• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жаратқан, Жақсылықсыз да күрес жарыстары өте береді екен-ау…

    …ЖАҚСЫЛЫҚТЫ сағындым!  Бірде-бір ірі жарыстарда ЖАҚСЫЛЫҚСЫЗ жүрмеуші едім.  Соңғы Токио Олимпиадасына бара алмадым.  Ешкім жүр деген жоқ.  Бірақ онда барғанда да ЖАҚСЫЛЫҚ болмас еді… Ол қазақтың БІРТУАР ҰЛЫ, спортымыздың СИМВОЛЫ, менің ЖАН ДОСЫМның келмеске кеткеніне де екі жылдан асты…

    …Ханчжоудағы Азия ойындарында күрес басталды.

    Кеше грек-рим шеберлерінің бәсекесіне бардық. Бір жігітіміз финалда, үш жігітіміз қола жүлде жолында кілемге шықпақ еді.  Кереметтей күрес сарайына кірген бетте ЖАҚСЫЛЫҚҚА деген сағыныш кеудемді жарып кете жаздады.  Мұндай жарыста ЖАҚСЫЛЫҚсыз жүрмейтінмін!  Күресті ЖАҚСЫЛЫҚсыз көрмейтінмін!  Жеңімпаз бен жеңілген спортшы жайлы ЖАҚСЫЛЫҚтан сұрамай сенбейтінмін!  Жарыстарда ЖАҚСЫЛЫҚпен бірге жүрмеген күндерімді әдірә қалды деп санайтынмын!  ЖАҚСЫЛЫҚ бармаған, ЖАҚСЫЛЫҚ көрмеген, ЖАҚСЫЛЫҚ бағаламаған белдесуді заңсыз көретінмін!  …Міне, сол ЖАҚСЫЛЫҚ көзден ғайып болғалы екі күз өтті.  …Ә, мұнан бұрынғы, 2016 жылғыны айтамын, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да ЖАҚСЫЛЫҚ болмады.  Бразилияға аттануға тура үш күн қалғанда өзі хабарласты телефонмен.
    — Несеке, саған жол болсын айтайын деп хабарласып тұрмын…  Олимпиадаңды табыспен көріп орал.
    — Өй, Жақа, жол болсының не, бірге барамыз дегеніміз қайда?
    — Енді қайтемін… Барғым-ақ келген.  Ары-бері өз қаржыма билет те алып қойғанмын. Бірде-бір спорт бастығы хабарласып, топқа қоспады ғой, қоспады!

    Маған қаржы керек емес, өзімнің ақшам жетеді.  Бірақ сонау Бразилияға барғанда не аккредитациям жоқ, не бапкерлер тобында жоқпын, өзім бөлек жатып, бөлек тұрып, турист боп барамын ба?!  Ондай саяхат маған неге керек?  Не спортшылармен кездесе алмасам, оларға аздаған ақыл-кеңес бере алмасам, не мамандармен жолығып, ортақ ойласулар, пікірлесулер құра алмасам, сонда мен Бразилияға тамақ ішіп, қарын сипап жату үшін барамын ба?!  Құрысын бармаймын, ары-бері билетімді өткізіп тастадым…
    — Жақа, Жақа, тоқта!  Олай болмайды!  Мен айтамын оларға…
    — Жоқ, Несеке, пойыз кетіп қалды. Енді қалған екі күнде ешкім де маған аккредитация алып бере алмайды.  Өкінішті,әрине!  Сен аман-есен барып қайт.  Табыспен оралыңдар!..

    …Телефон да бізбен бірге қиналғандай мияулап барып үзілді.  Ол қалды, мен кеттім…
    Риода күрес өткен күні хабарластым.  Елдегі телеарнадан күрес бәсекесіне шолу жасап беруге шақырыпты.  «Несеке, мына жігіттердің жігерсіздігінен шошып отырмын, жүрегім де ауырып отыр…-деді ол. — Күрестен өзімнен кейінгі Олимпиада чемпионы болған қазақты көре алмай кететін шығармын…»

    …Тура айнаға қарағандай айтыпты.  Сонау 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында күрес өнерінен қазақ жастарының арасынан тұңғыш боп Олимпиада чемпионы атанған ЖАҚСЫЛЫҚ Үшкемпіров өзінен кейінгі Олимпиада чемпионы болған қазақ балуанын көре алмай кетті!

    …Жан досым ЖАҚСЫЛЫҚ сол арманын маған тастап кеткендей болады да тұрады.  Мына бет алысымызбен ол күнді мен де көре алмайтын секілдімін…

    …Ханчжоудағы кешегі күрес кеші тағы да еңсемізді төмен тартқызып қайтарды қонақ үйіне: Айдос Сұлтанғали (60 кг) қола жүлдені де ала алмады. Мейіржан Шермаханбет(67 кг) қолында тұрған алтын медальдан айырылып қалды. Азат Садықов (77 кг) камбоджалық қарсыласы шықпай, қола жүлде алды. Ал Мақсат Сайлау (87 кг) өз-өзінен көткеншектеп жүріп, қоланы жапон жігітіне «сыйлай» салды.

    Содан сүмірейіп үйге қайттық.  Бір сәт мынандай белдесулерді ЖАҚСЫЛЫҚтың көрмегеніне тәуба қылдым. Неге керек, жер басып пенде боп жүрген біздер-ақ көріп, жабырқай берейік.  ЖАҚСЫЛЫҚ секілді ҰЛТТЫҢ  БЕТ-БЕЙНЕСІ саналатын жандардың  жабырқауын енді Жаратушым көрсетпесін!

    … АЛЛАМ-АЙ, ЖАҚСЫЛЫҚСЫЗ  ДА  КҮРЕС  ЖАРЫСТАРЫ  ӨТЕ  БЕРЕДІ  ЕКЕН-АУ!!!    Бұл тіршілік шіркінге  дауа жоқ шығар…

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, — Хуанчжоудан

    ФОТО: Prosports.kz

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *