• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Мұсағали Тасқалиев

    Астанада Асық атудан халықаралық турнир аяқталды

    Бүгін Астана қаласындағы «Аспан» спорт кешенінде Гран-При «Азия асығы» халықаралық турнирі аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

    Асық ату федерациясының хабарлауынша, Пәкістан, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан құрамалары қатысқан дүбірлі додаға ерлер мен әйелдер арасында жүзге жуық асықшы қатысып, жарыс көрігін қыздырды. Аса тартысты өткен сында Асық атудан Нұржігіт Ануарбекұлы (Шымкент) жеңімпаз атанса, Павлодар облысының спортшысы Керім Жаздықбай күміс жүлдемен күптелді. Екі қола жүлдеге Ерболат Қаржаубай (Қарағанды облысы) мен Айтуар Испол (Ақмола облысы) иелік етті.

    Бес асықтан астаналық Камила Данияроваға тең келер ешкім болмаса, тағы бір астаналық Анаргүл Ходжаниязова екінші орыннан көрінді. Екі қола жүлдені Маржан Мирхамидова (Түркістан облысы) мен Гаухар Жалиева (Қостанай облысы) жеңіп алды.

    Сонымен қатар Гран-При «Азия асығы» халықаралық турнирі аясында Астана қалалық Асық ату федерациясының ұйымдастыруымен «Астана сақасы» республикалық турнирі өтіп, Асық атудан түркістандық Амандос Айтқұлов жеңістің биік тұғырынан көрінді. Екінші орындағы Аслан Бұланбай, қос қола медальге ие болған Есен Жұмағұлов пен Дулат Умаров — Астана қаласының асықшылары, — деді Асық ату федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Мұсағали Тасқалиев.

    Бес асықтан да астаналық Перизат Елемес қарсылас шыдатпаса,  ақмолалық Көгершін Думан екінші орынға ие болды. Қос қола жүлдені Айжан Серікова (Астана қаласы) мен Айдана Есембекова (Түркістан облысы) жеңіп алды.

    Жеңімпаз және жүлдегер атанған асықшылар Асық ату федерациясы мен Астана қаласы федерациясы тарапынан диплом, медальдар мен қаржылай марапатқа ие болды.

    Жеңімпаз және жүлдегер атанған асықшыларға жүлделерін Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы, «Аспан» спорт кешенінің директоры Серік Халелов, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, ардагер асықшы Әсет Рамазанов, Асық атудан мемлекеттік жаттықтырушы Жомарт Оразов, Ақтөбе Асық ату федерациясының президенті Әбілқайыр Сотқаров пен осы ұйымның вице-президенті Оразбай Ұлқабайлар табыс етті.

    Енді бүгін түсауа Астанада асық атудан «Жыл үздігі-2023» атағының иегері анықталады.

    Ұлттық спортымызды ұлықтап жүрген асықшыларды марапатту рәсімін Асық ату федерациясы ұйымдастырады. Салтанатты іс-шара Rixos President қонақ үйінде болады.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *