Аргентиналық футболшы Диего Марадонаның 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатының ширек финалында Англия құрамасының қақпасына қолмен гол салған добы аукционға түсті.
Бұл доп осымен екінші рет аукционға қойылды.
Goldin аукционына қатысушылар допты 1,7 млн долларға сатып алғысы келген. Бірақ бұл сол матчтың төрешісі Әли Бин Нассердің сұраған бағасына жетпеді. Былтыр қараша айында өткен аукционда допты 2,4 млн долларға сатып алғысы келгендер болған. Алайда бұл сома да доптың алғашқы бағасынан 602 мың долларға аз шықты.
Еске сала кетсек, 1986 жылы 22 маусымда Мексикада өткен әлем чемпионатының ширек финалда ағылшындар құрамасының қақпасына екінші голды атақты аргентиналық футболшы Диего Армандо Марадона қолмен салған еді. Ол сол матчтан кейін баспасөз конференциясында: «Бұл -менің қолым емес, бұл — Құдайдың қолы», — деген болатын.
Осы матчта Аргентина құрамасы Англия командасын 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда Бельгия жасағын 2:0 есебімен ұтып, финалда Германиядан 3:2 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА