• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ұлттық ойын ұлықталды

    Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой дамытуға арналған ойыны. Демек, мал шаруашылығымен айналысқан еңбекші қауым әу бастан тоғызқұмалақты ермек еткен, ойлау мен есте сақтау қабілеттерін шыңдаған. Сондықтан да қара есепке жүйрік болған.

    Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болды. Соңғы деректерге қарағанда, тоғызқұмалақ сынды ойындар ертеректе арифметикалық есептер үшін пайдаланылып, кейін келе есептеу әдістері ұмытылғанға ұқсайды. Тоғызқұмалақ тақтасы тек 18 отаудан емес, 14, 10 отаудан да тұруы мүмкін. Мұнда тек ойынның басында бір ұяшық отауға 9-дан артық құмалақ салуға болмайтыны маңызды. Себебі, тоғыздан кейінгі он және одан үлкен сандарды тек ондық санау жүйесінде ғана белгілеуге болады. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғыз-құмалақ жақсы насихатталып жатыр.

    Мәселен, Қырғызстанда мектептерде тогуз-коргоолдан Олимпиада өтеді екен. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығуда. Сондай-ақ, көршілес Алтайда, Қарашай-Шеркесте, Сахада үйірмелер ашылып, Еуропаның бірнеше елдерінде тоғызқұмалақ ойналып жатыр деген дерек бар.

    Қазір әлемде тоғызқұмалаққа ұқсаc мысырлық калах, Моңғолияда эсонкоргоол, Шри-Ланкада олиндакалия,африкалықтарда манкала, габата, абапа, намнам, бао, тамподуо, омвес, маработ, тұрақты америкалықтарда аджи-бото, варрироунд және роунд,азиялықтарда сунгка, паллангули, гонгкак сынды ойындар бар. Мәселен, Африкадағы Уганда елінің омвесо деген ұлттық ойыны бар. Оның тоғызқұмалақтан ерекшелігі отау саны көп (32 отау) те бірақ құмалақ саны аз (64 құмалақ). Осы ойынды угандалықтар әлемдік интеллектуалдық ойындардың қатарына кіргізіп, одан жыл сайын біресе Америкада, біресе Англияда Олимпиадалар өткізеді екен.

    Әр заманда да тоғызқұмалақты төріне қойып ойнаған озық ойлы бабаларымыз көп. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев, Шәкәрім қажы ойнаған тоғызқұмалақтың тақтасын Семей шаһарының мұражайынан талай рет көрдік. Ал, Абылай ханнан бастап Төле биге дейінгі талай елдің тұтқалары тоғызқұмалақты ұлттық ойын ретінде жоғары бағалаған. Тіпті, өз заманында тоғызқұмалақта «Бұқар жылаған» дейтін отау болған көрінеді. Бұдан шығатын қорытынды, Абылайханның кеңесшісі, азулы ақын Бұқар жыраудың да тоғызқұмалаққа бейжай қарамағандығының дәлелі.

    2020 жылы тоғызқұмалақ ойыны ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мұрасы қатарына енгізілді. Жуырда ғана, Алматы қаласында «Тоғызқұмалақ күні» аталып өтті. Тұңғыш Президенті паркінде 2000 оқушы тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша «Қазақстан рекордтар кітабының» рекордын орнату іс-шарасына қатысты. Кейбір оқушылар арнайы тапсырыспен тігілген, ою-өрнекпен көмкерілген киіз қапқа тоғызқұмалақты салып келіпті. Еріксіз назарымызды аударды, көзімізді қарықтырды, көңілімізді қызықтырып әкетті. «Бұл қап отыз мың теңге тұрады. Мектебіміз бізден ешнәрсе аямайды», – деді жеткіншек ұлдар. «Сыйлық берсең балаға бер» деген сөз ойға оралды. Шын көңілден айтқан жасөспірімдердің шынайы пейіліне риза болдық. Шағын кілемшелерін, төсеніштерін, көрпелерін ала келген Алматы қаласының 8 ауданының  215 мектептерінен келген оқушылар ойын үлгісін көрсете білді. Алаңқайда жерде жүрелеп немесе малдас құрып отырып тоғызқұмалаққа үңілген оқушылар нағыз қазақтың бейнесін сомдағандай әсер қалдырды. Бұл орайда оқушылардың ойындарын сырттай бақылап жүрген денешынықтыру пәнінің мұғалімдері Әділ Аманқұл мен Ермахан Сағидоллаев (А.Байтұрсынұлы атындағы №139 мектеп), Ғани Гайдарұлы (№115 мектеп), Түсіпхан Интин (№175 Жаңа Ғасыр гимназиясы),  Шәміл Тілеп, Қанат Парлау (№211 мектеп-гимназиясы), Ержан Кенжебаев (№26 мектеп), Ерсін Қанатұлы, Әлім Еркінұлы (№204 мектеп), Әмір Асанұлы (№44 мектеп-гимназиясы) және т.б. ұстаздармен әңгімелестік. Олардың жүзі жарқын, мерейлері үстем. Өйткені, әрқайсысы өз мектептерінен кем дегенде 10 оқушыны жарысқа қатыстырды. Сондай-ақ Алматы қаласының тоғызқұмалақ федерациясы атынан ұйымдастырушы Айдос Бабашевтің де пікірін тыңдадық. Ән шырқалып, күй шертілген парк іші ерекше қуанышты, жасампаздықты, ұлттың ұлылығын асқақтатып тұрғандай еді.

    Ойын аяқталған соң барлық қатысқан оқушыларға сертификаттар үлестірілді. Білім, мәдениет, спорт, туризм басқармаларынан келген өкілдер сөз сөйлеп, ежелгі ойынның келешегі туралы құнды пікірлер айтты. Мәселен, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Әкім Тұрсұн,  вице-президенті Әлімжан Болатбекұлы, Қазақстан рекордтар кітабының редакторы Қарлығаш Жаппар сөз сөйлеп, аз шығын келтіретін ұлттық ойынды жандандырудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.

     

    Нұрлан ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ 

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *