• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жақсылықты жоқтау апталығы

    Чемпионсыз өткен 35 жыл!!!

     Қазақтар өз ұлттық спорты санаған, бүкіл ата – бабасы балуан болды деп дәлелденген күрес өнерінен ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ шықпағанына бүгін тура 35 жыл бір апта болды! Сонау 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасына ең соңғы сәтте ғана ілінген кеней асықтай ғана балуан Жақсылық Үшкемпіров жасы отызға келгенде мыңнан бір мүмкіндіктің жалына жабысып, Қажымұқан атасы, Әбілсейіт ағасы жетпеген атақты тұтас ұлтқа тұңғыш боп силап еді! Одан соң ғажап балуан Шәміл Серіков чемпион атанған… Осыны көрген көз әлі маңдайда, осыларды ұстаған қол әлі иықта, осыны сезінген жүрек әлі кеудеде… Сол күнгі қуаныштың бесігінде тербеліп жүріп, қазақ өзіне Құрандай қымбат санаған балуандық өнерден Олимпиада чемпиондары көп болатын шығар деп дәмеленгенбіз.

    Бүгінде кеудені өкініш өртейді! Сол Олимпиадада Кеңес Одағы құрама командасының ең жеңіл салмақты балуаны болған Жақсылық кілемге бәрінен бұрын шығып,балуандар арасынан ең бірінші чемпион атанды. Сонда бүкіл команданың алтын Бастауындай болған Жақсылықты құрама командадағы он балуан төбелеріне тік көтеріп, бір-біріне эстафета ретінде тапсырып, аяғын жерге тигізбей алып кеткені бүгінгідей көз алдымда! Киініп — шешінетін бөлмеге Сейдахмет аға Бердіқұлов екеуміз келгенде өзі 48 кило салмақта күресіп, жан алып, жан берген белдесулерден соң қу сүйегі қалған Жақсылықтың жарқ-жұрқ еткен көзінен басқа ештемесі қалмапты. Ол көздің өзінен парлаған жас мөлт-мөлт етіп,сарқырамадай төменге тамшылайды. Бірақ тіл сау! «…Қызық, Олимпиада чемпионы! Алдағы уақытта біздің ауылда да олар көп болады! … Әттең, осыны басқа бір тұлғасы келіскен қазақтың нар жігіті бастаса қайтер еді мен бастамай…» дейді чемпион! Жақсылық шешен-ақ. 1984 жылы ел аралап, тарихи Торғайға бардық. Ортамызда Жақсылық. Бірге жүрген дүлдүл ақын Әбілов айтқандай «…Қажымұқан атасы тірі болса, сыйып-ақ кетер еді қалтасына Қонысбай!» деген балуанымыз ниеттен де,сөзден де жаңылмай келеді. Содан,Амангелді ауданында болған бір кездесуде мектеп оқушысының; «Жақсылық аға, Сізді күрестен тұңғыш Олимпиада чемпионы дегенге — еңгезердей жігіт екен десек,өзіңіз құйтақандай-ақ екенсіз ғой!» дегені. Бәріміз сілтідей тындық. Сонда орнынан саспай тұрып,сәл жымиып алған Жақсылық Үшкемпіров: «Мен Олимпиада чемпионы болған кезде шынымен еңгезердей жігіт едім. Содан бергі осындай жүздесулерде халқым бір сабақ жіптен тәбәрікке алып-алып,бүгінде осындай боп қалдым!», деді. Қандай классикалық жауап!

    Біз ел спортының келбеті жайлы әңгімелегенде Жақсылық туралы көп айтамыз. Оның себебі — Жақсылық спорттағы чемпион болған жаннан сол спорттағы Символ болған жандар қатарына өтіп кеткен Тұлға! Ол кешегі Қажымұқан атамыз, Ғұсман, Әбдісалан ағаларымыз, бүгінгі Әбілсейіт, Тимур, Әмин ағаларымыз секілді символдық бейнеге айналған Адам. Сонысымен де бұл жандардың спорттағы табыстарын таразыламаймыз. Олардың символдық құдіретпен ұлт жастары алдында жаққан шамдай,шыққан күндей шашқан шуағын сезінеміз,сол биікке ұлт боп талпынамыз! …Жақсылық Олимпиада чемпионы болған күннен бері 35 жыл өтіпті! Аз уақыт емес. Одан бері де күрес өнерінде талай табысты күндер болды. Ауызды қу шөппен сүрткен жөн емес. Әйтсе де содан бері қазақтың өзімен бірге туған өнері деген күрес өнерінен Олимпиада чемпионы шықпай қалды. Неге? Себеп қайда? Кімнен? Неден? Ғажап балуан Дәулет Тұрлыхановтан бұл атақты ұрлап кетті. Күмісін де алды Дәулет,қоласын да алды. Әттең, табиғатынан балуан боп туған Дәулеттің маңдайына ол ерекше лайық саф алтын бұйырмады. Амал не… Нұрбақыт, Ақжүрек, Әсеттер жүлде алды Олимпиадада. Өзгелер сол биік таудың етегінде шарқ ұрып жүр. …35 жыл! Құдай оң қараған жанның жарты ғұмыры. Яғни, аз уақыт емес. Ұрпақтары Олимпиада чемпионы болуы керек дегенді мақсат қып қойған ұлтқа тым көп уақыт. Бұдан ары ұзай берсе,Олимпиада чемпионы болмай-ақ ұлт болуға болады екен деген еріншек,марғау,тым тәубашыл психология мойынға мініп алады да түспей қояды… Әрине, Олимпиада чемпионы болуды армандаудың өмірдің өзге бір де бір саласына – білімге, ғылымға, өнерге, техникалық сауаттылыққа – салқыны тимеуі керек! Бірақ бұл ұлы Арманнан қол үзуге қақымыз жоқ! «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды!» деген қазақы ауыз айтқан ғажап шындық қайда?! Соны талап етейік тарихтан! Соны көп боп қайталайық! Соның орындалуына ішкі рухымызды жұмсайық! Не істің де істелуі құдайдан кейін Халықтың қолында. Айтайық,сұрайық, өтінейік, талап етейік… Осы жазбаларымызда да жеке бақыт, жалқы қуаныш жайлы емес, ел бақыты, ұлт қуанышы жайлы ортақтасайық,ел амандығы, жер тұтастығы, ұлтымыздың білім биігі, өнер құдіреті жайлы шүйіркелесейік! Туған ұл-қызға ғана қуанбай,болған-толған бала-немереге шаттанайық! Бар болған жақсы ғой, бағлан болған одан да ғаламат емес пе?! Сондай ұрпақ туайық,сондай ұрпақ тәрбиелейік! Бір арқа отын үй жылытса,алтындай ұл-қыз еліне,халқына,ұлтына ай мен күн емес пе?! Соларды туайық, соларды іздейік, соларды насихаттайық! «Біз де қатын болғанбыз, қапқа тары салғанбыз…» дегендей, біз де ұл-қыз тапқанбыз, біз де ұл-қыз таптырғанбыз. Ол бір ғана шаңырақтың бақыты екен. Бірақ,елің бақытты болмай сен бақытты бола алмайды екенсің! Олай болса,үйдегі бақыттан қуат алып, үлкен елдік бақытқа тер төккен жан нағыз Азамат атанады, достарым! … Қазақ халқының сапынан күрестен Олимпиада чемпионы шықпағалы 35 жыл болыпты. Мұншама ұзақ уақытты қайда жасырамыз, оған қалай шыдаймыз? Сіздерде жауап бар ма? Менде кілең сұрақ…

     

    Х Х Х

    …Бұл жазба 2015 жылдың жазында жазылып еді. Одан бері тағы бес жыл өтті. Бүгін бұл арманға 40 жыл толды!

    Өкінішке қарай, сол ҰЛТТЫҢ НАМЫСЫНА басын тіккен ЖАҚСЫЛЫҚ батырдың өзі бақилық болды. Бірақ,біздер,тірілердің,міндеті – ол тек ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ АРМАНЫ деп емес, тұтас ҰЛТТЫҢ АРМАНЫ ретінде қабылдап, сол жолда бар мүмкіндігімізді салып, Жақаң армандаған ҰЛТ АРМАНЫНА жетуге ұмтылайық! Ол Сіз бен біздің, яғни,БӘРІМІЗДІҢ қолымызда! Сол ҰЛЫ АРМАНДЫ арқалаған ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ рухы да бізден осыны күн сайын өтініп, бүкіл Қазақ елін шарлап жүреріне дау жоқ!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

     журналист-жазушы, спорт қайраткері,

    Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *