Германияның Кирххайм-унтер-Текк қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe Baublies Jugend Cup жарысы мәресіне жетті, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Оған Германия, Қазақстан, Словакия, Словения, Швейцария, Гонконг, Чехия, АҚШ, Италия, Румыния, Қырғызстан, Аустрия, Франция, барлығы 13 елден 32 жас теннисші қатысып, бақ сынады.
Қазақстан спортшылары жекелей және жұптық сында үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Жекелей сында Айым Қанағатова мен Әдемі Әлсейпулова соңғы ойында бірінші орынды өзара сарапқа салды. Тартысты матчта Айым Қанағатова 7:6, 6:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Жұптық сында Қанағатова мен Әлсейпулова қарсылас шақ келтірмей, финалда жарыстың 1-ракеткалары, чехиялықтар Софья Иракова мен Аделя Свободаны камбэкпен 5:7, 6:2, 10:6 есебімен жеңді.