Қазақстанның 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы қыздар құрамасы Испанияның Кордова қаласында өткен Billie Jean King Juniors Finals турнирінің қорытындысы бойынша үздік ондыққа кірді, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Бұл 16 жасқа дейінгілер арасындағы қыздар үшін алғашқы командалық әлем чемпионаты болды.
Құрама команда алдымен В тобында үшінші орынға ие болды. Құрама бірінші ойында Аргентина командасын 2:1 есебімен жеңгенімен, Бразилия мен Ұлыбританияға жол берді.
Қосымша жарыста Қазақстан құрамасы Алжир жасағын 3:0 есебімен жеңіп, Колумбия мен Латвиядан да 2:1 есебімен басым түсті.
Осылайша, Марат Шәріповтің қарамағында жаттығатын тенниісшілер әлемнің үздік 16 командасының арасынан тоғызыншы орынға табан тіреді.
Әлем чемпионатында ел намысын Полина Слепцова, Анастасия Крымкова мен Іңкәр Дүйсебай қорғады. Ал Марат Шәріпов жарысқа команда капитаны болып барды.