• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    fctobol.kz

    УЕФА «Тобылды» Еуропа жарыстарына қатыстырмауы мүмкін (ВИДЕО)

    Қостанайдың «Тобыл» футбол клубында проблема болуы мүмкін. Бұл туралы клубтың экс-директоры Андрей Канчельскис айтты. Ол жақында клубтың тең төрағасының шешімімен отставкаға жіберілген болатын.

    Канчельскис – Ресейдің азаматы. Ол клубтың директоры болып 4 ай жұмыс істеді. Оның клубпен келісімі биылғы жылдың соңына дейін есептелген еді. Енді ол «Тобыл» клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, 23 қарашада ресми түрде отставкаға кетті. Осыған байланысты Канчельскис басшылықтың шешімімен келіспейтінін айтып, тағы да мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұрын алаяқтықпен айналысқан Әлімжан Қалдияровқа қатысты жаңа қылмыстық істер қозғалады.

    «Тобыл» клубында не болып жатқанын біліп отырған шығарсыздар. Мен клубтағы жағдайды тағы да түсіндіргім келеді. Клубқа жаңа инвесторлардың келуімен түсініксіз жағдай бола бастады. Қазір клубта балалар мен жасөспірімдер футболының қалай насихатталып, командадағы ойыншылардың ұлттық құрамада қалай ойнап жатқанын көріп отырсыздар. Ал, клубтың ішкі асханасындағы жағдай сырт көзге жақсы көрінгенімен мүлдем басқаша. Осы жағдай жанкүйерлерді де мені де алаңдатады, – деді ол.

    Осы ретте ол клубтың басшылығына бұрын алаяқтықпен айналысқан адамдар келгенін, солардың кесірінен командада проблемалар бас қылтита бастағанын айтты.

    Мен олардың футбол клубына қалай келгенін түсінбеймін. Олар футболдан басқа нәрселермен айналысу үшін келді. Ал біздің мақсатымыз – футболмен айналысу, жасөспірімдер футболын дамыту және басқа да футболға қатысты дүниені дамыту. Қазір клубта жүрген осындай алаяқтармен болашақта «Тобылда» проблема болуы мүмкін.

    Біріншіден, бұл алаяқтарға қатысты ФИФА-дан сұрау түсті. Оған жауап берілді. Міне, жауап хат. Менің ойымша, өте ауыр процестер болады. Осы алаяқтардың кесірінен «Тобылдың» зардап шеккенін қаламас едім. Сондықтан осыны барлығы түсініп, басшы органдар назар аударса деймін. Назарларыңызға көп рахмет!, – деді Канчельскис Instagram парақшасында.

    Канчельскистің сөзінен белгілі болғандай, егер «Тобылдың» айналасындағы у-шу әңгіме басылмай, тараптар келісімге келмесе клуб келесі жылы Чемпиондар лигасына да қатыспауы мүмкін. Оны УЕФА қатыстырмауы ықтимал.

    Ол өткен аптада қызметтен еріксіз кетуіне байланысты ФИФА мен УЕФА-ға арыз жазатынын айтқан болатын.

    29 қарашада жұмысқа келгенде дұрыстап сөйлесеміз. Егер жағдай басқаша болса, онда мен ФИФА мен УЕФА-ға арыз жазамын. Сонда кімнің кім екенін көреміз, – деді ол.

    Бүгін – 29 қараша.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *