Қазақстандағы волейболдың қалыптасу ошағы неден басталғаны туралы сөз еткенде осы бір теңдессіз текті спорт өнерін елімізде негізін қалаған, аты әйгілі волейбол шебері, сонау 1970-1971 жылдары Алматынының «Буревестник» командасының құрамында екі дүркін Еуропа чемпионы атанып, 1969 жылы КСРО біріншілігінің жеңімпазы болған Октябрь Жарлығаповты міндетті турде еске аламыз. Еске ала отырып, дарынды жанның салып кеткен сара жолы мен тактикалық ойын моделін бүгінгі күні кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген жастарымызға сабақ ретінде үйретіп жатса артық болмас па еді деген ойдың қамауында қаламыз.
Қазақ спорт тарихында әрбір спортты жекелей алып қарасақ, саңлақ ағаларымыздың салып кеткен сара жолдарын көреміз. Мысалы, жеңіл атлетикада — Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов, күресте — Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Амангелді Габсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов, бокста — Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов пен Серік Қонақбаевтар, көгалдағы хоккейде — Қазбек Байболов, футболда -Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев пен Сейілда Байшақовтар, суға жүзуде — Бақи Елғондиев пен волейболда — Октябрь Жарлығапов, Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаев, баскетболда — Әлжан Жармұхамедовтің есімдеріне айрықша тоқталып, мақтанышпен айтамыз. Әрбір спортты жан тәнімен жақсы көріп, барыңды бере білсең, қайтарымы да игілікті болары сөзсіз. Аттары аталған ардагерлеріміз өздері өмірінің мәні деп таңдап алған спорттарына бар ғұмырларын арнап, жемісін көре білген айшықты тұлғалар. Сондықтан да жас буынға алдыңғы толқынды ағаларының айбынды жолдарынан үлгі алса деп тілейміз.
Бүгінгі әңгімеміз, волейболдан Қазақстан спорт тарихында аты алтын әріппен жазылып қалған, 1970-1971 жылдары Алматынының «Буревестник» командасының құрамында екі дүркін Еуропа чемпионы атанып, 1969 жылы КСРО чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алған, дарынды спортшы, білікті бапкер Октябрь Жарлығапов туралы болмақ.
Еліміздің атын әлемге танытқан аса дарын иесін айтпас бұрын жалпы, волейбол спортының тарихын парақтай кетсек.
Бұл ойынды ағылшындар «қол добы» деп ойлап шығарғанда осыншалықты әлемге таралып кететін спорт түрі болатынын ойлаған жоқ шығар.
Бүгінгі таңда волейболдан Олимпиада, Еуропа, Азия чемпионаттары, халықаралық жарыстармен қатар әр елде ішкі біріншіліктер дәстүрлі түрді өткізіліп келеді. Бұл спорт түрін жас та кәрі де ойнайтын болғандықтан жер шарына кең таралған спорт түріне айналғаны анық.
Қазақстанда волейбол ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында асқан қарқынмен дамып, қол добы ойынының алтын кезеңнің бірі болғанын тарихтан білеміз.
Сонау 1929 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Алматы мен Фрунзе (Қырғыз КСР) қалаларының командалары арасында волейболдан кездесу өтті.
Сол жылы Алматы малдәрігерлік иниституты құрылады. Айтулы білім шаңырағына дәл сол кезде аты әйгілі волейбол тарланы, Қазақстандағы кәсіби волейболдың негізін қалаушы Октябрь Жарлығапов оқуға түседі.
Октябрь Жарлығаповты сөз еткенде Қазақстан волейболының қалыптасу кезеңі мен «Буревестник» командасының тарихи жеңістерін еріксіз еске аламыз. Октябрь Жарлығаповтың талантты ойыншы ғана емес, бапкерлік білікті қырларын көре білген қырағы көз ресейлік мамандар «Одақтың жастар құрамасының бас бапкері болыңыз», — деп шақырғанда:
- Рахмет көңілдеріңізге, мен өз елімде, өз бауырларымның қасында боламын. Бар қабілетім мен күш-жігерімді қазақтың намысы үшін жұмсауым керек, — деп жауап берген екен.
Міне, нағыз патриот спортшының туған еліне, жеріне деген сүйіспешілігін түйіндеп айтқан бір ауыз сөзінен білеміз. Алаш жұрты Октябрь Жарлығапов секілді біртуар спортшылардан кем болған емес қой. Солардың бірі және бірегейі Әлжан Жармұхамедов. Әлжан атамыз да баскетболдан Олимпиада асуын бағындырған жан. 1944 жылы ОҚО Бостандық ауданында дүниеге келген талантты спорт шебері, 1972 жылы КСРО құрама командасының сапында Мюнхен Олимпиадасында алтын жүлдеге ие болған.
Ал, Октябрь Жарлығаповтың тәрбиелеген төл шәкірті, қазақтың тағы бір арда туған асыл ұлдарының бірі Жәнібек Сауранбаев 1965 жылы КСРО құрамысының сапында әлем кубогының иегері атанса, 1966 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алады. Сонымен қатар талантты жан 1967 жылы Еуропа чемпионы болып танылады. Жәнібек Сауранбаев әлемнің сайыпқыран саңлақ волейболшыларымен иық тірестіріп, Кеңес Одағы құрамасының ең үздік ойыншыларының қатарынан орын алған қазақ жігіті. Дегенмен де, сол кездегі кеңес үкіметінің солақай саясатының салдары дарабоз спорт саңлағын айналып өтпей кетпеді. Жәнібек Сауранбаев Кеңес Одағы құрамасының сапында суырылып алды тұрса да, қазақ болғаны үшін Олимпиада ойындарынан қызыл империяның шовинистік шешімдерімен шеттетіліп отырады. Ал, Октябрьдей тау тұлғалы жанның тағы бір шәкірттері Заңғар Жәркешев пен Марат Мәденов «Буревестник» командасымен КСРО халықтары спартакидасының қола жүлдесіне қол жеткізіп, 1968 жылы Одақ чемпионатының күміс медаліне ие болады. Осылайша, Октябрь негізін қалаған, қатарында қаракөз қазақ жастары бар команда 1969 жылы КСРО чемпионатында топжарып, тұңғыш рет жеңістің алтын тұғырына көтеріледі. Команда құрамының басым бөлігін қазақтандырып қана қоймай, осындай ауыз толтырып айтарлықтай тарихи биікке жеткізе білген Октябрь Қадырбайұлының басты арманы да осы еді.
Еліміздің волейболдағы жарқын жетістігін сөз еткенде Октябрьдей тұлғалы жанның бапкерлік мектебінен шыққандардың бірі Вячеслав Шапранға да тоқтала кетуге болады. Кезінде аты аңызға айналған жұлдызды «Буревестник» командасының белді ойыншысы атанған Шапран, КСРО бойынша халықаралық спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт қайраткері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО чемпионы, екі дүркін Еуропа кубогының иегері атанып, бірталай таланттарды тәрбиелеген білікті бапкер, кәнігі маман.
Октябрьдің тағы бір талантты шәкірті Нелли Щербакова АДК командасын КСРО чемпионы атағына жеткізсе, Махмұтов пен Щербакованың шәкірттері – АДК-ның ойыншылары Елена Чебукина мен Ольга Кривошеева 1988 жылы КСРО құрамында Сеул Олимпидасының чемпионы атанды.
Бірнеше жылдар бойы КСРО бойынша жоғары құрама командада өнер көрсеткен, Әлем кубогының иегері атанған Октябрь Жарылғапов пен Жәнібек Сауранбаев сол бір жылдары еліміздегі ең үздік жаттықтырушы болып танылып, ел спортының тарихында алтын әріптермен аттары жазылып қалды.
Сонымен қатар Қазақстандағы волейбол тарихының беттерін парақтап отырғанда 1965 — 66 жылдары Октябрь Жарылғапов пен Олег Антроповтың қол астынан шыққан шәкірттері әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алса, 1967 жылы Еуропа чемпионы атағына ие болғанын көреміз.
Сонымен бірге 1970-1971 жылдары Алматының «Буревестнигі» екі рет қатарынан Еуропа чемпионатының кубогын жеңіп алады. Біз Октябрь Жарлығаповтың жемісті жолы мен жұлдызды шәкірттерінің есімдерін айта отырып, сол жылдары қазақ волейболының КСРО аймағында теңдесіз шебер ойындарымен көшбасшы болғынына көз жеткіземіз.
Алла берген талантты, табанды еңбекқорлығының арқасында өз игілігіне ұтымды жарата білген Октябрь Қадырбайұлы бар жоғы 17-18 жылдың айналасында қазақ волейболын адам айтса сенгісіз шырқау биікке шығарған.
Ұшпа доптың ұшқыры Октябрьдей қазақтың бағына туған жанның қазақ волейболының дамуына қосқан үлесі шексіз болды.
«Топырағына түспеген дән өнбейді», — дейді бабамыз. Ал, Октябрь Қадырбайұлы болса, волейбол спортында қазақтың болашағы үшін сепкен дәнін топырағына жеткізе білген дара тұлға десек болғандай.
Дана Абай: «Өткірдің жүзі кестенің бізі,
өрнеген сендей сала алмас», — деген болса, Октябрь атамыздың ойын алаңындағы талантты өнерін, ұлы Абай теңеген теңеулерге түгелдей сай келетінін айтса артық болмас. Тума таланттың бойында тұнып тұрған дарын, сын сағаттарында арнасынан асып аққан тау суындай тасып ағатындай еді. Дарабоз спортшының кезінде ойын алаңына арыстандай атылып шығып, жолбарыстай әбжіл қимылға салып, түлкі бұлаңмен көрсеткен аламан өнеріне таңдай қағып тамсанбаған жан болмапты. Сол бір дүбірлі кездесулерді көзімен көрген көнекөз жандар күні бүгінге дейін сағынышпен еске алады. Ол кісінің ықпалымен іргесін қалап кеткен волейбол мектебінен қаншама шәкірттердің қанаттары қатайып, өз биігіне ұша білді. Шәкіртерінің ізбасарлары да бүгінде өз алдына таланттар тобын тәрбиелеп бейне бір ұстахана іспеттес дарынды жастардың қатарын көптеп шығарып келеді. Ұрпақтар жалғасы деген осы болар.
Қазақ жерінде 1955-1972 жылдардағыдай волейбол ойыны секілді бірде-бір спорт түрі бұқаралық сипат алып, биік деңгейге көтерілмеген екен.
Тіпті, елге танымал қоғам, өнер, мәдениет, әдебиет салаларының марқасқалары да осы спорт түрімен айналысып, осы күнге дейін волейболды салауатты өмір салтына айналдырып келеді.
Олардың арасында әйгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменов, Нұртай Әбіқаев пен Амангелді Шабдарбаев секілді ел ағаларының қатары қалың. Аттары аталған ағаларымыздың бозбала шақтарында Октябрь Жарлығаповтың ықпалымен волейбол ойнағанын біреу білсе, біреу білмес. Сол елімізге белгілі үш азамат әйгілі волейбол маманы Жарылғаповтың төл шәкірттері болып саналады. Әлемнің азаматы деңгейіне көтеріліп, арғымақ шабысты жырларымен миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулап, қайраткерлігімен ерекшеленген заманымыздың заңғар тұлғасы Олжас Омарұлы Сүлейменов атамыз да спорттан да құр алақан емес. Әсіресе, волейбол десе ішкен асын жерге қояды. Қазірдің өзінде уақыт тауып спорт залға бас сұғып қана қоймай, халықаралық ардагерлер арасында өтетін тартысты жарыстарда әжептеуір ойын көрсетіп жүргенін көзіміз көрді.
Ұлы Отан соғысына дейінгі, кейінгі жылдары волейбол аулалық спорт түрі болып келгені рас. Содан кейін әр жыл сайын бұл спорт түрі қарқын алып кеңінен дами бастады. Алматы сол кезеңдері волейболға құмар халықтың қайнаған ошағы болды. Стадиондарға мыңдаған адамдардың қарасы толып, спорт залдарда нағыз шеберлердің ойындарын тамашалауға көз тіккен халықта есеп болмаған. Тартысқа тола ойындарды көре отырып, волейболға деген халықтың сүйіспеншілігі одан әрмен арта түсті. Бүгінде еліміз егемендік алғалы бері волейбол сол баяғы қырлы да қызықты ойын түрі болып дамып келеді. Денсаулық пен салауатты өмір салтының жаршысының бірі ретінде волейболға деген қызғушылық өз қызығын жоғалтқан емес. Волейбол — спорттың текті бір түрі деуге келетін сияқты. Бүгінде елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионаттарымен бірге ардагерлер волейболы құрылып, жасы 60-70-ті алқымдағын ағаларымыз ала допты әуеде ұршықша иіріп, денсаулықтарын жақсартуда.
Сонымен қатар елімізде волейболдың әуесқой түрінен бөлек кәсіби деңгейдегі қал-ахуалы онша көңіл қуантарлық жағдайда болмай тұр. Мысалы, Ұлттық команда құрамының жасара түскенінің себебінен бе әлде білікті волейбол мамандарының жетіспеушілігінен бе әйтеуір еліміздің бас командасы соңғы кездері сүреңсіз ойындар көрсетіп жүр. Еліміздегі волейбол клубтары жайлы әңгіме бір төбе.
Осындай сәттерді Октябрь, Жәнібек, Заңғар сынды асқар таудай алып ағаларымыздың даңғыл жолдарын еріксіз еске алуға тура келеді. Біздің волейболда қазір көшбастайтын аттары аталған ағаларымыз секілді намысы биік, шебер ойыншылар жоқтың қасы. Тұлғалар арқылы тәрбие жұмысы да жемісін бермей тұрған секілді. Ендеше, Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған жандардың осы олқылықтардың орнын толтыру үшін белсене іске көшпесе осы бір текті спорт түрі тығырыққа тірелуі әбден мүмкін.
Назым Хикметтің «Егерде сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап», -деген сияқты қанатты сөздерді еске ала отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс жасау керек. Ойын алаңында от болып лапылдаған патриот, шебер ойыншылардың ойынын көруге ынтық жанкүйер әзірге тартысты кездесулердің тамашасын көре алмай келеді. Сондықтан болар додалы ойындарды тамашалауға баратын халықтың қарасы сиреп бара жатқан сияқты. Көпшілікті волейбол алаңдарына тарту үшін алда тұрған қадау-қадау мәселелерді қалай шешудің жолын қарастыратын кез жетті.
Ол үшін мамандардың Октярбь ағамыз салып кеткен сара жолдан сабақ алып, бүгінгі күні «ескінің көзі, жібектің бөзі» болып арамызда жүрген алдыңғы толқынды ардагер ағаларымыздың тәжірбиесіне жүгінсе нұр үстіне нұр болар еді.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ