Бүгін Ақтөбе қаласындағы №61 орта мектепте тарихи жағдай болды. Ақтөбе қаласының тұрғыны, сиырдың 3 мыңнан астам асығын жинап қазақстандық рекордтар кітабына (КИнЭС) енген Ерболат Қуанышовтың асық санын 5 мыңға жеткізіп GBR (GLOBAL BEST of RECORDS) әлемдік рекордтар кітабына енуіне арналған іс-шара өтті, деп хабарлады Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының баспасөз қызметі.
Тек Ақтөбенің емес барша Қазақ елінің абыройын асырған іс-шараға Дүниежүзілік рекордтар кітабының бас тіркеу офицері Қуандық Құдайбергенов арнайы келіп, асықтарды жиналған көпшілік алдында санап, нәтижесінде Ерболат Қуанышовқа 5126 асық жинап әлемдік рекордтар кітабына енгендігін растайтын сертификат пен статуэтка табыс етті және GBR (GLOBAL BEST of RECORDS)-тің арнайы күміс медалімен марапаттады. Осылайша Ақтөбеде тағы бір әлемдік рекорд жасалып, ресми түрде мойындалды.
Жақында ғана арайлы Ақтөбеде облыстық халық шығармашылығы орталығының «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин бастаған 36 адам «Қырымның қырық батыры» мен Пайғамбарлардың хиссасын, яғни 51 мың жыр жолдарын тоқтамай 24 сағат жырлап Азия және Африка елдерінің Гиннес рекордтар кітабына енген болатын.
Бұл іс-шараға көптеген құрметті қонақтар қатысып, тарихи сәтке бірге куә болды. Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, осы игілікті істің жүзеге асуына елеулі еңбек сіңірген Ақтөбе қалалық Асық ату федерациясының президенті Райгүл Алданышқызы және басқа да құрметті қонақтар ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген Ерболат Қуанышовтың әлемдік рекордтар кітабына енуімен шын жүректен құттықтады.
«Ер едіге» жыр мектебінің шәкірттерінен құралған «Көне сарын» триосы мен «Герои-в песнях» халықаралық патриоттық әндер байқауының Гран-При иегері Орынгүл Исмағұлова салтанатты шараны өздерінің патриоттық әндерімен әрлеп, асықсүйер қауымның ризашылығына бөленді. Ақтөбе блыстық Асық ату федерациясының мүшелері ортаға асық кілемін жайып, келушілер асық ойнаған сәті әлемдік рекордтар кітабы өкілінің назарына ілікті.
Осыдан 3 жыл бұрын Ақтөбеден бастау алған «Алаш сақасы» турнирі жақында Екібастұз қаласында өткен болатын. Сол дүбірлі додада төртінші орынға ие болып, турнирдің үздік ойыншысы атанған Нұрбек Байнииязовқа облыстық Асық ату федерациясының президенті Елтай Өтеғұлов асықты әлемге танытып жатқан осы шарада келесі жолы бас жүлде алсын деп ырымдап, жүлдесін көпшіліктің алдында табыс етті.
Сиырдың 5000 асығын жинап әлемдік рекордтар кітабына енуіне көрімдік ретінде меценат, спорт жанашыры, Әйтеке би аудандық Қазақ күрес федерациясының президенті Баймашев Хамит Қонысұлы және бір топ Құлтас ата ұрпақтары Ерболат Қуанышовқа тұлпар мінгізіп құрмет көрсетті.
Осылайша арайлы Ақтөбеде асығымыз тағы бір мәрте төрге шығып, әлемдік деңгейге көтерілді. Жаңа рекорд тіркелді! Бұл барша Қазақ елімен бірге біздің, Ақтөбе облыстық Асық ату федерацияның да қуанышы деп білеміз. Еңбегің жана берсін Ерболат! Енді алдыңа 10 мың асық жинап, мүсін жасаймын деген биік мақсат қойып отырсың, сол мақсатына жет!
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары