Бүгін Шымкент қаласында өтіп жатқан нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Трап жаттығуында аралас командалық сайыста Қазақстан-1 командасы сапында Әлішер Айсалбаев пен Айжан Досмағамбетова Үндістан-2 құрамасынан басым түсті. Есеп – 38:34. Тағы бір қола жүлдеге Қытайдың Тайпейі ие болды.
Алтын медальді Қытай-2 мен Кувейт-1 командалары сарапқа салып жатыр.
Бұл Әлішер Айсалбаевтың Азия чемпионатында жеңіп алған алғашқы жүлдесі, ал Айжан Досмағамбетова екінші рет медаль алып отыр.
Қазақстан құрамасы — өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионатының жүлдегері!
Ресейдің Саранск қаласында жасөспірім ұлдар арасындағы XIV және жасөспірім қыздар арасындағы X әлем чемпионаты аяқталды.
Жарыстың соңғы күнінде ең тартысты сындардың бірі – жауынгерлік қанат жаю болды. Бұл кезеңде спортшылардың күш-қайраты мен төзімділігі сыналды.
Чемпионатта Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды.
Арман Мыса дзюдодан әлемдік доданың медалисі атанды
Болгарияның София қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан әлем чемпионаты басталды.
Жарыстың алғашқы күнінде жас дзюдошы Арман Мыса (-50 кг) қола медаль жеңіп алды.
Дзюдо федерациясының мәліметіне қарағанда, ол 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп, бес күрестің төртеуінде жеңіске жетті.
Арман Мыса іріктеу кезеңінде тайпейлік Шин Юн Чиенді, америкалық Самуэль Абдумалик пен Әзербайжан өкілі Анар Гулиевті жеңді. Ал жартылай финалда Өзбекстан дзюдоисі Хушнуд Султановтан жеңілді.
Үшінші орын үшін Мажарстанның балуаны Милан Цабоны жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты 30 тамызға дейін жалғасады. Жарысқа әлемнің 71 елінен 551 дзюдошы қатысып жатыр.