13 сәуірде футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалдың ойындары басталып, екі екі күнге созылды.
Турнирде Бірінші лигадан үш, Премьер лигадан он үш команда қатысып, бақ сынады. Осы маусымдағы Кубок ойындарының бір ерекшелігі, қарымта матч болмайды.
Айта кету керек, елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты барлық клубтар «Күшіміз бірлікте» деген жазуы бар жейдемен алаңға шықты. Sportpress.kz сайты Қазақстан кубогы үшін ойындарға шолу жасап шықты.
«Атырау» — «SD Family» 6:0
Кубоктың алғашқы матчы Атырауда болды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, астаналық ұжым ойын алдында «Атырау» командасына легионерлерсіз ойнауды ұсынды. Алайда, жергілікті команда бұл ұсыныспен келіспеді.
Ойын бастала салысымен «мұнайшылар» қарсыластарын қыспаққа ала бастады. Ойын тізбегін өздеріне алған атыраулықтар 29-минутта есеп ашты. Голдың авторы -бразилиялық Матеус Барбоса. Арада төрт минут өте салысымен тәжікстандық Фатхулло Олимзода дебюттық голын соғып, есепті еселеді.
Алғашқы таймның негізгі уақытына бір минут қосылған болатын. Осы уақытта «Атыраудың» португалдық қорғаушысы Педру Эужениу есепті 3:0 -ге жеткізді.
Екінші таймда жеңіске жететініне сенімді болған Виталий Жуковский негізгі қақпашы Егор Хаткеевичтің орнына Нұрасыл Тохтаровты шығаруды жөн көрді. Матчтың 63-минутында «Атырау» ойыншылары ереже бұзып, қақпаға пенальти белгеленді. Он бір метрлік айып допты жартылай қорғаушы Сұлтан Сагнаев орындап, қақпа кілтін таба алмады. Осылайша, Нұрасыл Тохтаров дебюттік матчында пенальтиді қайтарып, көзге түсіп отыр. Ал «Атыраудың» 64-минуттағы шабуылын Матеус Барбоза голмен аяқтап, дубль жасады.
Матчтың 83-минутында «Атырау» қорғаушысы Никита Степанов «SD Family» қақпашысынан айласын асырып, есепті 6:0 жеткізді. Содан соң 87-минутта астаналықтардың қақпасына пенальти білгіленіп, Педру Эужениу оны сәтті орындап, дубль авторы атанды.
Бірінші лига мен Премьер лига командалары арасындағы айқас осылайша ірі есеппен аяқталды.
«Қайсар» — «Тобыл» 0:3
«Қайсар» Премьер лигадағы сәтсіз ойындарын кубок матчтарында да көрсетуде. Ойынның 27-минутында Ислам Чесноковтың асырған пасын Ахмед эль-Мессауди баспен қақпаға дәл бағыттып, ойын есебін ашты. Ойынның негізгі уақытына үш минут қосылған сәтте қостанайлықтар дөрекі ойын көрсетіп, қақпаға пенальти белгіленді. Стас Покатилов Дмитрий Бородиннің тепкен добының бағытын дәл тауып, қақпаны голдан аман алып қалды.
Екінші таймның 60-минутында Еркін Тапалов әріптесі Радослав Цоневке голдық пас асырып, есепті еселеді. 84-минутта Энен мен Эль-Мессаудидің дуэтінен гол соғылды. Осылайша, Ахмед эль-Мессауди матчтағы екінші голын салып, дубль авторы атанды. Сонымен «Қайсардың» кубоктағы жорығы алғашқы ойыннан-ақ аяқталды.
«Жеңіс» — «Астана» 0:1
Елордалық командалар осы маусымда екінші рет кездесіп отыр. Ойын алдында «Астананың» бұндай тәжірибелі ойыншыларымен, бұдан да ірі есеппен жеңеді деген болжамдар айтылған еді.
Ойын бастала салысымен 5-минутта шабуылшы Рамазан Кәрімов гол соғып, командасын алға сүйреді. Рамазан осылайша, «Астана» сапындағы ресми матчта алғашқы голын салып отыр. «Жеңіс» болса, жауапсыз гол өткізіп, ширек финалға шыға алмады.
«Қайрат» — «Тұран» 3:0
Алматының орталық стадионында «Қайрат» түркістандық ұжымды қабылдады. Премьер лигадағы матчта сырт алаңда «Қайрат» «Тұранды» жеңе алмаған болатын. Бұл ойында бәрі де басқаша болды.
Ойынның 29-минутында Паулоның пасын сәтті пайдаланған Эльдер Сантана «Қайрат» сапындағы алғашқы голын соқты. Алғашқы таймның аяқталар тұсында Зарианың орындаған айып добын Лука Гадрани баспен қақпаға бағыттап, есеп айырмасын ұзартты. Гадрани мен Зария нағыз грузиялық футболды көрсетті.
Екінші таймның 88-минутында Эльдер Сантананың орнына Еркебұлан Сейдахмет шықты. 90+4-минутта ойын ережесі бұзылып, «Тұран» қақпасына пенальти белгіленді. Пенальтиді алаңға тыңнан қосылған Еркебұлан Сейдахмет орындап, есепті 3:0 жеткізді. Осылайша, «Қайрат» еш күмәнсіз жеңіске жетті.
«Оңтүстік акдаемия» — «Қызылжар» 1:2
Ойын Шымкенттегі «Биік» стадионында болды. Алаң иелері 27-минутта ғаламат гол соқты. Голдың авторы — 20 жастағы жартылай қорғаушы Диас Донбай.
Екінші таймда «Қызылжар» жеңіліп жатқан соң, алаңға негізгі құрамдағы ойыншыларын шығара бастады. Сәйкесінше үш минутта екі гол соғып, есепті 1:2-ге жеткізді.
Алғашқы голды Мади Хасейн салса, екінші допты торға Рубен Брижду тоғытты. Ойын ережесін көп бұзуына байланысты 80-минутта «Оңтүстік академия» ойыншысы Жавланбек Бабаназаров қызыл қағазбен жазаланып, алаңнан қуылды. Петропавлдық ұжым осылайша жеңіспен оралды.
«Тараз» — «Ордабасы» 0:2
«Тараз» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдады. Ойын өте тартысты болды. Матчтың 36-минутында Лопес Рейжиналдо гол соғып, шымкенттіктерді алға сүйреді. Осы голдан кейін тараздықтар абдырап екінші голды бірден 37-минутта жіберіп алды. Қақпашының қателігін сәтті пайдаланған Еркебұлан Тұңғышбаев осы маусымдағы алғашқы голын соқты.
Екінші таймда командалар бір біріне шабуылдаумен болды. Алайда гол көре алмадық. Александр Седнев шәкірттері осылайша сенімді түрде жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.
«Ақтөбе» — «Жетісу» 1:0
«Ақтөбе» қонақтарды бір доп есеп айырмасымен жеңіп кетті. «Ақ-қызылдар» алғашқы 20 минут бойы тоқтамай, шабуыл жасап қарсыласқа мұрша бермеді. 44-минутта қорғаушы Дмитрий Бессмертный «Ақтөбе» сапындағы алғашқы голын соқты.
Ал екінші таймда «ақтөбеліктердің» әдеттегідей ойыны жүрмей, көп қателік жіберді. «Жетісу» өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Матчтың 85-минутында талдықорғандық шабуылшы Антон Шрамченко қызыл қағаз алып, ойыннан шеттетілді. Бұл ойында Қайрат Нұрдаулетовтің жоспары іске аспады. Ал «Ақтөбе» 1/4 финалда сырт алаңда «Ордабасымен» ойнайды.
«Елімай» — «Шахтер» 2:1
«Елімай» Керекуде «Шахтерді» қабылдады. Алғашқы таймда қауіпті сәттерді де, гол да көре алмадық. Алайда екінші таймның 50-минутында Роджерио Шина есеп ашып, «Елімай» алға шықты. Көп ұзамай 73-минутта «Шахтер» ойыншысы Дмитрий Бачек есепті теңестірді. 87-минутта семейлік Иван Свиридовтың соққан голы командасына жеңіс әкелді. Осылайша Андрей Карпович шәкірттері келесі кезеңге өтті.
1/4 финалда ойнайтын жұптар тізімі:
«Тобыл» — «Астана»
«Атырау» — «Қайрат»
«Ордабасы» — «Ақтөбе»
«Елімай» — «Қызылжар»
Айнат ҚАБИДУЛЛАЕВ,
АСТАНА