ауылына қазақ күресінің қазығын бекер қақпағанын айтты.
Расында да осынау 40 жылда Қоғам ауылындағы күрес үйірмесінен талантты балуандар өсіп шықты. Олардың барлығын тізбелемей тек Оңалбек бапкердің баулыған шәкірттерінің жетістіктеріне тоқталсақ жеткілікті болар. Оңалбек Өтебайұлы Қоғам ауылында қазақ күресінің үйірмесін ашып бапкерлік қызметті бір ауылда ғана атқарып қойған жоқ, жоғары оқу орнын бітіріп келген жиырманың үстіндегі түбітиек жас маман аудандағы бірнеше ауылда балуан өсірді. Тіпті кей ауылдарға көліктің қат кезінде жая барып, жүрігіп қайтып келіп жүріп оқушыларды күреске баулыды. Күрес кілемі былай тұрсын, арнайы зал жоқ, спорттық күртешеге ешкімнің қолы жете бермейді. Белдескенде киетін шапаны жоқ балалардың үстіне әскерден келгендердің гимнастеркасын кигізіп күрестірді. Сондай жоқтың ішінде жүріп шарболаттай шыңдалған өрендер алдымен аудандық сайыстарда азуын көрсетті. Одан кейін облыста олжа салды. Республикалық додаларда мерейі үстем болды. Ауданның ішкі чемпионатында 18 рет командалық есепте Оңалбек Әуелбековтің шәкірттері жеңіске жетті. Облыстық турнирге Отырар ауданының балуандарын Оңалбек баптап қосқанда 16 жыл қатарынан олардың алдын ешкім орай алған жоқ. Республикалық деңгейдегі турнирлерде 4 мәрте жеңіске жетті. Қазақ күресі, самбо, дзюдо сынды спорт түрлерінен 15-ке жуық спорт шеберін шығарды. Азияның чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері де осы Қоғамдағы шағын ғана күрес залынан қанаттанып шықты.
Осындай жетістікке жеткен қоғамдықтар 40 жылдық мерейтойларында өмірден озған балуандарға арнап құран оқытып ас берді, артынша республикалық деңгейде турнир ұйымдастырды.
Арғы жағына ештеңе де жасырмайтын балалардың албырттығы, аңғалдығы, қулық ойламайтыны олардың әрбір белдесуінен байқалып тұрады қашанда. Іріктеу сайысы өтіп жатқанына қарамастан әрқайсы да дәп бір финалдық белдесуге шыққандай барын салады.
Отырар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нышанбек Бексұлтанов, білікті бапкерлер Мұқан Рысдәулетов, Қоныс Арыстанов бастаған азаматтардың ұйытқы болып ұйымдастырумен өткен турнирде командалық есепте Отырар ауданының балуандары топ жарды. Олар республикалық турнирден 4 алтын медаль иеленсе, Созақ ауданның командасы 2 алтын жүлдеге қол жеткізді. Түркістан қаласынан келген балуандарға 1 алтын медаль бұйырды.
15-14 жастағы жасөспірімдердің арасында келешекте түйе балуандыққа жарайтын жастар өсіп келеді екен. Әсіресе 72 келіден жоғары салмақ дәрежесінде турнир жеңімпазы атанған түркістандық Б.Әшеннің белдесу өнері көпшілікті тәнті етті.
«Отырарда спортқа ерекше көңіл бөлінудің нәтижесінде көрсеткішіміз де жоғары» дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ермек Ташов. Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановтың іскерлігін Шәуілдірдің шырайын кіргізерлік абаттандыру жұмыстарынан байқадық.
Отырар ауданының балғын спортшылары қашандағыдай облыстық, республикалық, тіпті халықаралық турнирлерден олжалы оралып жүргенін аудан спортына жауапты маман Ермек Ташов мақтанышпен жеткізді. Мақтануға татитын іс тындырсаң қашанда мерейің өсіп, мәртебең биіктей берері сөзсіз.
Қуан ЖӘНІБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы