№ 34 Кенен ауылдық кітапханасында «Бала күнгі бір кітап» жобасы аясында ауылдас ағамыз, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі , Сейдахмет Бердікұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Яхонтов атындағы халықаралық «Сөз өнері» байқауының жүлдегері (Ленинград – 1989), Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы ревизиялық комитетінің төрағасы, тұңғыш рет қазақ күресінен ашылған интернет сайттың авторы, Қазақ күресін БАҚ арасында дамыту жолындағы еңбегі үшін медалін тұңғыш алған журналист, Желтоқсаншы Ақын Ордабайұлымен кездесу кеші болып өтті.
Кездесуге Кенен ауылдық әкімшілігі қызметкерлері, № 42 орта мектеп директоры Ғ. Байгелова, К.Әзірбаев мемориалдық музейінің әдіскері М.Кененов, Мәдениет үйінің қызметкерлері шақырылды. Ақын аға өзінің бала күнгі оқыған С. Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесі туралы әңгімелеп, балаларға оқуға кеңес берді. Бала кезінде Кенен атадан және қазақтың ақын қызы Ф.Оңғарсыновадан қалай бата алғандығы туралы қызықтыра әңгімеледі. Балалардың сұрақтарына жауап беріп, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттер жайлы сөз қозғады. Ағамыздың тағы бір қыры бала кезінен ән салады екен. Қазақтың қара домбырасымен К. Әзірбаевтың «Қайран жастық» әнін шырқап, бір серпілтіп тастады. Кеш соңында өзі жазған «Ізгілікпен өрілген өмір» кітабын сыйға тартты.
Музыка пәні мұғалімі Б.Баекенова Кенен атаның «Бастау» әнін, ал мектеп оқушысы А.Ерен Құрманғазының «Адай» күйін тартып, қонақтарымызға керемет көңіл сыйлады. № 42 Е. Қашағанов атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушылары Ақын ағаның қаламынан туған бірқатар өлеңдерін жатқа оқыды. Кездесуде басқа да оқырмандар тілектерін білдірді. Жақсымен бірге өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей демекші кездесу кеші оқырмандар мен қонақтарға жақсы әсер қалдырды деген ойдамын. Қаламыңыз ұштала берсін, Ақын аға!
Роза НҰРАХМЕТОВА,
№ 34 Кенен ауылдық кітапханасының меңгерушісі,
Кенен ауылы,
Қордай ауданы,
Жамбыл облысы