• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Сегіз қырлы, бір сырлы жан

    «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деген екен хакім Абай. Қай бір саланы алып қарасақ та ұстаздың орны ерек. Ұстазсыз биік бір мақсатқа жету мүмкін емес. Ұстаз шәкіртінің арманына арман, қиялына қанат бітіріп мақсатына жету жолында жанын аямайтын аяулы жан.

    Ұстаздық мінез — құлық нормасы мынадай болуға тиіс ол тым қатал да болмауға тиіс,тым ырыққа да жығыла бермеу керекү Өйткені, тым қаталдық шәкіртті өзіне қарсы қояды. Ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді. Оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені, бұлар жұрт айтқандай, тамшымысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді, — деген екен Әл-Фараби бабамыз.

    Сонымен қатар ұстаз туралы сөз еткенді күні бойы спорт залда шәкірттерімен бірге шүмектеп тер төгіп жүрген бапкерлерге де қатыстыра айтуға толық негіз бар.

    «Бір адам қазған құдықтан, мың адам су ішеді» –деген қанатты бір сөзді арқау ете отырып, қаншама таланттарды тасадан сурып алып, халыққа танытқан білгір де білімді, көзі қырағы бапкерлер туралы қанша айтса да жарасады. Өйткені, таланттар аспаннан түсе қалмайды, оларда қасында күн ұзақ жаттығыуын жасатып, білген тәржібиесін бойына құйып тынымсыз, табанды еңбек етіп жүрген бапкерлердің жұмысының жемісі.

    Бүгінгі әңгіме желісін осындай бар ғұмырын спортқа яғни, күреске арнаған ардақты ұстаз, ұлағатты бапкер, қадірлі жан, аймақтағы спорттың дамуына зор үлесін қосқан ҚР спорт ардагері, қазақ күресі мен грек-рим күресінің спорт шебері Аманбек Фазылұлы Саматов туралы айтқымыз келеді.

    ҚР спорт ардагері Аманбек Фазылұлы Саматов 1949 жылы қазіргі Абай облысының Аягөз ауданындағы Сергеополь ауылында дүниеге келген. Бала кезінен бастап спортқа құмарлығы жоғары талапты бала алдыңғы толқын ағаларының күреске деген қызығушылығын байқап, солар секілді күресті таңдайды. Алдымен үлкен ағасы Аманжолдың күреске деген ептілігін, әдіс- айласының жоғары екенін байқап күреске үйретуін өтінеді.

    «Талапты ерге нұр жауар», демекші, құмарлықпен келген ұзақ жаттығудың арқасында алдымен аудан, облыс, республика жарыстарына қатысып, чемпион атанып үлкен нәтиже көрсете бастайды.

    Әу-демейтін қазақ жоқ қой. Бала кезінен спортты ғана емес, музыканы да жаны сүйген Аманбек ағамыз мектепте оқып жүріп ән салып, халықтың рахметіне бөлене бастайды. Әншілік қырының да пайда болуы жайден-жай емес екені белгілі. Ол үшін баланың тегінден бір әнші-жыршы болуы міндетті десек болар. Ал, Аманбек ағаның әкесі Фазыл қазақтың байырғы Еңілік-Кебек, Қыз Жібек сынды хиссаларын өзінше бір мақаммен  айтып беріп көптің алғысын алып отырады екен. Міне, содан болар әнге, өнерге құмар болуы. Бесінші сыныпта оқып жүргенде ауылға ән сабағына Құсбек Ақуов деген домбыраның құлағында ойнайтын ән пәнінің мұғалімі келіп, домбырадан оркестр құрып халық алдына өнерлерін көрсете бастайды.

    «Жалындап жанғанның жарық берері анық»,  –демекші, құмарылықпен келген бұл өнерді де сәтті игеріп алған ағамыз домбырасын қолға алып оркестермен Алматыға дейін келіп өнерлерін көрсеткен екен. Кейін келе гитара, баян секілді аспаптарды үйреніп алып, ауылдағы ән құмар жастармен ел ішін әнге бөлеген. Сегізінші сынып оқып жүргенде Алматыдан Әзиздолла Есқалиев деген бір өнер иесі Алматыдан ауылдарына келіп жас домбырашы Аманбектің шерткен күйіне  тәнті болып қалаға Чайковский атындағы музыкалық училищеге шақырады. Бірақ, оған баруға мүмкіндік болғанымен түрлі себептермен бармай қалған екен. Есесіне өзінің сүйікті спорты күреске түпкілікті қолға алып, жасы 61 келгенше күрес, футбол, волейбол спорт түрлерімен белсене айналысып шәкірт тәрбиелеген.

    Аманбек Фазылұлы орта мектепті аяқтағаннан кейін әскер қатарына  шақырылып, замандастарымен бірге борышын өтеуге аттанады. Сонау 1972 жылы Камчаткаға әскер бөлімшеге түсіп сол жерде Кеңес Одағына әйгілі режиссер, актер Никита Михалковпен бірге Отан алдындағы борышын атқарған екен.

    Михалковпен танысы да қызық болыпты. Спорт пен өнерді қоса алып жүрген талантты жігіт әскерде де жанына жақын спортты тастамайды. Әскери бөлімшедегі спорт клубқа алынған қазақтың қара батыры сол жерде күрестен жақсы жетістіктерді көрсете бастайды. Бірде спорт залда ағамызға жақын келіп өнері тәнті болған аты әйгілі Михалков танысуға ықтияр білдірген екен. Аманбек ағамыздың айтуынша, Михалковтың бойы 1м 90 см болғандықтан оны баскетбол ойнайды деп спорт клубқа алып келіпті. Екеуі де екі әскери бөлімшеде болса да оларды біріктіріп таныстырған спорт болса керек. Екеуі кейін де хат алысып тұрса керек. Талантты адам қай жерде болса тесіп шығары белгілі ғой. Әскерде жүргенде бүкіл Тынық мұхиты бойынша әскерилер арасында өткен Владивостоктың біріншілігіне қатысып, екінші жүлделі орынды жеңіп алады. Дарынды жас қазақ балуанның өнеріне тәнті болған әскери спорттың басшылары Аманбек ағамызды КСРО Қарулы күштері құрамасының қатарына алады. Ригада өткен КСРО Қарулы күштері арасында өткен аламан жекпе-жекте жүлделі үшінші орынды иеленген екен. Осылайша, әскер қатарында жүргенде де тамаша жетістіктерге жеткен Аманбек ағамыздың өмір жолындағы қалдырған іздері толымды табыстармен көмкерілген.

    1967-1971 жылдары Алматы қаласында Дене шынықтыру институтының күрес бөлімін оқуға түсіп жақсымен оқып бітіреді. Инситутта оқып жүргенде Қазақстанның біріншілігіне қатысып жақсы өнер көрсетеді. Нұркен Әбдіровтің атында Бүкілодақтық турнирде классикалық күрестен бесінші орынға жетсе, жастар арасында еліміздің чемпонатында қола жүлдеге ие болады.

    Жоғары оқуын тәмамдаған соң, алған білімін ауыл өтінде жүрген таланттарды тәрбиелеуге арнаулы жөн көріп, туып-өскен жері сол кездегі Семей облысының Аягөз ауданындағы Сергеополь орта мектебінде 1979 жылға дейін дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінен ұстаздық етіп, еңбек жолын бастайды. Мектепте спорт сабағынан дәріс бере жүріп, грек-рим және қазақша күресінен өтетін облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жақсы орындардан көрінеді. Кейінірек қазақ күресіне ауысып кетіп, спорт шеберін орындайды. Семей облысының бірнеше дүркін чемпионы болса, Қажымұқан атындағы республикалық жарыста топ жарып, бас жүлдені жеңіп алады. Сонымен қатар, Аманбек Фазылұлының Қазақстанның біріншілігінде үздік үштікке кіргенін айтпай кету мүмкін болмас.

    «Жігітке жеті өнерде аз», — демекші, гитара, домбыра түрлі секілді музыкалық аспаптарды  төгілте ойнағанда, тыңдаушысының құрмарын тарқататыны тағы бір ерекше қасиеті бойында бар еді. Сол жылдары Аманбек Фазылұлы Сергеопольде құрылған ансамбльде домбырашы болып, талай облыстық байқауларда топ жарады. Дегенмен жанына жақын күрес түрін ешқашан ұмыт қалдыруды дұрыс санамаған. Аманбек Фазылұлы 1987 жылы Есік қаласына қоныс аударып, спорт мектебінде күрестен жаттықтырушы болып кіреді. Сосын Спорт және туризм бөлімінің басшысы, Есік қаласы әкімінің міндетін атқарушы, Көктөбе ауылдық округінің әкімі болып көп жылдық өмірдегі мол тәжірбиесін ел игілігіне арнайды. Ардақты балуанның қолынан жаттығып, бала бүркіттей шыңдалып ұшып шыққан  көптеген бел  шәкірттері үлкен жетістікреге жетіп, ұстазының мерейін асқақтатқан. Аманбек ағамыздың тағы бір қыры ол әділ төреші болып көптеген дүбірлі жарыстарды қазылық етуі болып саналады.

    Аудандық спорт бөлімінде қызмет істеп жүрген шағында Аманбек Фазылұлы ұлттық спорт түрлерін дамытуға орасан еңбек сіңірген. Сол жылдары ұлттық спортымыз қарқынды дамып, ауданның шашасына шаң жұқпас жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі орындарды ілініп елдің мақтанышына айналады. Айталық, 1990 жылдың басында ат спорты дұрыс жолға қойылып, ұлттық ат спорты ерекше бір қарқынмен дамыған екен. Сол кездегі аудан басшысы С.Абдиевтің қолдауымен аудандық атбегілер Саймасай елді мекенінен ағайынды Бадрудин, Лема Исаевтар, Қырбалтабай өңірінен Бекет Құмарбеков, Қарасай кеңшарынан Гриша Заридзе мен басқа да ат спортын дамытуға көп үлестерін қосыпты. Соның арқасында Бадрудин Исаевтың аты «Мангуст» Шымкент қаласында өткен республика біріншілігінде аламан бәйгесінде бірінші болып, ауданда  автокөлікке ие болады. Лема Исаевтың «Тибет» есімді тұлпары Талдықорған өңірінде өткен А.Алдабергеновтың 90 жылдығында топ жарып, «Тойота» автокөлігін ұтып алған екен. Сол жылдары ұлттық спорттың, соның ішінде ат спортының аудан бойынша кеңінен құлаш жаюына Аманбек Фазылұлының қосқан үлесі зор екенін халық күні бүгінге дейін айтып келеді. Саламатты өмір салтына бар ғұмырын арнаған ел ағасы бүгінде 73 жаста, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін жетектеп қызығына тоймай жүрген ардақты ақсақал.

    Биыл көктемде жарым Калима Байшашевамен шаңырақ көтергеніме 50 жыл толды. Ол кісі ұзақ жылдар түрлі мемлекеттік мекемелерде бухгалтер болып қызмет етті. Отбасымыздағы берекенің ұйытқысы бола білді. Құдайға шүкір, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлдарым Телжан мен Асқар Алматыдағы Спорт және туризм академиясын бітірген. Кезінде олар Олимпиадаға жасақталған құрам қатарында жаттықты. Бүгінде спорт шебері, ал екіншісі спорт шеберіне үміткер. Немерелерім де біздің жолымызды жалғастырып келеді. Үш немерем Жетісу облысындағы арнайы спорт интернатында тәлім алып жатыр. Түрлі республикалық және облыстық жарыстарда жүлде алып жүр. Қазір олар грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер атанып үлгерді. Осылайша біздің әулет өздерінің күрестегі сара жолын жалғап келеді, – дейді спорт ардагері.

    Отбасы үшін ең негізгі құндылықтар халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, яғни үлкенге құрмет, кішіге ізет, бір-бірімен сыйластықта, ауызбіршілікте болу екені анық. Отағасының өмірі туралы сөз еткенді, қасында 50 жыл бірге тұрып бір жүрген жан жары, отанасы Қалима апайдан артық ешкім білмес сірә.

    Бала тәрбиесінде бірінші орында тәртіп болу керек деп есептейміз. Осыған қатысты әр отбасының белгілі бір қағидалары бар ғой. Біздіңше, тәрбие ошақ қасынан басталады. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бала отбасында нені көрсе, соны бойына сіңіріп өседі. Бала қандай істі бастаса да, аяғына дейін жеткізуі керек. Әрқашан қарапайым әрі кішіпейіл болуға, қиындықтан қорықпауға, өтірік айтпауға баулимыз. Болашақта адал азамат болып шығуына осы қасиеттері ықпал етеді. Аманбектің адамгершілігі, қарапайымдылығы, парасат-пайымы, мейірімге толы мінезі, жанашырлығы тағысын тағы айырықша қасиеттерін айтып тауысы алмаймын, ең бастысы отбасының берік тұтқасы әрі тірегі деп санаймын, — дейді отанасы Калима Байшашева.

    Аймақтағы спорттың дамуына барынша үлесін қосқан ардақты ағамызға қанша мақтау сөз айтсақ та жетеді. Десек те, «Жақсы мұраптың соңынан су ереді, жаман мұраптың соңынан сөз ереді»- демекші, ардагер балуанның атында жыл сайын дәстүрлі жарыс өткізіліп, қаншама бота балуандардың таланты ашыла түсіп келеді.

    Жасөпірімдер арасында ұйымдастырлып келген бұл турнир 2014 жылы тұсауы кесілген екен. Алғашында облыстық турнир ретінде тұсауын кескен аламан жекпе-жек кейін қанатын кеңге жайып, республикалық деңгейге көтерілді. Ал биыл аталмыш байрақты бәсеке халықарлық жарыс ретінде жалауын желбіретпек. Онда бақ сынап, жүлдеге іліккенбала балуандар спорт шеберіне үміткер атана алады. Грек-рим күресінен өткен биылға сынға республиканың көптеген аймақтары мен қатар, тәжікстан елінен де жас балуандар келіп қатысты. Айтулы жарыс Еңбекші қазақ ауданына қарасты Есік қаласында орналасқан №1 Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің шаңырығында болып өтті. Абай Қанатұлы Сырғабаев басқаратын бұл спорт мектебі айтулы жарыс қана емес көптеген дүбірлі додаларды респбликалық жоғары деңгейде өткізуге есігін айқара ашып, құшақ жая қарсы алатын құтты орын десек болады. Бұл жолы да Абай Қанатұлының көрегенділігінің арқасында өңір спортын дамытуға зор үлесін қосқан ардагерлер түгелдей шақырылған екен. Әрине, осындай аламан жарыстарда тер төккен ардагер ақсақалдар бір-бірін көріп сағына қауышып, өткенде еске алып шүйіркелесіп қалатын белгілі жайт. Сондықтан да бүгінгі жарысқа шақырғандарына қайта-қайта алғыстарын жаудырып бір жақсы көңіл күймен жасап қалды.

    Алдымен жарыстың салтанатты ашулуы болып өтті. Дәстүрлі бәсекенің ашылуына Есік қаласының әкімі, өңір спортына еңбегі сіңген ардагер спортшылар келіп қатысты. Құрметті қонақтар Аманбек Фазылұлынының атындағы дәстүрлі жарысқа келіп қатысып жатқан жасөспірім балуандарға сәттілік тілеп, турнир иесіне құрмет, қошемет көрсетті. Сосын белдесулер басталып кетті.

    Жарыс қортындысы бойынша 2008-2010 жылдары туған жасөпірімдер арасынан Самға Ермек, Жасұлан Балтабай, Руслан Илиясов, Әлихан Нұрдәулет, Нұрбақыт Абдухан, Мәди Тоқтарбай, Ерасыл Ахан, Медеу Қуатұлы сынды бота балуандар топ жарып  турнирдің жеңімпаздары атанды. Бұл жарыстан көптеген дарынды жастар шыңдалып өсіп шығып жатыр.

    «Тұлпардың сыны бәйгеде», — демекші, өз ауыл-аймақтарында толассыз жаттығып, шынығып жүрген таланттар осындай аламанда бас қосып, шеберліктерін байқайды. Сондықтан да бұл турнирдің болашақ жастарымыз үшін берері зор. Ал, Аманбек Фазылұлы ағамызға зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Ардагер спортшы әлі де жастарға ақыл-кеңесін айтып, көпжылдық қазыналы тәжірбиесімен бөлісіп отырар деген ойдамын. Өйткені, жастарды тұлғалар арқылы тәрбиелеудің маңызы ерекше.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    ФОТО:  Ерзат АСЫЛ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *