• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    «Қайрат» футбол клубы

    Чемпиондар лигасы: «Қайрат» плей-оффқа шықты (ВИДЕО)

    Алматының «Қайрат» футбол клубы UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Словакияның «Слован» командасымен ойнап, екі матчтың қорытындысы бойынша плей-оффқа шықты.

    Командалардың екінші ойыны Братислава қаласында болды. Бірінші матчта «Қайрат» Алматыда «Слованды» 1:0 есебімен жеңген болатын. Сондықтан клубқа Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына шығу үшін қарсыласпен тең ойнап немесе 0:1 есебімен жеңілген жағдайда пенальти сериясында жеңу керек еді. Сол себептен «Қайрат» екінші матчта сырт алаңда ойнаса да алаң иелеріне дес бермеуге тырысты.

    «Слован» клубы да бірінші болып гол салуға ұмтылды. Осы мақсатта словакиялықтар қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап, ақыр соңында «Қайрат» ойыншысының өрескел қателігін пайдаланып, 30-минутта Роберт Мак допты торға тоғытты.

    Екінші таймда да ойын қыза түсіп, командалар бір-біріне қауіпті жағдай жасап отырды. Ойынның негізгі уақыты біткен соң берілген қосымша 30 минутта да таблодағы есеп өзгерген жоқ. Сөйтіп, командалар пенальти сериясын бастап, бұл мүмкіндікті «Қайраттың» ойыншылары тамаша пайдалана алды. Қонақтар алаң иелерінің қақпасын төрт рет дәл көздеп, команданы плей-офф кезеңіне шығарды. Ал «Слованның» сапында екі ойыншы допты қақпаға соға алмады.

    Енді «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» командасымен ойнайды.

    Алматының клубы бұған дейін  Чемпиондар лигасының бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) жеңген болатын.

    Тағы бір атап өтетін нәрсе, 14 тамызда «Астана» клубы Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Швейцарияның «Лозанна» командасымен ойнайды. Бірінші матчта «Астана» қарсыласынан 1:3 есебімен жеңілген еді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *