Тал бесіктен тербеткен аналар ұлттың қайсар ұлын тәрбиелейді. Жаугершілік заманда да ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару ұстап елін қорған халық эпосындағы Гүлбаршын, Құртқа, Ақжүніс, Назымдар, бергі дәуірде Домалақ ана, Айша-бибі, Ұлжан, Ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпандар еліне демеу, еріне сүйеу бола білген. Сонымен қатар, көрікті кескін келбетімен, елмен елді ақылдылығымен, даналығымен татуластырып ерекшеленген. Ғ.Мүсірепов: «Адамда не қасиет болса, бәрі күннің көзі мен ананың ақ сүтінен алынған қасиет», деген екен. «Алып анадан туады», деген бабаларымыз.
Қазақ даласынан аты елге танылған батыр-бағландар мен аттары әйгілі балуандардың барлығы айталық, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Боранқұл секілді айта берсең таусылмайтын мұзбалақ тұлғалардың барлығы анасын құрметтеп, тірліктің бәрінен биік санаған. «Жаннат ананың табанының астында», демекші. Аналардың алдында әрқашанда біз қарыздар екенімізді бір сәтте ұмытпағанымыз абзал.
Бүгінгі күні ақылына көркі сай, пайымына парасаты сай, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі болған қазақтың қыз-келіншектері өсіп келеді. Әрбір үйдің берекесі мен мерекесі болып отырған аналармен арулардың бір жылда бір келетін 8 наурыз мерекесінде сүйкті де сүйкімді аруларға қандай тілек айтып қандай сыйлық сыйласа да жарасады. Міне, құлпырған көктемнің жайма-шуақ күндерімен асыл жандардың мерекесі де келіп жетті. Осы мерекелі мейрамда ардақты аналармен сүйкті аруларымызға ақ тілектер ағылатыны сөзсіз.
Осы орайы келген мереке алдында Алматы облысы Іле ауданы, Өтеген батыр кеңшарында орналасқан Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде көп жылдардан бері табанды еңбек етіп, жасөпірім спортшылардың қанатының қатайып танымал болып өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан аруларды көктем меркесімен құттықтаудың реті келіп отыр. Спорт саласында жылдар бойы тер төгіп еңбегінің жемісін көріп келген арулардың арасында бірталай бұрымды бапкерлер талантты шәкірттермен елге танылып келеді. Солардың арасында Самбодан Шолпан-Атада өткен Әлем кубогінде жүлдегер атанып, жастар арасында Ташкентте өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген, Қазақстан чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Айнұр Төребай, байдаркамен және каноэда ескек есуден әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері , Қазақстан чемпионы, ұлттық құраманың белді мүшесі Екатерина Кальтенбергер, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері Дана Исапа секілді талантты арулардың жеңісті жолдарын айтуға болады. Сонымен бірге бокс, баскетбол спорт түрлерінен шәкірттері Алматы облысының дүбірлі жарыстарында жеңіс биігінен көрініп олжалы болып жүрген Нурия Мадримова, Шолпан Жамбылова секілді дарынды, бұрымды бапкерлердің төккен терлері еш кетпей жемісін беруде. Осындай берекелі ұжымды ұйытып отырған айтулы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықытырушы Қапар Рауановқа арулардың айтар алғысы зор. Өйткені жарыстардан қалдырмай жол қаражатын тауып беріп шапқылап әрекет жасап жүрген жерде, берекеті де болары анық. Елдің тынысы мен, жердің ырысы, отбасының шамшырағы болған қыз-келіншектер мен аналарды құрметтеп құттықтауға әрқашан қуаныштымыз. Жанұясында бағып-қағып отырған төл балалары мен қоса спорт саласында шәкірттер тәрбиелеп аянбай еңбек етіп жүрген айтулы спорт мектебінің аналары мен аруларына зор денсаулық, отбасылық бақыт, таусылмас қуаныш тілейміз. Мерекелеріңіз құтты болсын!.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ