Астанада 3 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қостанай облысының әкімдігі, «Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы» ММ, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі» КММ ұйымдастыруымен Ұлт-азаттық көтерілісінің Бас сардары, Халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Іч-с-шаралардың негізгі мақсаты: Жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи тәжірибені болашақ ұрпаққа жеткізу.
Конференцияға Қостанай және Астана қалаларының Мәдениет басқармасының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, 1916 жылғы оқиғаларға қатысушылардың ұрпақтары, ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылар, қала тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері қатысады.
Конференция аясында 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Халық батыры» атты көрменің салтанатты ашылуы өтеді.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алу — елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу халық тағдырындағы аса маңызды өзгеріс болып танылатын: аумақтар үшін күрес, сыртқы жауға қарсы тұру, мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, маңызды саяси және мәдени жетістіктермен байланысты. Осындай тұлғалар қатарында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Иманов бар.
Амангелді Имановтың өмір жолы Қостанай облысының тарихымен тығыз байланысты. 1910 жылы Амангелдінің руы өмір сүрген Терісбұтақ ауылында оның бастамасымен мектеп салынды. 1913 жылдан Амангелді «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін жаздырып алып отырды. Амангелді Иманов көтеріліске дейін қазақ даласында халықтың азаттығы үшін күрескер, отарлық тәртіпке қарсы адам ретінде танылған.
Көрмеде тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, А.Имановтың туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары қойылған.
Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, бейнелеу өнерінің шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұрмұхамедовтің кескіндеме туындылары, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің мүсіндік туындылары қойылған.
Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2023 жылғы 03 сәуірден 03 мамырға дейін жұмыс істейді.
Өткізілетін уақыты: 3 сәуір 2023 жыл, сағат 10.00
Өткізілетін орынның мекенжайы: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 54, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі.