Осы күндері Сербияның Новый Сад қаласында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен төл күресімізден ересектер арасында ІІІ Еуропа чемпионаты өтіп жатыр.
Оған қарт құрлықтың 20-дан аса елінің түйе палуандары қатысуда. Аталған федерацияның бірінші вице-президенті Серік Төкеевтің айтуынша, Еуропаның жер-жерінен Балқан түбегіне жиналған палуандардың күресі аса қызықты жəне тартысты өтуде.
-Бұл жарыс 1 мамыр күні басталды. Оның алдында 29-30 сəуір күндері Новый Сад қаласында кəрі құрлықтың мамандарының қатысуымен төл күресіміздің ережелеріне арналған халықаралық семинар өтті. Жиынға Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы төрешілер комитетінің өкілдері, төрешілер төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, ережелер авторының бірі, Спорт ардагері Марат Жақыт, халықаралық деңгейдегі төреші Қуаныш Наханов пен федерацияның бас хатшысы Нұрлыбек Ермағамбетов қатысты. Олар екі күн бойы еуропалық əріптестеріне ұлттық күресіміздің даму деңгейі мен оның болашағы туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Семинар биыл Түркіменстанның Ашхабад қаласында жалауы көтерілетін жабық ғимараттағы Азия ойындарына төрешілерді əзірлеу мақсатында өткізілді, — дейді Серік Адамұлы.
Дастан КЕНЖАЛИН