• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Батырдың рухына арналған белдесу

    Биыл қазақ күресінен жасөспірімдер арасында батыр бабамыз Райымбек Хангелдіұлы атындағы дәстүрлі респбликалық жарыс 25-рет ұйымдастырылды. Бұл жарыс қазақ күресінің елімізде дамуына зор үлесін қосып келген тартысты доданың бірі болып саналады.

    Төл күресімізден бүгінде әлем, Азия чемпионаттарында ел намысын қорғап жүрген көптеген балуан осы жарыста күресіп, есімдері елге танылған десе артық болмас.

    Қазақтың сахара кең даласы қаншама тарихты қойнына құшып жатыр десеңізші. Осынау байтақ жерімізді сыртқа жаудан қорғап қалу үшін қаншама жаужүрек батырларымыз қан майданда жандарын құрбан етті. Сонау тарихымыздын ақтаңдақ беттерін ақтарғанда елімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап аман сақтап қалған ержүрек батырлардың ішінде Райымбек бабамызды ерекше айтатынымыз белгілі. Ал сол Райымбек батырдың рухына арналып елімізде қазақ күресінен жасөспірімдер арасында дәстүрлі жарыс қазақ күресінің алыптарын елге танылтып келген аламан жарыс болып саналады.

    Мысалы, Райымбек батырдың атында өткізілетін спорт іс-шараларын айтқанда, міндетті түрде қазақ күресінен жыл сайын өткізіп келген дәстүрлі республикалық жарысты тілге тиек етеміз. Осы берекелі турнирге әлі де болса жанжақты қолдау көрсетілмей отырғаны аздап өкінетін жәй.

    Жанымызға жат гольф, керлинг, теннис сияқты спорт түрлеріне шен-шекпені жоғары ағаларымыз барын аямай салып көмек беріп жатады. Ал өзіміздің төл күресімізге келгенде төмен қарап қалатындары неліктен екенін біле алмай дал боласың. Иә, бұл айтқан назымыз ұлттық күреске, қамқорлық жоғарыдан болып жатса нұр үстіне нұр болмақ еді деген сөз.

    Міне, батыр баба Райымбектің атында кезекті дүбірлі жарыс бабаның рухын құрметтеген кейбір жанашыр азаматтардың арқасында жалауын қайта көтерді. Бір жарысты республикалық деңгейге көтеріп, қаншама жыл бойы үзбей ұйымдастыру оңайға соқпайтыны мәлім. Дегенменде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Іле ауданы Жасөспірімдер мен спорт мектебінің директоры, Райымбек бабаның ұрпағы Қапар Рауанов сынды ұлттық күресіміздің жанашырының арқасында аталмыш аламан дода Өтеген батыр ауылындағы Іле ауданының Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде биыл 25-рет жалауын көтеріп отыр.

    Ал, осындай жасөпірімдер арасындағы тартысты өтіп келген жекпе-жектен қаншама балуандар қанаттарын қамдап, бұғанасы бекіп шықты. Бүгінде қаншама қыранбалақ жастүлектің бүгінде аты елімізге танылды! Соның бірі — қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы Бауыржан Тәліп пен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақовты айтса да жетіп жатыр.

    Міне, осындай жұлдызды балуандардың шоғырын дайындаған айтулы турнирді шеберлер шығаратын ұстахана деуге болады. Жарыстың салтанатты ашылуына көп жылдар бойы осы жарыстың батагөйі әрі қолдау көрсетіп келген Тоққожа Естеновпен бірге осы турнирден өсіп шығып, елге танылған мұзбалақ балуандар, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Бауыржан Тәліп, қазақ күресінен әлем чемпонатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов қатысып, спортшыларға жеңіс тіледі.

    Мәртеблі қонақтардың арасында Алматы облысы мәслихатының төрағасы Қуат Байқоджаев пен Іле аудандық мәслихатының төрағасы Мұхит Кәрібаев өз сөздерінде Райымбек батырдың жарысы көптеген аттары әйгілі балуандарды жылдар бойы елге шығарып келген қазақ күресінің қайнар бастауы екендігін тілге тиек етіп, балуандарға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді.

    Бұл жарысқа биылғы жылы еліміздің 12 облысынан 300-ден астам жасөспірім балуан келіп, бақтарын сынаған еді. Сонымен екі күн бойы жасөпірімдер арасындағы жан алысып жан беріскен республикалық аламан жекпе-жекте үздік шыққан балуандардың есімдерін де жария ете кетсек.

    Ерболат Бақытұлы (Павлодар облысы, 50 кг), Сағадат Ербай (Қызылорда облысы, 55 кг), Нұрдәулет Айдарбекұлы (Түркістан облысы, 60 кг), Нұрасыл Амантұр (Алматы облысы, 65 кг), Ертарғын Асқатұлы (Қарағанды облысы, 70 кг), Дидар Құлмахан (Түркістан облысы, 76 кг), Бекзат Қоғайбек (Жетісу облысы, 82 кг), Сұлтан Тұрдәлі (Алматы  қаласы, 90 кг) мен 90 келіден аса салмақта күрескен Алматы облысының балуаны Нұрәлі  Әлібеков жарыс жеңімпазы атанды.

    Расыменде батыр бабамыздың атындағы бұл белдесу  көптеген жылдан бері жас таланттарға ақжолтай жарыс болып келеді. Сондықтанда қазақ күресінің дарынды жастары бұл турнирге айырықша дайындалады.

    Жалпы, қазір еліміздің әр аймағында жастарымыздың қазақ күресіне деген құлшынысы күн санап өсіп келеді. Осы қарқыннан танбасақ ұлттық күресіміз Азия ойындарының бағдарламасынан орын алатынынында шүбә жоқ.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Алматы облысы,

    Іле ауданы,

    Өтеген батыр ауылы

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *