• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қияға қанат қақтырған қайраткер

    Қали Жалмағамбетұлы туралы бір үзік сыр

    Өткен ғасырда қазақ даласынан жастайынан еңбекке араласып, қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүріп, жас болса да бас бола білген көптеген қайраткердің шыққаны белгілі. Солардың бірі – біз сөз еткелі отырған Қали Жалмағамбетұлы еді.

    Ол 1935 жылы Торғай даласында комсомол ұйымдарын құрып, елдің сауат ашуына, ашаршылықтан кейінгі кезде малды сақтап қалуға, емдеуге көп еңбек еткен азамат болатын.

    Қали Жалмағамбетұлы 1912 жылы Торғай облысы Торғай уезінде Екідің деген жерде дүниеге келген (қазіргі Қостанай облысы Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылы). Әкесі Жалмағамбет Елдесұлы мен анасы Бәтима зерек баласын ауылдың молдасына апарып, содан ол хат танып, сауат ашу мектебінде оқып өскен. Қалидың Кенжалы, Сералы, Ералы, Оспан ағаларынан кейін апасы Әйнек пен Кенжебай деген інісі болды.

    Қали атамыз 1926 жылы ауылдың сауат ашу мектебінде оқып, қоғамдық өмірге ерте араласты. Көзі ашылып, өмірді жете түсінген ол 1934 – 1936 жылдары Қостанай қаласындағы ветеринарлық мал дәрігерлерік фельдшерлік курсты оқып, туған жерге асыл армандарын арқалап қайтады. Ел болса ол кезде оқыған азаматтарға зәру. Ол келісімен жастар арасында жұмыс жүргізіп, Торғай бойынша талапты жігіттердің  басын біріктірген алғашқы бастауыш комсомол ұясын құрады. Осы кезде қалада сауаты ашылған салауатты азаматтың төңірегіне № 5 және № 8 ауылдың жастары топтасады. Бұл ұйымға барлығы 28 адам қабылданған. Оған Нақып Тынымбаев, Надрия Төленов, Бапаш Жамақов, Әбіл Нұрманов, Шаяхмет Әлмағамбетов, Кенжебай Жалмағамбетов, Мұқат, Мырғали Нұрмағамбетовтер, Молдағали Хасенов, Ескендір Аяпбергенов пен басқа да азаматтар мүше болған. Осы жастар елді-мекен, қонысты жерлерде бірқатар саяси жұмыстар жүргізіп, серіктіктер 1934 – 1936 жылдары колхозға бірікті. Қали Жалмағамбетұлы «Кеңтүбек», «Кеңарал», «Жас тілек» колхоздарында қызмет атқарған. 1938 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық  ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, күміс белгімен наградталған. 1939 жылы КСРО Жоғары Кеңесіне сайлау кезінде ол аталған елді-мекендерде өткен сайлау комиссиясының төрағасы болып қызмет етті. Осы жерлерде сайлау өткізген.

    1939 жылы қызмет бабымен Мойылды, Дәмді колхоздарына барып, 1942 жылға дейін сол жерлерде жұмыс істеді.  Сол кезде ол 15 колхозды аралаған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, хат-хабарсыз кеткен.

    Қ.Жалмағамбетұлы жеті ағайынды кісінің бесіншісі болған дедік. Жалмағамбет әулетінен Сералы, Ералы, Оспан, Қали, Кенжебай және үйдің үлкені Кенжалыдан туған Омар атамыз майданға аттанған. Бір үйден соғысқа барған алты азаматтың үшеуі елге оралған. Қали соғысқа кеткенде үйде әйелі Зықыш, балалары Шалабай, Дәмді мен Тамара қалған.  Соңғы екеуі жас қайтты. Ал Шалабай Қалиұлынан сегіз бала тараған. Олар – Мәлике, Жаңбыршы, Тиыштық, Кәдірбай, Қонысбек, Жалғасбек, Гүлмира, Бақытбек.

    Оның немере інісі Кенжебай Жалмағамбетұлының комсомол ұйымына мүше болғанын айттық.  Атамыз кезінде әкем Жұмабек Омарұлы Кенжалинге айтқан әңгімесінде:

    –Мен 1934 жылы комсомолға қабылдандым. Біздің ұйым «Кеңтүбектегі» қызыл үйдегі клуб пен конторда болды. Қали ағам өз ісіне аса жауаптылықпен қарайтын. Ол күн-түн демей, 15 колхозды аралап, тыңбай жұмыс істейтін. Оның негізгі мамандығы мал дәрігері болды. Жасынан малды ауылда өскен оның өмір тәжірибесі мен мал дәрігерлік техникумда оқығандығы білімін ұштап, мамандығына деген құштарлығын арттыра түсті. Ол емдеген мал тез айығып, қатарға қосылатын. Қали ағамыз өз жұмысын жан-тәнімен беріліп істейтін. Сөйтіп, ол комсомол жұмысы мен өз мамандығын қатар алып жүрді. Жас жігіт ел арасында үлкен бедел, сый, құрметке ие болды. Осы еңбегі бағаланып, ол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық  ауыл шаруашылығы көрмесіне жіберілген, – деген еді Кенжебай Жалмағамбетұлы атамыз.

    P.S. Торғай даласында алғашқы комсомол ұясын құрып, одан талай жігерлі, талантты жастардың қанатын қақтырып, ұшырған Қали Жалмағамбетұлы туралы қысқаша мәлімет осы. Бұл кісі туралы кезінде әкем, қоғам қайраткері Жұмабек Омарұлы Кенжалин баспасөз беттеріне жазған болатын. Ал осы мәліметтерді мен әкемнің өз ауылында, бұрынғы Торғай облысы Арқалық ауданына қарасты Қайыңды қой совхозында көзкөрген кісілермен кездесіп, жазып алған деректерінен алдым. Әкем оны 1970 жылдары жазып алыпты. Қазір үйде сол қолжазбалар сақтаулы.

    Сол кезде әкем Қали Жалмағамбетұлының өлеңдерін де жазып алған еді. Осы өлеңдерді ол 40 жылдан астам уақыт сақтап келген.

    Қаншайымға

     

    Хат жазыпсың, қалқам менің Қаншайым,

    Жатсам – тұрсам  сендерді көп ойлаймын

    Қайырлы етсін  бұл нәубеттің ақырын

    Жәрдем берсін Жаратушы Құдайым,

     

    Қайғырмаңдар қапаланып қарағым,

    Көпке бірдей бұл жұмыстар шырағым,

    Аман болсаң бізде  елге барамыз

    Гүл жапырақ көлден шыққан құрағым.

     

    Амандықта хатқа салып тұрыңдар,

    Уайым мен  қапалықты жойыңдар,

    Мен аралап елді аман  келгенше

    Жақсы жайлы  амандықпен тұрыңдар.

     

    *                             *                      *

    Жексенбі  күн үйден хатты  алғанмын

    Амандықты оқып естіп  қанғанмын

    Жаңа білдім  гүл жапырақ сендерді

    Сүйенімсіз жылауменен қалғанын.

     

    Келген хатты жазған кім, – деп оқыдым,

    Оқыған соң шіркін көңілім толқыдым,

     

    Анама

    Хат жазамын анама,

    Тілегің қабыл бола ма?

    Қалидай балаң жаралы

    Көруге Алла жаза ма?

     

    Таршылықта жазғаным,

    Есімнен  танып қалғаным.

    Осы хаттан білерсің

    Балаңның сырқат болғанын.

     

    Өсірген туған анама

    Уайымдап жылама

    Мұндайда заман кез болды

    Қартайған әже шағында.

     

    Көргенше, әже,  аман бол!

    Оңғарып Алла болса жол

    Олай бұлай боп кетсем

    Туғанда ана риза бол!

     

    Көз жасы ақыл – айла  бір Құдайым,

    Ауырлық басқа түссе  жүрген сайын

     

    Қайғылы осы күні менің елім

    Сайрандап  қызмет етіп жүрген жерім

    Баласы Ақназардың сен де есен бол,

    Тумасақ та туғандай болған елім.

     

    Келген хатты  жазған  кім, – деп оқыдым,

    Оқыған соң шіркін көңілім толқыдым

    Сонда білдім  гүл жапырақ сендерді

    Жас балапан ұясында қалғанын.

     

    *                             *                      *

     

    Жасыма 28 биыл келдім

    Сайрандап қызмет етіп жүрген жерім

    Төрт жылдай туыстардан бөлек жүріп

    Қоштасып мен кетпедім туған жерім

     

    Бет алып армияға кетіп барам,

    Жылайды уайымдап қатын, балам

    Төрт жылдай туыстардан бөлек жүріп

    Қоштасып мен кетпедім қайран анам!

     

    Қалғасын кісі елінде ойға қалам,

    Ілгері ұзамайды басқан қадам

    Шаланның «көке» деген дауыстары

    Кетпейді ұзағынан құлағымнан.

     

    Сарыторғай  хош-есен бол өскен жерім,

    Кір жуып кіндігімді кескен жерім,

    Сапарға екіталай кетіп барам

    Көрем бе, көрмеймін бе қайран елім.

     

    Артымда ағайлар бар жинап алар,

    Таршылық уақытта туыс та бар,

    Ағайлар есен аман үйде болса,

    Қолға алып семьяны бағып қағар.

     

    Поезға мініп алды өңкей жастар,

    Кішіні үлкен аға кәрі жастар,

    Жігіттер  ел мен жерге амандасып

    Бұршақтай тиылады көзден жастар!

     

    Поезға  әкеп бәрімізді мінгізді,

    Кемісі жоқ бәрін дағы жүргізді.

    Зар жылаған дауысынан халықтың

    Бір уақытта жер мен көкке  күңіренді.

     

    Комиссия Семизордан қарады,

    Кемісі жоқ бәрі-дағы жарады

    15 июнь күні апарып

    Капитандар қатар қойып санады.

     

    Дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН

    (Қали Жалмағамбетұлының фотосуреті)

    (Қали Жалмағамбетұлының төлқұжаты)

    (Ветфельдшер Қали Жалмағамбетұлы бастаған топтың актісі)

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *