«Бұлақ басы тіршліктің қасы», демекші, тәуелсіздігіміздің басы болған егемендікті жеңіп алып берген Желтоқсан батырлары әлі толықтай ақталып көптен аңсаған статусын ала алмай келеді. Сол бір сарышұнақ аяз бет қарыған азалы түнде алаңға шығып, тәуелсіздігіміз үшін қан-қасап көтерілісті жан беріп, жан алысқан батырларға үкімет тарапынан қандай қолдау, көмек жасаса да артық болмас еді. Жылына бір келетін 16, 17 желтоқсан күндері ғана батырлар еске алынып қояды.
Жыл сайын арасы сиреп бара жатқан батырлар туралы, жастардың ұлттық патриоттықтық сезімін ояту жолында тіпті, жыл он екі ай мектептерде жиі кездесулер өткізіп, ақпарат көздеріне шығарып, тіпті, олар туралы кино-сериалдар түсірсе да артық болмас еді. Дегеніменде желтоқсанның ызғарын көріп, ұлт тағдыры үшін күрескен батырлар жақсылықтың артын сабырмен күтіп келеді.
Н.Назарбаев басқарған жылдары билік желтоқсан десе үрейленіп, үрпиіп шыға келетін бір жаман әдеті бар болатын. Аллаға шүкір Қ.Тоқаев билік басына келгелі жоғарыдан сәл де болса жылылық байқалып, сең қозғала бастаған секілді. Бүгінгі күні желтоқсан батырлары өздерін қоғам ұмытып кетпес үшін, әлі бар екенін нар екеінн танытатын түрлі іс-шаралар ұйымдастырып қоғамда белсене өмір сүруде. Солардың бірі спорттық ойындар десек дұрыс болар.
Тәуелсіздікке арналған желтоқсан батырларының арасында спартакиада болып өтті.
Жарыс Алматы қаласындағы Ақсай мөлтек ауданында орналасқан № 42 қазақ орта мектебінің қабырғасында жалауын көтерді. Жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімшілігінен келген өкіл мен мектеп ұжымының басшылары желтоқсан батырларын тәуелсіздік күнімен құттықтаған соң сахна төрінде концерттік бағдарламаларын тарту етіп, батырлардың көңілін бір көтеріп тастады.
Бұл турнирді «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Әуезов ауданындағы филалы аудан әкімшілігімен бірлесе отырып ұйымдастырған еді. Айтулы аудандағы желтоқсандықтардың төрайымы желтоқсанның батыр қызы Алмагүл ханымның осындай аламан жарысты өткізудегі еңбегі зор.
Жарыстың басынан аяғына дейін қатысып, жанкүйер болған «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев бауырымыз желтоқсан батыраларының ойындарына дән риза болып, келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Жетісу ауданындағы «Желтоқсан Ақиқаты» ұйымының төрағасы Төкен Смағұлов өзінің жетісулық командасына барынша ұйытқы болып шауып жүрді. Спартакиада барысында Жетісу ауданындағы желтоқсанның батыр қыздары Алма, Гүлхан, Гүлзадалар спорттық дартс, дойбы және эстафета сынды спорт түрлеріне белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп, спорт өмірлерінде үлкен орын алатындықтарын тамаша ойындарымен көрсете білді. Сонымен Әуезов ауданының мұрындық болуымен өткен спартакиада тартысқа тола жоғары көңіл күйде ұйымдастырылды десе болады. Таңазаннан басталған жарыс барысында әсіресе, шағын футболдан өткен бәсекелер тартысқа толы болды. Жастары келсе де теңбіл допты ұршықа иірген батырлар алаңда жеңіс үшін жан аямады. Тіпті, допқа шалынып жерге етпетімен құлап түскендердің өзі орынынан атып тұрып ойынын ары қарай жалғастырып жатты. Соны көрген көрермендер қол соғып қошамет көрсетіп, батырдарың қайсарлығына қайран қалды.
Жарыс қортындысы бойынша Әуезов ауданы 1-орынды, Жетісу ауданы 2-орынды, Науырызбай ауданы 3-орынды иеленді. Мен де желтоқсан ардагері ретінде Жетісу ауданының намысын қорғап, жарыс жолына шыққан едім. Иә, баяғы 25 бес қайдан болсын, дегеніменде өмір бойы спортты өмірімнің мәні деп қарағандықтан, шаршамай-шалдықпай командаластарыма барынша қолдау көрсетеуге тырыстым. Ол еңбегімді зая кетпес керек, Алла қолдап екінші орынды иелендік. Иә, командамызда 5 адам қосалқы ойыншымыз болған жоқ. Ал бірінші орын алған Әуезов командасында 10 жігіт ойнады. Футболды түсінетін адамға қосалқы ойыншысыз шағын футболда ойнау қандай қиын екені белгілі.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметпен марапатталды. Дегеніменде Алла шүкір дейміз! Бір жүгіріп терлеп, салауатты өмір салтын қалыптастырып жастарға үлгі-өнеге көрсеткен деген үлкен игі іс деп білеміз. Әсіресе, желтоқсандық қанды көйлек достарымызбен қауышып бір жасап қалдық. Футбол деген бір құдіретті спорт түрі ғой. Жасымыз алды 70-ті арты 60-ты алқымдап қалған ардагерлер үшін осындай спорт арқылы бас қосып тұрымыздың жөні бөлек қой. Аман болыңдар айналайын желтоқсандық замандастарым!
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ