Теннисші Жібек Құламбаева Чилидің Колина қаласында өткен WTA 125 санатындағы турнирдің жұптық сынында жеңімпаз атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Отандасымыз жарыста словениялық Вероника Эрьявецпен бірге өнер көрсетті. Турнирге екінші нөмірмен тіркелген теннисшілер финалда бірінші нөмірлі жұп — украиналық Валерия Страхова мен ресейлік Анастасия Тихоновамен ойнады.
Бұл ойында Құламбаева мен Эрьявецтің 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 16 минутқа созылды.
Турнирдегі жеңісі үшін Жібек Құламбаева WTA рейтингінде 125 ұпай иеленді. Жарыс қорытындысы бойынша ол әлемдік жұптық рейтингте 78-орынға көтерілді.
Бұл – Жібек Құламбаева мен Вероника Эрьявецтің соңғы екі аптадағы екінші жеңімпаз атағы. Бір апта бұрын олар Колумбияның Сопо қаласында өткен WTA 125 турнирінде топ жарған болатын. Сол жарыстың финалында олар чехиялық Лаура Самсон мен словениялық Тамара Зиданшек дуэтін 5:7, 6:2, 14:12 есебімен жеңген еді.
Осылайша, Жібек Құламбаева екі апта қатарынан WTA 125 турнирлерінде жеңіске жетіп, жұптық сындағы табысты өнерін жалғастырды.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары