• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ардагер балуанға құрмет көрсетілді

    Еркін күрестен Қазақстан спорты тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалған балуандар аз емес. Солардың бірі әрі біргейі — Мәлік Нәдірбеков.

    Мәлік Нәдірбеков КСРО-ның спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Мәлік ағамыз ел біріншілігінде бес рет үздік шықса, ауыл жастары арасында Одақ чемпионы атанған. Ол өзін әйгілі балуан әрі жаттырықшы ретінде жақсы қырынан көрсете білді. Айталық, еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрама командасының тізігінін ұстап, талай-талай мұзбалақ апайтөс балуандарды тәрбиелеп шығарған білікті бапкер. Оның ел спорты үшін еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол Қазақстан Республикасы президентінің Құрмет граматосымен марапатталған. Еркін күрестен КСРО кезінде бозкілемнің шаңын шығарып, Одақ көлемінде қазақтың атын шығарған балуандардың қатарында Мәлік Нәдірбеков ерекше аталады. Сол Одақ көлемінде өтетін дүбірлі додаларда қазақ балуандарының арасынан қара үзіп шыққан Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Ғапсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқарбек Иманқұлов, Рамазан Нұрманов, Жақсыжол Көрпебаев секілді апайтөс арғымақ балуандардың арасынан Мәлік Нәдірбеков ағамыздың алар орны ерекше.

    Бүгінгі Алматы облысы бойынша жалауы көтерілген бұл жарыс сол Мәлік Нәдірбекұлының атына арналды. Оған Алматы облысының 8 ауданы және Алматы қаласынан 200-ге тарты балуан келіп қатысты. Аламан жекпе-жек Есік қаласындағы Балалар мен жасөпірімдер атындағы спорт мектебінің шаңырағында өтті. Бұл жарысқа айтулы мектептің тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Екі күн бойы жеңіс үшін бар шеберліктерін көрсеткен жас балуандардың арасынан топжарып шыққандардың есімдері анықталды. Әсіресе, Алматы қаласындағы Кəркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жасөспірім түлектері жарысқа тігілген бар алтын жүлденің бәрін жиып алып кетті десе болады.

    Бұл сында 12 салмақтағы алтын жүлденің көпшілігін Кəркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің балуандары жеңіп алды. Мысалы, 35кг салмақта Жауынбай Нұрмахан, 48 кг салмақта Жандос Жалғасов, 57 килода Әлихан Дәндібай сынды балуандар болашағынан зор үміт күтуге болатындықтарын тартысты күресімен әдемі көрсетті. Әсіресе, Нұрмаханның шеберлігіне көрермен ерекше қол соғып, өнеріне тәнті болды. Ендеше, еркін күресте еліміздің атын әлем, Олимпиада ойындарында абыроймен танытатын жүректі де білекті балуандар өсіп келеді деген ұғымды білдіреді. Дегенменде, Есіктегі Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінде жаттығатын бота балуандар да арнайы мектеп-интернаттан келген тәжірбиесі мен шеберлігі басым қарсыластарына әжептеуір қарсылық көрсетіп, жүлделі орындарды жеңіп алып жатты.

    Негізі, ауыл — аймақта таланттар жетеді. Тек соларды тани біліп, К.Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мен «Шаңырақта» орын тепкен республикалық спорт мектеп-интернаттарына тарта білсе, қазақтың жастары атан жілікті ағалары секілді әлем биігінде атой салар деген сенімдеміз.

    Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен медальдарын алып, естелікке атақты балуан аталарымен суретке түсіп жатты. Мәлік Нәдірбеков, Жақсыжол Көрпебаев секілді аттары алты Алашқа танымал ардақты аталарының батасын алған жасөпірім жеңімпаздар бұл күнді ұмыта қоймас сірә.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Алматы облысы,

    Есік қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *