Ақын Ордабайұлы – жыл журналисі

Бүгін Алматыда əріптесіміз, белгілі спорт журналисі Ақын Ордабайұлы Қазақ спорт жəне туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-əдістемелік журналының бірлескен жобасы бойынша өткізілген конкурста «Жылдың үздік журналисі — 2017» аталымының жеңімпазы атанды.

Біз Ақын ағамызды, досымызды осы марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Өйткені, ол спорт журналистикасындағы барлық құрметке əбден лайық.
Ақаң студент кезінен бері қолына қалам мен микрофонды қатар ұстап келе жатқан əріптестеріміздің бірі. Қазір қарап отырсақ, Ақаң 30 жылдай спорт деген сиқырлы əлемде жүріп, осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, қызығы мен шыжығын көріп келеді екен. Ол бірнеше жыл бойы «Рахат», СТВ арналарында жұмыс істеді. Осы каналдарда «Ауыл спорты» деген авторлық бағдарламаны жүргізді. Бұл хабар аты ауыл деп аталғанымен жалпы қазақ спортына арналған болатын. Онда ауылдың шаңының арасынан шығып, небір биік белестерді бағындырған талантты отандастарымыз көгілдір экраннан көрініп, өздерінің өмір жолдарымен, сырларымен бөлісетін. Ақаңның да айтары бар еді. Кей жерде көрерменге спорттағы кемшіліктерді сынап, кей жерде жетістіктерді қуана жеткізетін.

Ақаңның тағы бір есте жүретін еңбегін көп адам біле бермейді. Ол бір өзі бірнеше жылдан бері «Қазақ күресі» деген журналды шығарып келеді. Бұл журналды əріптесіміз Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының баспасөз хатшысы болғаннан кейін шығара бастаған. Бір қуанарлығы, оған Серік Төкеев сияқты қазақтың аптал азаматтары қолдау көрсетіп жатыр.

Айта берсек, Ақаңның азаматтығы, журналистикадағы орны туралы əңгіме көп. Біздің енді бір ғана айтарымыз бар. Ақаң, ең бастысы басың аман болсын! Жеңге екеуің балалардың қызығы мен қуанышына тоймай жүре беріңдер! Отбасыңа бақыт, бақ-береке тілеймін!

Дастан КЕНЖАЛИН

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*