Көзі қарақты оқырман жақсы білуге тиіс, осы жылдың сәуір айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен белгілі спорт журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, Желтоқсан батыры Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» атты кітабының тұсаукесері өткізілген болатын.
Ғибратты бөлек, тәлімі мол іс-шара қазақ күресінің рухын асқақтатып, мәртебесін тағы бір мәрте биіктеткені сөзсіз еді. Ақын Ордабайұлының сүбелі еңбегі, жарқын туындысы күллі қазақ оқырмандарына жол тартып, білікті мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болып жатқаны да айта кетерлік дүние.
Кеше осы өнегелі іс-шара Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында да жалғасын тауып, қазақ күресінің арғы-бергі тарихынан сыр шерткен қазыналы еңбек жас оқырмандарға таныстырылып, мән-маңызы жайында салиқалы әңгіме өрбіді.
Ақын Ордабайұлы өз сөзінде төл туындысының жазылу тарихына жан-жақты тоқталып, пайымды пікірлерін ортаға салды. Айтуынша, «Қазақ күресінің қара нарлары» кітабы жиырма жылдық ізденістің нәтижесінде өмірге келген екен. Сонау сақ, ғұн дәуірлерін тартып қазақ күресінің барлық тарихи кезеңдері баян етілгенін, сондай-ақ қазақ күресінің жиырма бір бапкерінің еңбегі зерделенгенін тілге тиек етті. Оқырманға жол тартқан туындысы қазақ күресінің тарихына, бүгіні мен ертеңіне қызығушылық танытатын жастар үшін пайдалы боларына сенім білдірді.
Іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы, дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының тұңғыш президенті, профессор Ерғали Мұхитдинов, ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Бану Дәулетбаева кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізіп, сүбелі еңбек жайында ой-пікірлерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді. Қазыналы дүниенің ұлт руханиятында алатын орны жайында сөз қозғап, ұлттық құндылықты дәріптеу, ата-баба мұраларын сақтау, қазақ күресінің шежіресін танып білуге қатысты маңызды тұстарды атап өтті. Іс-шараны әдебиеттанушы ғалым, жазушы Әлібек Байбол жүргізді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Қазақ күресінің қара нарлары» – толағай ізденістің, қажырлы еңбектің нәтижесінде өмірге келген. Ендеше қазыналы еңбектің қазақ күресінің алдағы уақытта да қанат жайып дамуына, өркендеп, өсуіне септігі тие берсін деген ақжарма тілегімізді білдіреміз.
Д. ЖҰМАЖАНҰЛЫ,
АЛМАТЫ