Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Бұл жарыс жастардың қарымын көрсетеді»

Астанада өтетін Гранд финал турнирі қарсаңында Парламент Сенатының төрағасы, Үстел теннисі федерациясының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне неліктен әлемдік дәрежедегі сайыс ТМД мемлекеттерінің арасында алғаш рет Қазақстанда болатынын айтып берді.

— Қасым-Жомарт Кемелұлы, алда үстел теннисінен Астанада өтетін Гранд финал сайысы келе жатыр. Біздің елдің жарысты өткізуде дайындығы қалай?

 — Бұл турнирді өткізу — Қазақстанның үстел теннисі федерациясы үшін үлкен жетістік. Біздің ел тек қана спортшыларымен ғана емес, үлкен халықаралық сайыстарды өткізуге жағдайы бар спорттық держава ретінде танылған мемлекет. Тәуелсіздік алғалы бері біздің елде әртүрлі спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылған. Ендігі кезекте үстел теннисінің әлемдік картасында Астана да ойып тұрып орын алады. Қазақстанның үстел теннисі федерациясына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Біз мұны өте жақсы түсініп отырмыз. Федерация турнирді өткізу бойынша өте ауқымды жұмыстарды атқарды. Гранд финалдың жақсы өтуіне үміттене отырып, бұл шара халықаралық БАҚ-та кеңінен жарияланар деген сенімдеміз. Сонымен қатар, бұл турнир отандастарымыз үшін шетелдіктермен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік болып отыр.

Бірнеше жыл бойы спортшыларымыз жер-жүзінің үстел теннисінің сайыпқырандарымен жүзбе-жүз көрісіп, ойынын тамашалауға мүмкіндік алды. Ал біздің елде спорттың осы түрінің қалай дамып келеді?

— Үстел теннисі — әлемдегі бұқаралық тұрғыдан ең ауқымды әрі қолжетімді спорт түрі. Қазақстанда жүйелі түрде үстел теннисін ойнап жүргендердің саны 150 мың адамға жетеді. Қазіргі таңда кәсіби түрде 5 мың спортшы үстел теннисін ойнаса, оларды 200-ге жуық адам жаттықтықтырып жатыр. Бүгінде біз әлемдегі ең мықты деген Қытай немесе Жапония секілді мемлекеттердің жетекші спортшыларымен бәсекеге түсеміз деп мақтана алмаймыз. Бірақ, біздің спортшылардың үздіктермен иық тірестіріп, тәжірибе алу арқылы топ жаруға толық мүмкіндігі бар.

Федерация мен спортшылар өздерінің алдына қандай мақсат қойып отыр?

— Федерацияның алдында еліміздегі бұқаралық спортты дамыту міндеті тұр. Біз ең алдымен балалар мен жасөспірімдердің жағдайына назар аударамыз. Себебі, бұл спорт өзгелердей жас буынды саламатты өмір салтын сақтауға шақырады. Бүкіл өңірлерде осы спорт түрін дамыту — негізгі міндеттердің бірі. Федерация үстел теннисінен ұлттық құраманы жасақтаумен айналысуда. Жаттығуды ұйымдастыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Ұлттық құрамаға қарағандылық белгілі жаттықтырушы Э.Әлиева жетекшілік ететін болды. Біз спортшылардың шеберлігін шыңдап, еңбекпен бірге бәсекеге қабілеттілігін қалаймыз. Федерация жүйелі түрде жұмысты жүргізетін болса алынбайтын асу жоқ. Қазір ұлтық құраманы ауылдан, ауданнан шыққан спортшылар толықтырып жатыр.

Бұл бағытта нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Күнделікті тәртіпте спортты дамытуға баса маңыз беріп отырмыз. Барлық өңірлерде үстел теннисімен айналысуға болатындай жайлы жағдай жасалуы тиіс. Биылғы жылы федерация облыстық филиалдардағы жаттығу залдарының жағдайын тексеріп қайтты. Онда федерация ең алдымен құрылғылардың жаңаруына ден қойды. Сондықтан, біз 100 кәсіби үстел мен 500 бөлуші тор сатып алып, таратып бердік. Құраманың негізгі жаттығу базасы болумен бірге, республикалық бұқаралық шараларды өткізетін Алматыдағы спорт залда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылғылар жаңартылғаннан кейін балалар үйі мен мектеп-интернаттарының балалары арасында «Пинг-понг ханшайымы» атты үстел теннисінен республикалық сайыс ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 60 оқушы қатысты. Сонымен қатар, біз кәсіби жаттықтырушы кадрлардың болуына ерекше назар аударамыз. Федерация жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру міндетін өзіне алып отыр. Бұл — біздің бірінші қадам.

14 желтоқсан күні Астана әлемдік үстел теннисінің орталығына айналады. Сол себепті, астаналықтар мен барлық қала қонақтарын осынау шараға шақырғым келеді. Біздің спортшы К.Герасименко үшін жанкүйер болайық.

Ел ішінде үстел теннисін насихаттауда қандай жұмыстар керек деп ойлайсыз?

— Үстел теннисі — қымбат экипировканы қажет етпейтін әлемдегі ең қолжетімді спорт түрлерінің бірі. Бұл спортты насихаттай отырып, біз денсаулығы мықты ұлтты қалыптастырамыз, саламатты өмір салтын насихаттаймыз. Астанада Гранд финалдың өтуі Қазақстандағы үстел теннисін дамытуға үлкен серпін беретініне сенімім кәміл.

Фото: Қазақстан үстел теннисі федерациясы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*