• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Парадзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атанды

    Парадзюдодан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы Азия чемпионатының командалық жарысында топ жарды. Айналмалы жүйе бойынша өткен белдесуде ел құрамалары қарсылас шақ келтірмей, Азия чемпионы атанды.

    Қазақстан парадзюдо федерациясының хабарлауынша, Қазақстан әйелдер құрамасы финалда Өзбекстан командасын 3:1 есебімен жеңді. Альфия Тілекқабыл, Ақмарал Науатбек және Динара Кужулова құрамаға жеңіс сыйлады.

    Ал Өзбекстан құрамасы екінші орынға ие болса, Үндістан спортшылары үздік үштікті қорытындылады.

    Қазақстан үшін командалық жарыстағы шешуші белдесу Өзбекстан құрамасына қарсы өтті. Парадзюдо бойынша әлемде мықты ел болып саналатын Өзбекстанды қазақстандық спортшылар 4:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.

    Осы кездесуде ең тартысты белдесу Олжас Оразалы мен Токио Пларалимпиадасының чемпионы Феруз Саидов арасында өтті.

    Белдесу басында Феруз Саидов бірінші вазари ұпайын еншілеген. Десе де, негізгі уақытта отандасымыз тиімді әдіс қолданып, есепті теңестіріп үлгерді. Қос балуанның күресі қосымша уақытқа (голден скор) дейін жалғасты. Қосымша уақытта Олжас Оразалыұлының Феруз Саидовқа қолданған әдісі нәтижелі шығып, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.

    Феруз Саидов Токиода өткен Паралимпиада ойындарының финалында отандасымыз Дәулет Теміржанды ұтқан болатын. Бүгін Азия чемпионатында Олжас командаласы Дәулеттің есесін қайтарып үлгерді.

    Осы кездесуде Ерғали Шамей, Жанбота Аманжол, Ерлан Өтепов те өз кезегінде қарсыластарынан басым түсті.

    Жарыс айналмалы жүйеде өткендіктен ел құрамасы Өзбекстаннан кейін Моңғолия командасымен кездесіп, Азия чемпионатының командалық жарысында жеңімпаз атанды.

    Командалық сында Қазақстан ерлер құрамасында Ерғали Шамей (J1-73 кг), Жанбота Аманжол (J2-90 кг), Ерлан Өтепов (J1+90 кг), Олжас Оразалыұлы (J2-73 кг), Абылай Әділбеков (J1-90 кг),  және Ерлан Конкиев (J2 +90 кг) ел намысын қорғады.

    Азия чемпионатының командалық жарысына ерлер арасында бес құрама қатысты. Айналмалы жүйе бойынша барлық команда бір-бірімен өзара күресіп шығады. Жеңімпаз командалардың жеңіс санына қарай анықталады. Өз кезегінде, Қазақстан Тайланд, Тайпей және Индонезия спортшыларынан құралған IBSA, Үндістан, Өзбекстан және Моңғолия құрамаларын ұтты. Ал Өзбекстан құрамасы екінші орынға ие болса, Моңғолия мен Үндістан спортшылары үздік үштікті қорытындылады.

    Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының жекелей жарысында төрт алтын, төрт күміс және алты қола жүлде жеңіп алған болатын.

    Азия чемпионаты Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Құрлықтық біріншілікке барлығы 11 ел қатысты.

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *