«Қытай тарихындағы ғылым өнертабыстары» кітабының тұсауы кесілді.
Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында «Қытай әдебиетін қазақ тіліне аудару ерекшелігі» атты дөңгелек үстел өтті.
ҚР Ұлттық кітапханасы, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Халықаралық «Шанс» компаниясы, «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясы ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында аударма саласының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Қытай мәдениеті мен әдебиеті залының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен шара аясында «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясының жаңа кітаптарын сыйға тарту рәсімі және ҚРҰлттық кітапханасының кітапханашысы Қадай Камия қытай тілінен қазақ тіліне аударған 1953 жылы ҚХР-да басылып шыққан «Қытай тарихындағы ғылым өнертабыстары» кітабының тұсаукесері өткізілді.
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ.Оспанова құттықтау сөз сөйледі. Белгілі ақын, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Саят Қамшыгер жүргізген шара аясында «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясы бас директорының орынбасары Жеңіс Омар сөз сөйлеп, ҚР Ұлттық кітапханасына 87 данадан тұратын заманауи жаңа әдебиеттер жинағын сыйға тартты. Кітапхана қорына сыйға тартылған кітаптар – қоғамдық-саяси, тарихи және әдеби-көркем жанрдағы туындылар. «Қытай дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» кітаптары, балалар әдебиетінің тарихы мен сериясы бойынша екі тілдегі аудармалар рухани құндылығымен ерекшеленеді. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова мен «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясының атынан директордың орынбасары Ж.Омар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Ал өз кезегінде ҚР Ұлттық кітапханасының кітапханашысы Қадай Қамия «Қытай тарихындағы ғылыми өнертабыстар» кітабының тарихы мен қысқаша мазмұны туралы баяндап, қытай тілінен қазақ тіліне аударма барысындағы қиындықтарды атап өтті. Жаңа кітаптың салтанатты түрде лентасын қию Қазақстанның жетекші қытайтанушыларының, ЖОО оқытушыларының, жазушылардың және ҚР Ұлттық кітапханасы директорының қатысуымен өтті.
Дөңгелек үстелде ғалым-этнограф, жазушы Баяхмет Жұмабайұлы мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтық университетінің шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасының меңгерушісі, PhD профессоры Фарида Оразақын аударма саласының ерекшеліктері мен қазақ мен қытай мәдениетінің ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясының редакторы, балалар жазушысы, журналист Нұрлан Құмар кітапта өңдеу барысындағы жұмысы мен қызықты-танымдық дүниелерді кеңінен қозғады. Іс-шараны №182 орта мектептің 3-сынып оқушысы Әділет Елдес күй тартып, Құрманғазы атындағы консерватория магистранты Сәулебай Бақтыбай ән шырқады. Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан орыс, қазақ, қытай тілдерінде «Кітап халықтарды біріктіреді» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтарға арналған кітап көрмесімен Әлем әдебиеті қызметінің топ жетекшісі Б. Кулиева таныстырды.
Қытай Халық Республикасында 1953 жылы жарық көрген танымдық кітаптың авторы белгілі қаламгер, ғалым – Цянь Вэйчан. Ал былтыр ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Қадай Қамияның қытай тілінен қазақ тіліне аударған. Дөңгелек үстелге Қазақстандағы белгілі қытайтанушылар, «Шығыс әдебиеті» баспасы, аудармашы мамандар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттері, БАҚ өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
АЛМАТЫ