Алматыда STADA фармацевтика компаниясы адамдардың өз денсаулығына деген көзқарасы мен денсаулық сақтау саласындағы өзгеріске арналған STADA Health Report 2026 халықаралық зерттеуінің нәтижесін таныстырылды.
Жасанды интеллектінің қарыштап дамуы — биылғы жылдың басты үрдістерінің біріне айналды: Қазақстан халқының 71%-ы оны денсаулық мәселесінде пайдаланады. Ал зерттеуге қатысушылар арасындағы орташа көрсеткіш — 55%. Сонымен қатар Қазақстан ЖИ көмегімен медициналық кеңес алуға дайындық деңгейі бойынша зерттеуге қатысқан 20 елдің ішінде бірінші орынға шықты: ел тұрғындарының 74%-ы мұндай мүмкіндікті белгілі бір жағдайларда қарастыруға дайын. Дегенмен технологияға жоғары қызығушылық дәрігер көмегінен бас тартуды білдірмейді. Қазақстан халқының басым бөлігі ЖИ-ді медицина маманын алмастыратын құралдан гөрі, оған көмекші ретінде қарастырады.
Конференцияда Қазақстан мен Өзбекстанның жасанды интеллект саласындағы медициналық сараптамалар жан-жақты талқыланды. Алматы мен Ташкент арасындағы онлайн байланыс жасалып, телекөпір сұхбат болды.
Елімізде ЖИ-ді енді тек жастар пайдаланатын технология деп айтуға болмайды. Денсаулық мәселесіне қатысты оны 35 жасқа толмаған отандастарымыздың 79%-ы және 35–54 жастағы адамдардың 71%-ы пайдаланады. Алайда егде жас тобындағы көрсеткіш ерекше назар аудартады: 55 жастан асқан азаматтардың 61%-ы ЖИ-ді пайдаланады. Жасанды интеллект денсаулық туралы жалпы ақпарат іздеу үшін ғана пайдаланылмайды. Қазақстан халқының 32%-ы қойылған диагнозды жақсырақ түсіну, 31%-ы профилактика, өмір салты, тамақтану және белсенді қозғалыс бойынша ұсынымдар алу, 24%-ы дәрігерге барғаннан кейін қосымша пікір алу үшін ЖИ-ге жүгінеді. Тағы 20%-ы медициналық кеңес алдында ауру белгілерін немесе ықтимал денсаулық жағдайын алдын ала түсіну үшін ЖИ-ді пайдаланады.
Сонымен қатар ЖИ-ді пайдалануға құмарлық дәрігерді онымен толықтай алмастыру ниетін білдірмейді. ЖИ көмегімен медициналық кеңес алуға дайын қазақстандықтардың 74%-ының ішінде мұндай форматты ешқандай қосымша шартсыз таңдауға тек 11%-ы дайын. 26%-ы ЖИ ұсынымдарын медицина маманының қосымша тексеруі маңызды десе, тағы 25%-ы жасанды интеллектіні қосымша пікір алу мүмкіндігі ретінде қарастырады. Осындай ұстаным емдеуге қатысты да байқалады. Қазақстандықтардың 51%-ы ЖИ дәрігерге жеке таңдалған емдеу жоспарын түзетуге және бейімдеуге көмектескенін жөн көреді. Мұндай жоспарды әзірлеуді жасанды интеллектіге толықтай сеніп тапсыруға небәрі 7%-ы дайын. Қазақстан халқының 69%-ы денсаулық туралы ақпараттар ағынында бағдар табу және сенімді ақпаратты жалған ақпараттан ажырату қиын екенін мойындайды.
«Менің мамандығым дәрігер және адамдардың денсаулығына деген көзқарасы қаншалықты жылдам өзгеріп жатқанын көріп жүрмін. Бұрын денсаулыққа қатысты сұрақтардың жауабын интернеттен іздесек, бүгінде оны жасанды интеллектіден жиі сұрайтын болдық. Бұл енді болашақтың көрінісі емес: қазақстандықтардың 71%-ы денсаулық мәселесінде ЖИ-ді пайдаланады, ал жасанды интеллект көмегімен медициналық кеңес алуға дайындық деңгейі бойынша Қазақстан зерттеуге қатысқан 20 елдің ішінде бірінші орын алды. Алайда мен мұны ЖИ мен дәрігердің бірін таңдау деп қабылдамаймын. Технология ақпаратты жылдамырақ табуға, диагнозды жақсырақ түсінуге, дәрігер қабылдауына дайындалуға немесе қосымша пікір алуға көмектесе алады. Ал дәрігерден кәсіби тәжірибе, қабылданатын шешім үшін жауапкершілік және адаммен тікелей қарым-қатынас күтеміз. Сондықтан денсаулық сақтаудың болашағы адам мен технологияның бәсекесінде емес, олардың үйлесімінде деп ойлаймын», дейді STADA Қазақстан компаниясының бас директоры Наталья Гарипова.
Денсаулық мәселесіне қатысты дербес шешім қабылдау жаңа технологияны пайдаланудан ғана көрінбейді. Қазақстан тұрғындарының 94%-ы белгілі бір жағдайларда өз бетінше емделуді құптайды. Көбінесе суық тию мен тұмау белгілерін — 78%, аздап ауырсынуды — 67%, асқазан-ішек жолының жеңіл бұзылыстарын — 48% өз бетінше емдейді. Негізгі себеп — бұрынғы тәжірибе: респонденттердің 54%-ы жеңіл сырқаттанған кезде өзіне қандай дәрі-дәрмек немесе тәсіл көмектесетінін бұрыннан білетінін айтады. Сонымен қатар 41%-ы дәрігер қабылдауын ұзақ күтпеу үшін, ал 28%-ы дәрігерге тұрақты түрде баруға қаржылық мүмкіндігі болмағандықтан өзін-өзі емдеуге жүгінеді. Қазақстандықтардың 15%-ы өз бетінше емделудің жағымсыз салдарына тап болған.
2026 жылы отандастарымыздың 43%-ы мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанатынын айтқан. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 36% болған. Осылайша, бір жыл ішінде көрсеткіш 7 пайыздық тармаққа өсті. 2024 жылы қазақстандықтардың 28%-ы денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанатынын білдірген. Сонымен қатар медициналық көмек алу мүмкіндігі — ең өзекті мәселенің бірі. Халықтың 59%-ы медицина мамандарының тапшылығы мен медициналық көмекті ұзақ күтуді негізгі қауіп-қатер қатарына жатқызады. Ал 54%-ы қолжетімді бағамен медициналық көмек алу мүмкіндігінің шектеулі екенін атап өткен.
Ел тұрғындары денсаулық сақтау саласындағы өзгерістің басымдықтарын өздігінен айқындай алса, 64%-ы ең алдымен алғашқы медициналық көмекке, яғни дәрігерлер мен емхана қызметін пайдалану мүмкіндігін жақсартып, 45%-ы ауылдық және шалғай өңірлерде медициналық көмекті дер кезінде алып, ал 43%-ы кезекті қысқартып, медицина мамандарының санын көбейтер еді.
Цифрлық технологияны пайдалануға қызығу жоғары екеніне қарамастан, көпшілік үшін медицина әлі де тікелей қарым-қатынас саласы болып қала береді: 74%-ы дәрігердің тікелей кеңесін алуды, ал 84%-ы профилактикалық тексеруден барып өтуді жөн көреді.
STADA Health Report 2026 зерттеуіндегі тағы бір қарама-қайшылық профилактикаға байланысты. Қазақстан халқының 56%-ы ұсынылатын профилактикалық тексерудің ешқайсынан өтпейді. Респонденттердің 35%-ы тек кейбір тексеруден өтсе, барлық ұсынылған тексеруден небәрі 9%-ы өтеді.
Зерттеуге қатысқан елдер бойынша орташа есеппен респонденттердің 33%-ы профилактикалық тексеруден мүлдем өтпейді. Ал барлық ұсынылған тексеруден 18%-ы өтеді. Осылайша, профилактикалық тексеруге қатыспайтын азаматтардың үлесі зерттеуге қатысқан елдер бойынша орташа көрсеткіштен айтарлықтай көп. Сонымен қатар адамдардың өзі профилактиканың маңызын мойындайды. Егер олардың денсаулыққа ғана жұмсауға болатын ай сайынғы қосымша 100 еуросы (шамамен 60 мың теңге) болса, ең көп таңдалатын бағыт профилактика мен медициналық тексеру болар еді . Респонденттердің 33%-ы қаражатты осы мақсатқа жұмсар еді деген дерек бар.
STADA Health Report 2026 нәтижелері науқастың рөлі қалай өзгеріп жатқанын көрсетеді. Қазақстандықтардың денсаулығын өз бетінше бақылауға арналған құралдары көбейіп келеді. Олар жасанды интеллектіні белсенді пайдаланып, медициналық ақпаратты өздері іздейді. Алайда жаңа мүмкіндіктермен қатар медициналық сауаттың, ақпараттың сенімділігі мен кәсіби сараптаманың маңызы да арта түседі. Технология науқастың дәрігерге қаралу жолын өзгерткенімен, дәрігердің орнын баса алмайды.
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
АЛМАТЫ



SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары