• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң

    Құсбелік пен Саятшылық өнері

    Елімізде ұлттық спортымыздың ішінде құсбелік пен саяткерлік өнерін дамытып жүрген жалғыз ғана ақжаулықты аяулы жанашыр жан бар. Ол – Бағдат Мүптекқызы. Қазақтың осы бір ұлттық өнерінің өрісін кеңейтіп, жағын жоқтап, қазанынында күйіп-пісіп ел алғысына бөленіп жүрген «бүркітшілердің апасы» атанған аяулы жан «Қыран» федерациясының атқарушы директоры,  «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалінің иегері, «Құрметті спорт қайраткері», «Ұлт қайраткері»,  Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» Бағдат Мүптекқызымен кездесудің сәті түсіп, төл өнеріміздің бүгінгі күнгі тынысы мен тірлігі аясында  ой пікірін тыңдаған едім.

    –Бағдат Мүптекқызы, сіздің ұлттық спортымыздың ішіндегі қазаққа тән жақын құсбегілік, саяткерлік өнерінің еліміздің әр аймағында дамуына айталықтый үлес қосқаныңызды білеміз. Әйел адамға осындай ұлттық спорт түрін алып жүру оңай емес шығар? Дегенменде сіздің ұлттық спортымызға деген сүйіспеншілігіңіз, жанашырлығыңыз сіздің болмысыңызға тән екенін көрсетеді. Осы бір ғажап өнерімізді жаныңызбен  қалап келуіңіздің себебі неде?

    Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Аңшылықтың үміт, қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. …Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай шешен сөздер бар. Аңшылық өмірінен ілгері-соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелер көп» деп жазғанындай, бала кезімнен ол туралы керемет әңгімелерді кезінде көп өнерді меңгерген «сегіз қырлы, бір сырлы» ата-анамнан, айналамнан көп естіп өстім. Құсбегілік менің бабаларымнан бері жалғасып келе жатқаны шындық, әкем жас кезінде кішкене қыран құстар қаршыға, ителгі баптап, аң-құсқа салған. Ол кісінің әкесі Тәжі айтулы  бүркітші болған, ал бабам    Бекмырза ауласында 200-дей қыран құстар (бүркіт, сұңқар, ителгі, қаршыға….) тіптен, бұлбұл құсқа дейін ұстаған!  Мен жас кезімде тек біздің ауылда ғана болатын бүркітшілікті Тоқтасын, Молдажан, Бәйтеке, Байжүніс аталарымнан көріп өстім. Мамандығым журналист болғандықтан, алғашқы жұмыс орыным Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» Бас редакциясында жиырмаға жыл қызмет еткеннен бастап, республиканы аралап жүргенде «жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы» туралы ел арасынан көргенімді радиода, баспасөзде жарияладым. 1980 жылдардың ортасында республикада тұңғыш, Алматы облысында бірінші хатшы Заманбек Нұрқаділов, қоғам қайраткері Заманбек Батталханов бас болып, этнограф Жағда Бабалықұлы, бүркітшілер  Сәрсебек Дәулетбақов, Айтбай Жетібаев, Әбен Тоқтасынов,  Әбілхақ Тұрдыбаев, Байжүніс, Сейітжан Көдековтер  Жалайыр Шора атындағы Бүркітшілер мектебінің негізін қалаған шақта қастарында болғаным көп нәрсеге көзімді ашты.

    Жан-жаққа хаттар жазып, Бүркітшілер мектебінің республика көлемінде кеңінен қанат жаюына бар  күш жігерімді жұмсағанның нәтижесі, бұл күнде көптеген облыстарда Ұлттық спорт мектебінде «Құсбегілік» бөлімдерінің жұмысы жанданып келеді.

    1997 жылы Алматы облысының «Сөгеті» ауылындағы «Илантаудың» баурайында өткен  «Бауашар» Бүркітшілер мерекесі  әлі күнге көпшіліктің есінде қалды. Осынау жайттардың бәрі де  мені  қанда бар қасиет- құсбегілікке қайтып алып келді. Ең бастысы, жас та болсам, қастарынан қалмай, үкідей ұшып жүретін шынашақтай қызды алды сексеннен асқан атақты бүркітші аталарым, арты елудегі сол кісілердің соңынан келе жатқан ағаларым қолдады. Ата-анам ризашылықпен қуанып, ақ баталарын берді. Әрине, істен гөрі сөзге әуес жандар әлі күнге дейін бар.

    «Күннің көзін алақаныңмен жаба алмайсың» ғой. Іс нәтижелі болса, айналаңдағы әріптестерің соны түсіне білсе басшылықта кім болса да бәрі-бір емес пе? Бұл ретте, кезінде республиканың спорт министрі болған Анатөлі Құлназаров, Елсияр Қанағатов, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әкешай Жайлаубеков секілді ағалардың,  Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тұңғыш президенті Қайрат Сатыбалды, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Сабыржан Махметов, Бекболат Тілеухан сынды ұлтжанды бауырларымның, бүгінде облыс басшыларының үлкен қолдауы арманыма қанат бітіріп келеді. Соның арқасында  ұлтымның ұлы мұрасын шет елдерге таныстыру, насихаттау құрметіне ие болдым.

    –«Қан сонарда бүркітші шығады аңға» демекші, мұзбалақ қыран құстарын қыстағы аңшылыққа бүркітшілер қалай дайындайды? Құсбегіліктің қыр-сырынан әңгімелеп берсеңіз?

    –Бүркіт салу – бабадан жалғасқан асыл мұра, салт-дәстүр, текті өнер, саятшылық құру тым ертеден қалыптасқан дәстүрлі өнер, ұлттық мәдениет екендігі белгілі. Бүркіт – қазақ халқының  өжеттік, ерлік, алғырлық, асқақтығының белгісі. Әрбір аңның тіршілік ету ортасын, оның қорғанудағы қашу, бұлтару, тосқауылдау,  із тастау секілді  айла-тәсілін, күндізгі және түнгі  өрісі, аулау маусымындағы  мекендері, азықтану ерекшеліктерін қалт жібермей қаперінде ұстаумен қатар, алпыс екі айлалы түлкі,  қарымы мен  қайсарлығы қатар жүретін қасқыр, арқар мен аю секілді қоңыр аңдарды қанды шеңгеліне қысатын  қыран бүркітті баулып, қатерлі іске бас тігіп барып, алпарысқан асауды бабына  келтірген батыл да төзімді жанды  ғана халық «Бүркітші» деп бағалаған.

    Бүркіт баптау еріккеннің ермегі емес, өте қиын өнер. Оны жан-тәнімен ұғынып, қиындығына мойын ұсынған жанкешті адам ғана түз тағысын өзіне  бағындырып, қызығын көріп,  қалаған аңына сала алады. Оның үстіне жыл он екі ай тек етпен ғана қоректенетін және ол түн асқан, сүріленген емес, «жылы» қалпында ғана азық болатынын ескерсек, жыртқыш аң-құстан қалған жемтікті жемейтін текті Қыранның қалағанын тауып беріп, асыраудың да машақаты жетерлік.

    Қолындағы Қыранын баласынан кем көрмейтін құсбегілер қыстағы аңшылықтың қызығына ерте көктемнен-ақ жан-жақты дайындала бастайды. Наурыздан бастап қам жасап, қолындағы қыранын шама жеткенше шалғынды жайлаудың қоңыр салқын ауасында еркін тыныстатып, суы мол өзеннің жағасына қоныстанып, құсының томағасын сыпырып, балақ бауларын босатып, азығын молынан беруге тырысады. Содан аңшылық маусымы басталатын қараша айына дейін қыста аңмен алпарысып, тал-тасқа соғылып сынған, жұлынған қанаттары түсіп, семіріп, жаздай түлеген қыран қалпына келеді. Осы кезде томағасы киіліп, аяқ бауы қайта тағылып, тамағы тартылып, әр құстың болмыс-бітімі, ерекшелігі ескеріліп, әр құсбегінің таным-түйсігіне қарай  кәнігі спортшыдай баптала бастайды. «Қыран құс не алмайды, салса баптап» деп, құстың тілін шеберлікпен тани білген кәнігі құсбегілер болмаса, адамның аяншағы, жалқауы, көнбейтін кекшіл мінезі секілді оның түрлі мінезіне қарай әрекет ете алатын көргенді, көнпіс, білгір бапкерлер кез болса, құстың бабының болғаны, бапкерінің бағының  жанғаны! Бұл өнерді жанына серік етіп, одан жалықпайтын жандар ғана түбінде жан рахатына кенеледі.

    –Ұлттық спорттың ішіндегі құсбегілікке үкімет тарапынан қандай қолдау көріп жатырсыздар, негізі осы ата-бабамыз кәсіп етіп, кейін ұлтымыздың құндылығына айналған құсбегілік өнері бүгінгі таңда елімізде қалай дамуда? Қанша облыста федерациялар жұмыс істейді?   

    Өте дұрыс айтасың. Көк аспанның патшасы, «бүкіл әлем –  менің қанатымның астында» дейтін түз тағысы, тарихымыздың    бастауында күнкөріс кәсібі болса да, табиғатпен етене жақын қазақты өзгелерден ерекшелендіріп тұратын ерекше ақсүйек өнері болып қалды, белгілі жазушы  Сәбит Мұқановтың тілімен айтқанда «Ұлттық спорттың биік шыңы»!

    Алғаш қоғамдық негізде құрылған Бүркітшілер мектебінің бастамасын аяқсыз қалдырмастан, Алматы облысының бұрынғы басшысы, марқұм Заманбек Нұрқаділов он жыл бойы ешқандай спорттық Ережеге қарамай-ақ, «Сонар» Бүркітшілер жарысын өткізуге қолдау көрсеткені шындық.

    «Салауатты өмір салтын енгізу» деген ұран болғанда, бүкіл қоғамның қозғалысы сол кезде ұлттық құндылықтарымызды қорғап, жандандыруға айтарлықтай әсерін тигізді. Міне, осы кезде 1997 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында өткен Бүркітшілердің «Бауашар» мерекесі келер жылғы Қарағанды облысының Шет ауданындағы құсбегі Тілеуқабыл Есенбек ағамыздың Арқадағы  алғашқы  бүркітшілердің басын қосып, жарыс өткізуі жақсы істерге жол ашты. Осыдан кейін-ақ, көп ұзамай сол кездегі республикалық Спорт комитеті төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовтың ақыл-кеңесімен «Саят» Құсбегілер жарысының Ережесін жазып, ұлттық спорт түрлерінің бірі ретінде Спорт комитетінің жыл сайынғы өткізетін спорттық шараларының  Күнтізбелік жоспарына кіргізген болатынбыз. 2005 жылы белгілі өнер иесі, қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаевпен «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебінің негізінде республикада тұңғыш «Қыран» федерациясы қоғамдық қорын, ал биылғы жазда «Қыран» дәстүрлі аңшылық және экотуризм Орталығының шаңырағын көтердік.

    Облыстарда  осыдан бірнеше жыл бұрын «мемлекет қаржы бөледі екен, міндетті түрде әр облыста федерациялар құрылып, аккредитациядан өтуі тиіс» деген соң, жақсы жаңалыққа елең еткен жұрт жоғарыдан айтылғанды орындағанымен, әлі күнге федерацияларға бір тиын да бөлінген жоқ. Жастардың талабы, қызығушылығы  бар. Ал, жылда  бес-алты облыста өтіп жүрген жарыстарға соншама көңіл бөлініп, қомақты қаржы құйылып жатқанынан онша хабарым жоқ. Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы  «Қансонар» республикалық турнир,  Ақмола облысындағы Мәсіп Батырханұлы атындағы және Астана қаласындағы Күнтуған Тоқтыбаев атындағы халықаралық турнирлер, сонымен қатар жастар, ересектер арасында республикалық,  халықаралық жарыстар бар.

    Алматы облысы әкімдігінің ғана қолдауымен отыз жылдан аса дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан  «Сонар» облыстық, республикалық, халықаралық турнирлерде жүлде қоры  басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, бүркітке ғана  бес орынға, қаршыға мен сұңқарға жекелей және биылдан бастап, аңшы иттерге жүлде берілетін болды. Атап өтерлігі, жарысқа келетін спортшылардың жатар орыны, тамағын тегін қамтамасыз ететін, Алматы облысының Құсбегілерінің іссапар шығындарында құсты бөлек купе вагондарында тасымалдауға және азықпен қамтамасыз етуге қаржы бөлетін жалғыз облыс!

    «Қыран құс не алмайды салса баптап» демекші, аңшының бүркітті қолға үйрету құпияларынан ой бөліссеңіз?

    Қазақ  қыраннан – қырағылық пен ептілікті, тұлпардан – тектілікті, бөріден – өрлік пен ерлікті бойына сіңірген халық. Ал қыран еркіндікті сүйетін құс болғандықтан да,  кез келген адамның бабына көне бермейді. Әрине, түз тағысын томағалап ұстап, өзіңе бағындыру, қалаған аң-құсқа сала білу кез-келгеннің қолынан келе бермейді, асқан төзімділік пен сабырлықты, мейірбандық пен сүйіспеншілікті талап етеді. Оның үстіне қарға-құзғыннан қалған жемтікке көз салмайтын, таза өз еңбегімен, жаңа ұстаған аң-құсының етімен ғана қоректенетін талғамы жоғары, текті құстың иесі өзіне сай келмесе, қайран өмірі босқа өткені де. Түз бүркітіне қарағанда, қолбала бүркітті баптау өте қиын! Өйткені, түз бүркітін ата-анасы тәрбиелеген, өте бабы келіскен құс. Ал, қолбаланы ұядан ұшатын кезде қолға алып, барлық күтімі мен бабын иесі жасайды. Қалай тәрбиелеп, бағады, бабын келтіреді, ол-иесіне, құсбегінің шеберлігіне байланысты. Негізінен, бір жылдан аса уақыт кетеді. Сондықтан қазақта «Ұяда не көрсең, соны ілесің» деген мақал бар.  Бүркітші шыдамды, мейірімді, жауапкершілігі мол, табиғатты шексіз сүйетін, салауатты өмір салтын ұстанған(арақ, темекі, жаман әдеттерден ада) бір бойында бірнеше  өнерді жинаған сал-серілердің жалғасы!

     «Он баласы бар, он мың жылқысы, он мың қойы бар әулетке барсам екен» деген тілеуі жақсы, тәуелсіз Қазақстанның көк туында қанатын кеңге жайған қыран еркіндіктің, биіктіктің, қайтпас рухтың символы.

    Қазақстанда құсбегілік өнерін терең меңгергендердің статистикасы бар ма?

    Осы салада отыз жылдан астам ғұмырымды арнаған адам ретінде артық айтқандық болмас, ол турасында мен көбірек білетін сияқтымын. Өйткені, осы уақытқа дейін жүйелі түрде есеп жүргізіп жатқан ешкім жоқ деуге болады. Бүркітшілік алғаш қолға алынған жылдары жиырмаға жетпейтін құсбегілер бар еді, қазір мемлекеттің қолдауымен, «Қансонар» республикалық аңшылық шаруашылығы мен  аңшылар қауымдастығының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бірлесіп атқарып отырған жұмыстары арқасында республикада қаршыға, ителгі, бидайық, лашын секілді ұсақ құстарды қосқанда жүзден асады. Солардың тең жартысы нағыз өнер иелері деуге болады. Мәселен, бүркіт баптауда Алматы, Атырау, Жамбыл, Астана алдыңғы орында тұрса, ұсақ құстарды баптауда Маңғыстау,Түркстан облыстарында жақсы тәжірибе қалыптасып келеді.

    Қазақстанның батысындағы Атырау облысында  екінші Алтын адам  табылғанда жанында бүркіт бірге көмілгені анықталды. Яғни, біздің ата-бабамыз мыңдаған жылдар бұрын осы бүркітшілікпен айналысқаны белгілі болды. Ал қазіргі жастарды  осы қасиетті өнерге тартудың қандай жолын көресіз?

    Әрине, күні-түні телефонға телміріп, айфонның қызығынан шыға алмайтын мына жаҺандану заманында жастарды қолындағы «қызығынан» алшақтату оңай емес. Дегенмен, «тал бесіктен» басталатын тәрбиені ұлттық тұрғыда жүргізіп, табиғатты сүюге ерте бастан тәрбиелесе, әсіресе, жастайынан құсбегілікпен айналысып, ірілі-ұсақты жарыстарда жеңімпаз болып, көзге түсіп жүрген ерекше жастарға қолдау, көмек көрсетілсе  бұл өнерге олар жақындар еді. Аудандарда ғана ұлттық спорт мектептерін ашып қоймай, жоғарғы оқу орындарында арнайы факультеттердің санын көбейтіп, оған түсетін талантты, құсбегілікпен айналысатын жастардың жолын жеңілдетудің шараларын мемлекет деңгейінде қарастыру қажет. Осы  орайда, республикадағы спорт саласындағы мамандарды тәрбиелеп шығаратын байырғы, іргелі жоғарғы оқу орыны Қазақ туризм және спорт академиясының Ұлттық спорт түрлері кафедрасының биылғы жылы жабылып қалғаны нені көрсетеді?! Ұлттық құндылықтарға деген жанашырлық жоқ.

    Бүркіттің балапан кезінен бергі атуларын айтсақ,  1 жаста балапан, тастүлек, қантүлек… осылай жалғаса береді…

    –Иә, бүркіттің жасын кәнігі құсбегілер оның қанат, қауырсындарының түсіне, дене бітіміне қарай анықтап жатады. Бүркіттің жасы әр жерде әр түрлі айтылады. Бір жерде балапан, қантүлек, тірнек, тастүлек, жана, қана, ана. Ал, енді бірде балапан, тірнек, тастүлек, құмтүлек, қу түлек, мұз түлек, қана, балабаршын, тұлымыр, сана… бүркітшілер осылайша, жиырма, отыздан аса атаулары бар десе, академик Әлкей Марғұлан өзгеше атайды, ал, этнограф-ғалым Биқұмар Кәмалашұлы бүркіттің тек-тұрпатына қарай ақиық, ақ балапан, ақбұршақ,  бақабас, бұқатана, баршын, қандыбалақ, қырансары, мұзбалақ….дей келіп, қыран бүркіттің  94 ат-атауы бар екенін жазады.

    –Бағдат Мүптекеқызы, өзіңіз көп жылдан бері аянбай еңбек еткен  құсбелгілік пен саяткерлік өнерінде ізіңізден ерген шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз? Сонымен қатар, осы бір ұлттық өнерімізге балалар мен немерелеріңіздің арасынан қызығушылқ білдіргендері бар шығар?

    –Арман, мақсат деген жүйрік ат секілді. Жалына бір жармасқан соң, көңілің орынына түсе бастаса әрі қарай кете бересің. Отыз жылдан аса ғұмырымды арнаған бабалар аманаты елдің көзіне түсіп, назарын аударды, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы оянды. Қасымда қолында кішкене ғана қаршыға ұстап жүрген жеткіншектердің қатары көбейіп келе жатқанын  көргенде, көңілім көкке жеткендей боламын. Жасы да, жасамысы да «бүркітшілердің апасы» дейді. Бұл дегеніңіз, асыл мұрамыздың өміршеңдігін көрсетпей ме?!

    Қазақстанда тұңғыш  «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебін ұйымдастыруда көш басында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 30 жылдан астам тер төгіп, қазақтың бабадан қалған бай мұрасын әлемдік дәрежеге жеткізу саласында ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұралары тізіміне» енгізуге бар күш-жігерімді  жұмсадым. Аллаға шүкір, мақсатыма жеткеніме қуаныштымын!

    1990 жылдардың соңында Қарағанды облысы Шет ауданынан 14 жасар Мақпал Әбдразақова, 2000 жылдардың басында Алматы облысы Райымбек ауданынан Ақбота Бағашарқызы бірнеше жылдар бойы бүркіт салды. Алланың берген үлкен сыйы Дидар баламнан екі немеремнің үлкені Бұлбұл 7 жаста, Батыр 5 жаста,  әлі кішкентай болса да Қыран құс көрсе қызықтап, қазақтың төбеті мен тазысының қасынан қалмайтын жанкүйер, жанашыры. Үлкен ағайым Жұмағұлдың Мағауия, Елтай, Ернар атты немере бауырларымның балалары Данияр, Қайнар, Арнұр, Нұртөре, Ерсұлтан, Жанельдер   бүркіт, тазы ұстап, жарыстарға қатысып жүр.

    «Қарлы  бораны бетті қарыған, бүркіт салып  түлкі алдырған» демекші, қазақтың осы құдіретті төл спортын әлем сахнасына алып шығудың жолын айтсаңыз? Біздің осы қаймағы бұзылмаған  ұлттық өнерімізден үлкен шоу сияқты жарыстар өткізіп, шетелден біздің өнерге құштар жандарды шақырып, бір дүбірлі-думан ұйымдастыру жобалары қалай іске асып жатыр?

    –Қазақ халқы қастерлеп, жасы жылға толмай  тұрып керекке жарап, адам қажетін өтейтін балапан бүркіт, еккен егін, қозы қошқар, күшік итті   төрт асылдың біріне санағаны тегін емес. Бабадан – балаға жалғасып келе жатқан Құсбегіліктей  қазақтың ақсүйек өнерін тым әсірелеп, қаланың онсыз да шуы көп аядай ауласында шоу жасағаннан гөрі, қадірін кетірмей-ақ, қаладан қашықтау жерде нағыз аңшылықтың өзін көрсетсе, көрермендер де риза, бабадан қалған бағзы өнер, санадан өше бастаған  салт-дәстүр, аңшылық мәдениетін ұрпақ та ұмытпас еді.

    Шыңғысхан  Саян-Алтайдағы  түркі тайпаларын  қол астына біріктіргенде, олардың көсемдері  кезінде сый-құрметтің  төресі саналған, қолдарына қыран ұстап, сән-салтанатпен  барып қағанға кірген. Еуропа елдерінде  құсбегілік, орта ғасырларда тарағанын италиялық Марко Поло, ресейлік  Николай Карамзин, поляк Адольф Янушкевич  жазбаларында айтылады.

    Құбылай ханның  қол астында  15 жыл қызмет еткен италиялық Марко Поло туралы пизалық жазушы Рустичеллоның естелігінде «Құбылайдың қолға үйреткен  500 ақсұңқары, өзге қырандары, оларды баптайтын 10 мың  құсбегісі» болғанын тамсана жазады. Ал, тарихта сондай-ақ,  Шыңғыс ханның  3 мың бүркіті,  2 мың қаршыға, 12 мың сұңқар, Жошының  3 мың, Абылайдың 500 бүркіт, 300 қаршыға мен  сұңқар ұстағаны туралы деректер бар. Ал, ел тізгінін ұстаған билеріміз бен сал-серілеріміз ше?!  Қазақ тарихында ертеден саятшылық өнердің: Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда, Алтай-Сауыр  секілді бірнеше мектебі бар екендігін ескерсек, сарғайған тарих беттерін ашса, талай деректер табылары анық.

    Ер-тұрманын алтынмен аптап, күміспен күптеген әдемі әбзеліне сай  атын таңдап, алтын балдаққа ақиық қыранын қондырған  қазақ жұртының күнкөріс кәсібі болған аңшылық, хан – төрелердің, би–шешендердің, сал – серілердің көңілін  аулап, сейіл құрғызар, сән – салтанатын асырар ақсүйек өнері екендігіне дәлел көп. Осы ретте Шоқан мен Шәкәрім,  Абайдай асылдарымыз, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мәди, Ақан сері мен Сегіз серілердің, Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезовтей  аяулыларымыздың айнымас  серігі болған шоқтығы биік мұра әлі күнге бір ізге түсіп зерделеніп, зерттелмей тұр.  Туған жерін, еркіндігін аңсаған Иманжүсіптей асқақ әншінің: «Бүркіт ұстап, басыңа бір шығар ем, Көзіме бір көрінші, Ерейментау!»  – деп келетін толғаныс тұнған өлең жолдарынан   бүркіттің еркіндіктің символы, сері көңілдің серігі екенін анық аңғарамыз. Кезінде әйгілі академик Әлкей Марғұлан да бүркітшілікті ежелі мәдени ескерткіштердің бірі,  ғажап құбылыс, зор ғылым ретінде жоғары бағалай отырып:  «…Саятшылықтың, әсіресе қазақ  халқының  тарихында, мәдени дамуында маңызы зор болғаны белгілі. Қазақ тілінде осы саятшылыққа байланысты  туған  мың жарымдай сөз бар, олар қазірде небір тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте  кеңінен қолданылады. Саятшылықты халық ежелден өнердің бір түрі деп бағалаған. Оны пайда табу немесе күнкөріс  көзі санамаған. Біз бір кездерде  қалың жұртты қайран қалдырып,  талайлардың таңдайын  қақтырған  осынау өнердің  біртіндеп сиреп,  қайталанбастай болып  жоғалып бара жатқанының куәсі болып отырмыз. … Саятшылық өнер арқылы  халық табиғатпен  қоян – қолтық араласып, оған жақындығын сезінетін, енді осы сезім сейілсе, бір кезде  дамып қанат жайған  халық мәдениетінің  де бір бөлшегі  ұмытылғаны емес пе?»,– деп  алаңдаушылық  білдірген болатын.     Ол кезең, ортақ үй, ортақ мәдениетті дәріптеген өктем елдің өзіндік  саясатын іске  асыру, өзгенің төл дүниесін өшіруге бағытталғаны белгілі. Сол тас қамалдың іргесі бұзылып, тәуелсіздігін төрткүл дүниеге таратқан халқымыздың бүгінгідей еңсе тіктеген тұста жоғалтқан құндылықтарын түгендей бастауы, ұлттық намысының оянуы, туған халқының алдындағы перзенттік парызын ұғынудың  алғы шарттары деуге болар.

    Қазақстанда бүгінде туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі, осы орайда, әлемдегі халықтардың ішінде түз құсын қолға түсіріп, қалаған аң-құсына сала білетін халқымыздың ерекше ақсүйек өнерін кезіндегі хандарымыз бен билеріміздің, сал-серілеріміздің салып кеткен сан ғасырлық жолы жалғастыру бағытында біршама  жоспарларымыз бар. Бүгінгі жеткіншектерді тек жыл сайынғы болатын спорттық жарыстарға қатыстырып, ата жолын жалғастыра алмайсың. Жаңа бетбұрыс, заман ағымына қарайлай бермей, оларды бабалар салған бағзы жолдан адастырмаудың қамын ойластыру қажет.

    Ат төбеліндей, аз ғана құсбегі тек өлермендікпен ғана өз күнін көріп, сүйген өнерінен айырыла алмай отыр. Осынау ұшы-қиыры жоқ кең далада  жүзден  сәл ғана асатын  сал-серілердің  қалдығы, Қыран құс иелеріне үкімет тарапынан жан-жақты көңіл бөліп, жағдайларын жасауға қамқорлық танытса, еліміз әлемге осынау қайталанбас хас өнерімен де әйгілі болар еді. Ал, көршілес қырғыз еліне қараңызшы! Бізге тән ұлттық құндылықтарымызды өз игіліктеріне айналдырып, оған үкімет айырықша көңіл бөліп, «Көшпенділер өркениеті» деген атаумен  әлемдік сахнаға шығарып жіберді. Ойланатын жайттар көп-ақ. Қыран құс – қанатын кеңге жайған бүркіт мемлекеттік рәмізіміздің бір бөлшегі, халқымыздың болмыс-бітім, рухы! Оны қорғау, республикамыздың  әрбір азаматының асыл парызы, міндеті. Бұл тұрғыдан алғанда, әуелі, Қыранның мәртебесін мемлекеттік тұрғыда айқындап, ерекше мәртебе беру керек. Ұлттық бренд, бабадан қалған мәдени мұра, ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұралары тізіміне» енген, мемлекеттік рәмізде тұрғандықтан, заңдарға өзгеріс енгізіліп,  құсбегілерге ғана қыран құстарды ұстауға жеңілдіктер берілуі тиіс.  Сонда заң да қатаяды, оны қорғаудың шаралары қатаң қолға алынады, ұлттың рухы күшейеді.Ұлттық спорт түрі бойынша да, оның кеңінен насихатталып, халықтың таным-түсінігіне де ерекше әсер етер еді. Ұлттық спорт мектептерінде «Құсбегілік» оқу құралдары жоқ,  тек топ қана болып оқытылып жүр, алдағы уақытта жеке мектеп болып ашылуы тиіс.

    Көп жылдардан бері шешілмей келе жатқан мәселе – қыран құстарды автокөлік, теміржол, ұшақтарда тасымалдау тәртібі, спорт мектептерінде оларды азықпен, атпен, құрал-жабдықтармен қамту назарға алынбай келеді. Ата-бабаларымыз қолға үйреткен балапанды он жылдан кейін міндетті түрде өсімге, табиғатқа жіберіп отырған. Ал, бүгінде қолдағы бар құстарды уақыт өте келе өсімге, еркіндікке жіберу, қолға қайтадан ұстау жағы да қарастырылмаған.  Бұл саланың өзіне жетерлік проблемаларының өзі жеке бір тақырыпқа жүк болары сөзсіз. Тек бүгінгідей  заманда бір ғана туристік саласымен  бір мемлекетті асырап, әлемге аты әйгілі болып отырғандарды көргенде, өзге халықтарда сирек кездесетін, қазақтың өзіне ғана тән құсбегіліктей ақсүйек өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілсе, елдің туристік әлеуеті экономикамызды әлдеқайда көтеріп кетер еді. Түз тағысын қолға үйретіп, томағасын алып, кең далада қалаған аңына сала білген құсбегінің бір күндік табиғатпен үндескен әсем көрінісін сөзбен жеткізгенше, «Салбурынға» шығып, тарихы тереңнен тамыр тартқан, өзіндік салт-дәстүрі,  даласындай дархан көңілін көріп,  жиналмаған  кең дастарханынан дәм татып барып, саятшылықтың сырына қаныққысы келген әрбір жанның мұндай жан рахатына жиі келмеске амалы болмас еді! Дегенменде осы уақытқа дейін жасалған жұмыстарымызды жоққа шығара алмаймыз.

    2007 жылы Ұлыбританияда 37 мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен «Қыран құс салушылардың дүниежүзілік І-ші Фестивалінде»  «Қазақ құсбегілері» атты тұңғыш қазақ тілінде жарық көрген фото альбомым  және фотостенд жақсы бағаланып,  сонымен қатар қазақ құсбегілерінің құрал-жабдықтары таныстырылып, саятшылық өнері жан–жақты насихатталды.

    2015 жылдың 27-30 қаңтарында арнайы шақыртумен Қытайдың Алтай аймағында «І-ші Қытай-шіңгіл Халықаралық Салбурын» мерекесінің аясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қазақстандағы құсбегіліктің дамуы» атты ғылыми баяндама  жасап,  «Қыран бүркіт» атты үш тілде жарық көрген фотоальбомым  таныстырылды; Сол жылдың қыркүйек айында Бурабайда Бүркітшілердің  ІІ Халықаралық фестивалінде  «Құсбегілік өнердегі  ұрпақтар сабақтастығы» тәжірибелік кеңесінде  де ғылыми баяндамам көпшіліктің көңілінен шықты.

    «Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,

    Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң», деп адамзаттың  Абайы айтпақшы, бабалар аманаты қашанда салмақты, әрі жауапты. «Аттың жалында, түйенің қомында» жүрсе де, таза табиғатпен үндестікте өмір сүріп, қанында бар өнерін, қайталанбас қасиетін жоғалтпаған көшпенділердің, Ұлы даланың ұрпақтары, тәуелсіз мемлекеттің халқы ретінде  Аманатқа-қиянат жасамау баршамызға сын болмақ.

    Бағдат Мүптекқызы, сіздің осы бір қазақтың  қасиетті құсбелік өнеріне қаншалықты жүрегіңіз жылып, жаныңыз ашып қарайтындығыңыз тігісін тарқата айтқан әңімеңізден білініп-ақ тұр. Ұлттық өнеріміздегі өзекті, қат-қабат тұрған түйінді мәселелердің шешімідеріне жол сілтеп, танымдылықпен түбірін қозғап берген құлашты сұхбатыңыздан жанашырлықтың лебі есіп тұрғандай.  Біз қазақ кеңпейіл қонақжай, халықпыз. Жауымызды төрге шығарып алдына ас тартып, сый ететін, еш елге ұқсамайтын ұлы ұлттың ұрпағымыз. Дегенменде кей кезде осындай шектен тыс кепейілділіктің зардабын тартып жатамыз. Айталық, ұлттық сусынымыз қымыз бен қымыранды немістер ұнтатақтап сусын ретінде шығарып, көл-көсір табысын көре бастаса, іргелес жатқан айыр қалпақты ағайындар көпарымызға ауыз салып иелік етіп барады. Тіпті, «Көкбөрі» Азия федерациясын құрып жатыр. Міне, осындай олқылықтарды жіберіп алмау үшін өзге де ұлттық спорт түрлеріне құрметпен қарап, қолдау жасауымыз керек. Әйтпесе, кеш қалып аh ұрып қаламыз. Күні ертең шетелдің бірі ұлттық құндылықтарымызды өзіне теліп алса, сонда жанымыз қасірет шегіп қала береді. Осындай қателіктерді жіберіп алмау үшін Бағдат Мүптекқызы секілді ұлттық құсбегілік өнерімізді әйел болса да еліміз ғана емес әлемге шығару жолында табанды еңбек жасап жүрген жаннан қалай ғана сүйсініп, айналмассың. Қазақ әйелдері арасынан алғаш болып атқа қонып, ұлттық өнеріміздің жоғын жоқтап, барын сүйіншілеп жария етіп жүрген жанашыр аяулы жанға алла тек разылығын беріп, ел игілігі үшін еткен еңбегіңізбен қыран құстай  биікке  көтеріле берсін демекпін. Мазмұнды әңгімеңізге де рахмет айтқым келеді.

     

    Әңгімелескен Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *