• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Туризм және спорт министрлігі

    Министрлікке қысқы спорт түрлерінен командалар есеп беріп жатыр

    Астана қаласында қысқы спорт түрлерінен ұлттық құрама командалардың бас жаттықтырушыларының 2023-2024 жылғы қысқы маусымды қорытындылап, алдағы маусымға дайындықты пысықтауға арналған есеп беру кездесулері болып жатыр, деп хабарлады ТСМ Спортты дамыту дирекциясы.

    Ұлттық шаңғышылар қауымдастығы өкілдері мен мемлекеттік жаттықтырушылар Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасының орынбасары Азамат Имашев пен Спортты дамыту дирекциясының өкілдеріне есеп берді.

    Атап айтар болсақ, фристайл акробатикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бағлан Іңкәрбек, шаңғы жарысынан бас бапкер Александр Батяйкин, шаңғымен тұғырдан секіруден бас жаттықтырушы Павел Васильев маусымды қорытындылады.

    Ұлттық құраманың өкілдері спортшылардың халықаралық жарыстардағы көрсеткіштеріне шолу жасап, резерв даярлау жайын қозғады. Мәселен, қысқы спорт түрлеріне маманданған Олимпиада даярлау орталықтарының бірінде сноуборд секциясын ашу жөнінде ұсыныс айтылды.

    Мамандардың айтуынша, бұл дисциплина жастар арасында кеңінен танылған. Елімізде кәсіби түрде шұғылданушылар қатары көп емес. Соған қарамастан Ақ Олимпиадада ең көп жүлде жиынтығы сарапқа салынатын бағдарламаны назардан тыс қалдырмай, қолға алу керек.

    Есеп беру кезінде Павел Васильев Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында елімізге алғашқы алтын медальді сыйлаған Илья Мизерныхтың жетістігі сәйкестік емес, бірігіп істеген жұмыстың жемісі екеніне ерекше тоқталды.

    Биыл егемендік алған жылдар ішінде шаңғымен тұғырдан секірушілер үшін ең табысты маусым болды. Осы маусымда шаңғымен тұғырдан секірушілер маусымды жоспарға сай уақытында бастап, Спортты дамыту дирекциясы мен Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығынан дер кезінде қолдау алған. Мұның тағы бір көрсеткіші — Ильяның Канвондодағы ойындардан кейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы жақсы нәтижесі.

    Соған қарамастан әлі де кей командалар дәрігер, массажист, спорт психологы сынды мамандармен тұрақты қамтамасыз етілмей келеді.

    Кездесуде Азамат Имашев Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындары қарсаңында мұндай проблеманың болмауы керектігін ескертті.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *