13-14 мамыр күндері Ақмола облысының Қорғалжын ауданында алғаш рет «Жігер – 2022» оқушылар спартакиадасы өтті.
Оған аудан бойынша 13 мектептен 446 бала қатысты. Спартакиадада оқушылар тоғызқұмалақ, футбол, дзюдо, асық ату, үстел теннисі, президенттік көп сайыс, қыздар және ұлдар арасындағы волейбол секілді спорт түрлерінен бақ сынасып, мықты дегендері жеңіс тұғырына шықты.
Жарыста төрешілердің шешімімен бірінші орынды Қорғалжын мектеп-гимназиясы, екінші орынды Ақтан Төлеубаев атындағы орта мектебі иеленсе, үшінші орынды Арықты орта мектебінің жастары жеңіп алды. Марапаттау рәсімінде жеңімпаз бен жүлдегерлерге Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Дарын Сабырғалиұлы үш орынға берілген ақшалай сертификатты табыс етті.
Ал Спартакиаданың ашылу рәсімі орталық стадионда салтанатты жағдайда өтті. Оған бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, «Вэл Баркер» кубогының иегері, екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2007), Азия ойындарының жеңімпазы (2010) Серік Сәпиев, Казақстандық спортшылар одағының президенті, бокстан жастар арасында әлем біріншілігінің жүлдегері Азамат Қарлығашев, осы жарыстың демеушілерінің бірі, Каратэ кикушункай федерациясының вице-президенті, астанадағы спорт мектебінің директоры, Қорғалжын ауданының Үшсарт ауылының тумасы Азамат Имашев, спорт жанашыры, сайысқа атсалысып, көмек қолын созған, Нұр-Сұлтан қаласы спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы, Қорғалжын ауданы Кеңбидайық ауылының тумасы Бақтияр Масанов пен басқа да жерлес-азаматтар қатысты.
Осы жерде Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, Қорғалжын тумасы, ҰҚК-ің отставкадағы полковнигі Файзулла Қаменов Серік Сәпиевке қорғалжындық зиялы және спорт қауымының атынан салтанатты түрде қарабайыр тұлпар мінгізді. Атақты боксшыға Қорғалжын азаматтарының ат мінгізгені тегін емес. Өйткені, Олимпиада чемпионының туған атасы Даут осы Қорғалжын аймағында туып-өскен. Қазір оны біреу білсе, біреу білмейді. Сол себептен біз осы жолдарды жазып, оқырманға Серік Сәпиевтің шыққан тегін көрсетуді жөн көріп отырмыз.
Енді Спартакиада алдағы уақытта да жалғаса береді. Келесі жылы ол Қорғалжын ауданының Жантеке ауылында өтсе, 2024 жылы Сабынды, 2026 жылы Кеңбидайық ауылдарында жалғасады. Ендеше, жерлестеріме бастаған істеріңіз берекелі болсын дей отырып, Қорғалжын ауданының жастарының Сәпиевтей тегіне тартқан атақты спортшы болып, биік белестерді бағындыра берулеріне тілектістігімді білдіремін.
Ардақ ТОҒЫМОВ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледж директорының кеңесшісі, спорт сарапшысы, Қорғалжын ауданы тумасы, Қазақтың Спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұйымдастыруымен өткен «Жыл үздігі-2021» конкурсындағы «Ең үздік баспасөз хатшысы» аталымының жеңімпазы
Большое спасибо за подробную информацию.