Түркияның Суперлигасындағы «Адана Демирспор» командасы сапында ойнайтын Абат Айымбетов қатарынан екінші голын соқты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қазақ футболшысы осымен қатарынан екінші ойында мергендігімен көзге түсіп отыр. Ол 7 желтоқсан күні ойналған мұның алдындағы 15-турда «Гёзтепе» командасының қақпасынан да саңылау тауып, алаң иелеріне сапынан жалғыз голдың авторы атанған еді. Бірақ ол жолы аданалықтар 1:3 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Турнир кестесінің соңғы орнында келе жатқан «Адана Демирспор» командасы соңғы кездесуге барын салды. Соның нәтижесінде 31-минутта форвард Юсуф Барасы есеп ашып, оларды алға шығарды. Бұдан кейін 39-минутта хавбек Юсуф Сарының қақпа алдындағы алаңға көлбеу сызық бойымен жөнелткен добына Абат аяғын тоса қойып, тордың ішінен бір-ақ шығарды.
Бұдан кейін «Бешикташ» ойыншылары екінші таймда бір доптың қарымтасын қайтара алды. Оны 72-минутта Али Аль-Моатасаммбелла салды.
Айтқандай, «Бешикташ» құрамында өнер көрсететін келесі қазақ футболшысы Бақтиёр Зайнутдинов 46-минуттан алаңға шығып, матч соңына дейін ойнады.
Осыдан кейін чемпионатта бірінші жеңісіне жеткен «Адана Демирспор» ұпай санын 5-ке жеткізді. Ол бірақ әлі турнир кестесінің ең соңында келеді.
Командада 14 ойыннан 5 доп соққан форвард Юсуф Барасы мергендер көшін бастап келеді. Ал Абат Айымбетов 10 ойында 2 гол соғып, үшінші болып тұр. Себебі, француз қорғаушысы Эндрю Гравийон 8 ойында 2 рет қақпаны дәл көздеп үлгеріп, екінші орынға шыққан екен.
Енді түрік чемпионатында үзіліс болады.