Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дүниежүзілік ғылым күніне орай «Жаһандық коммуникация: өркениеттік дамудың ұлттық ақпараттық моделі және жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен V Кенжалин оқулары өтті.
Оған БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдері, Қытай, Түркия, Қырғызстан мен Өзбекстанның ғалымдар, отандық белгілі медиа мамандары мен БАҚ басшылары қатысты.
Іс-шара әлемдік ақпараттық кеңістіктегі өзгерістерді, ұлттық ақпараттық модельдің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының журналистика мен коммуникация саласына ықпалын ғылыми тұрғыдан талқылауға арналды.
Конференцияның басты мақсаты – заманауи коммуникация үдерістерін зерделеу, ұлттық ақпараттық модельдің өркениеттік дамуындағы рөлін айқындау, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен оны медиа саласында қолданудың өзекті мәселелерін талқылау. Сонымен қатар отандық және шетелдік ғалымдар мен медиа мамандары арасында ғылыми тәжірибе алмасуға, халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік жасау.
Халықаралық конференция аясында әлемдік коммуникацияның қазіргі даму үрдістері, ақпараттық кеңістіктің трансформациясы, ұлттық ақпараттық модельдің ерекшеліктері, жасанды интеллект және журналистиканың жаңа технологиялық мүмкіндіктері, цифрлық медиа, медиасауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ қазіргі журналистиканың инновациялық бағыттары, кәсіби құзыреттілік, этикалық жауапкершілік, қоғамдық коммуникация, ұлттық құндылықтар мен ақпараттық саясат тақырыптары әңгіме қозғалды.
Басқосуда ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов университеттің халықаралық ынтымақтастығы мен білім беру саласындағы жетістіктерін айтып, ҚазҰУ дипломы әлемнің 50 елінде танылағанын, ал университет қабырғасында 9 мыңға жуық шетелдік студент білім алып жатқанын атап өтті.
Жиында Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке ерекше назар аударылды. Екі ел университеттері білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, филиалдар ашып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде тікелей ынтымақтастық жөнінде 470-тен астам келісім жасалған. Өзбекстан азаматтары елімізде білім алса, көрші ел қазақстандық жастарға өз ЖОО-ларында тегін оқуға арналған білім гранттарын бөліп отыр.
Конференцияға Өзбекстан Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Равшан Райимжанов қатысты. Кездесуде ҚазҰУ мен Өзбекстан университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Басқосуда «Халқ сўзи» газетінің жауапты хатшысы, Өзбекстан университетінің оқытушысы Нұрлан Усманов, BBC-дің бұрынғы журналисі, профессор Мұхаммед Шераз және Эфиопиядан келген PhD Хафтаму Кирос Текаре баяндама жасады. Қатысушылар жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалын және медиа мамандарын даярлаудағы жаңа талаптарын ортаға салды.
Бағдарламаның жеке бөлімі әкем, белгілі журналист, қоғам қайраткері Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығына арналды. V дәстүрлі Кенжалин оқулары аясында оның өмір жолы мен кәсіби қызметі туралы деректі фильм көрсетілді. Ғалымдар мен әріптестері қатысқан тағылымды іс-шараны университетің журналистика факультетінің деканы Ысқақ Егембердиев жүргізіп отырды. Қайраткердің зайыбы, анамыз Әлима Кенжалина, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қауымдастырылған профессоры Бақдәулет Құмар, белгілі қаламгерлер мен ғалымдар Қайнар Олжай, Аяған Сандыбай, Талғат Айтбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Сәбит Дүйсенбиев, Ләззат Ноғайбаева, Салтанат Қажыкен, Срайыл Смайыл, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары-Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы, ҚазҰУ доценті Жетпісбай Бекболатұлы, Есенбек Айдарбеков, Жомарт Симтиков пен басқа да азаматтар естеліктерін айтып, отандық журналистика мектебінің сабақтастығы туралы ой қозғады.
Қаламгердің басқа да әріптестері, жерлестері мен туыстары Батих Әжіғалиев, Рымгүл Қапарова, Ғалымжан Шәріпов, Зәмзагүл Әбдіғаппарова, Мақсұт Жанғабылов, Жұмағазы Кенжалин, Санияш Кенжалина, Гүлбаршын Кенжалина V Кенжалин оқуларының биыл да өте жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Кенжалин оқулары 2021 жылдан бері жыл сайын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылып, журналистика мен бұқаралық коммуникация саласындағы өзекті мәселелер, отандық журналистиканың даму бағыттары мен кәсіби тәжірибенің жаңа қырлары талқыланып келеді. Ең бастысы, университеттің ағамыздың құрметіне жылда өткізіп келе жатқан оқуларына ел риза.
Оқуларда журналистика мен бұқаралық коммуникация саласындағы өзекті мәселелер, отандық журналистиканың даму бағыттары мен кәсіби тәжірибенің жаңа қырлары талқыланады.
Еңбектеріңіз жемісті, табысты, берекелі болсын! Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне, оның ішінде ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасына алғысымыз шексіз. Атап айтқанда осы істің басы-қасында жүрген кафедра меңгерушісі Орынтай Ошановаға, оның ғылыми-инновациялық мәселелер жөніндегі орынбасары Мейіркүл Жетпісбаеваға, оқытушылар құрамы мен магистрант, студенттерге алғыс айтқымыз келеді», деді әріптесіміз Жұмағазы Кенжалин.
Жұмабек Кенжалин – «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005 ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010 ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011 ж., 2012 жылы қайта толықтырылып басылып шықты), «Қалам қанаты» (2014 ж.), «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» (2016 ж.) деп аталатын кітаптардың авторы.
2018 жылы Жұмабек Омарұлының құрметіне және оны еске алу мақсатында «Серке сөздің сардары» кітабы шықты.
2024 жылы қаламгердің 70 жылдығына байланысты «Өнегелі өмір» сериясымен «Жұмабек Кенжалин» атты жинақ жарық көріп, Алматы қаласында өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Нұрболат АМАНБЕК,
АЛМАТЫ

(Авторы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінің 1-курс студенті Інжу Аскер)














SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары