Францияның ашық біріншілігі – «Ролан Гаррос» турнирінде еліміздің тағы үш теннисші екінші айналымға шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик дүниежүзілік рейтингіде 112-орында тұрған франциялық Грегуар Баррермен ойнап, оны 6:4, 7:5, 6:3 есебімен жеңді.
Оның ендігі келесі қарсыласы — әлемнің 41-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфф.
Юлия Путинцева рейтингіде өзінен төрт саты жоғары тұрған америкалық, 2017 жылғы АҚШ чемпионы Слоан Стивенспен ойнап, қарсыласынан 6:1, 6:2 есебімен басым түсті.
Осыған дейін қарсыластар өзара жеті рет кездесіп, соның төртеуінде Путинцева жеңген еді. Бірақ былтыр Францияның ашық чемпионатының үшінші айналымында Стивенс отандасымыздан айласын асырған болатын.
Бұл жолы Путинцева айқын басымдықпен жеңді.
Енді ол үшінші айналымға шығу үшін рейтингіде 139-сатыдағы испаниялық Паула Бадосамен ойнайды.
Елена Рыбакина бірінші кезеңде бельгиялық Гритт Минненен басым түсті.
Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы Елена 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Рыбакинаның келесі айналымдағы қарсыласы — әлемнің 50-ракеткасы нидерландтық Аранта Рус.
Елена Рыбакина биыл грунтта 10 ойын өткізіп, соның 9-да жеңіске жетті.
Бұған дейін «Ролан Гаррос» турнирінде Александр Шевченко алғашқы жеңісіне жеткен еді. Ол
3 сағат 16 минутқа созылған тартысты ойында Аслан Карацевті (82 АТР) 6:4, 4:6, 1:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, Франция ашық чемпионатының екінші айналымына шыққан болатын. Александр Шевченконың келесі қарсыласы — француз теннисшісі Корентен Муте (79 АТР).
Михаил Кукушкин болса турнирдің іріктеу сатысында жақсы ойнап, бірінші айналымда Мажарстанның өкілі Фабиан Марожаннан 2:6, 2:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.