• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда журналистердің аламан жарысы аяқталды

    Алматыда үш ай бойы дүбірлете өткен доп додасы мәресіне келіп жетті.

    Әр жексенбі сайын Қазақтың Спорт және Туризм академиясының спорт кешенінде кескілескен кездесулер, жан берісіп жан алысқан ойындармен өрбіп отырды. Иә, осындай журналистердің доп додасы Алматы қаласында көптен бері өтпеген еді.

    Кезінде қазақ спорт журналистикасының атасы  Сейдахмет Бердіқұлов пен  белгілі спорт қаламгері Арыстан Сариннің атында журналистер арасында  дүбірлі жарыстар өтіп тұратын. Ол жарысты тіпті, қала тұрғындары топтасып келіп тамашалайтын. Сол дүрмекті додаларда Алтынбек Сәрсенбаев, Нұртөре Жүсіп, Диас Омаров, Бүркіт Аяған секілді елімізге белгілі танымал азаматтар доп теуіп, ойын көрігін қыздаратын. Әсіресі, Алтынбек ағамыздың ортадан салған финттеріне жанкүйерлер үлкен қошаметпен қол соқса, жасыл алаңның шетінде жайғасып алып, тартысты ойындарды тамашалап отыратын ақсамайлы ағалардың айғайы қуат беріп, ойыншылардың рухын асқақтатушы еді. Сонда алаң шетінен Дуалат Исабеков, Ғазизбек Тәшімбай, Әшірбек Көбіш, Рабат Жәнібек, Жұмабек Кенжалин секілді  елге белгілі жазушы, журналистерді көріп риза болсақ, Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов сынды қазақ футболында аттары алтын әріпмен жазылып қалған футбол ардагерлері журналистердің арасынан топжарған жеңімпаздарын өз қолдарымен марапаттап жататын.

    Енді сол журналистер арасындағы Арыстан Сарин атындағы турнир көп жылдан бері өтпей жатса, Сейдағаңды еске түсіруге арналған турнир Астанаға ауып кеткелі бері қызығын бірге ала кеткендей әсер қалдырды. Негізі Сейдағаң бар шығармашылық ғұмырын Алматыда өткізгенін білеміз. Оның үстіне бұл қала әдебиет пен мәдениеттің орталығы  болғандықтан, жарыстың Алматыда өтуінің маңызы зор еді. Өкінішке орай, алматылықтар Сейдағаңның турнирін теледидардан жылт еткен жаңалық арқылы ғана қызықтауға мәжбүр болып отыр. Ал журналистер үшін шағын футболдан ұйымдастырылатын жарыстардың мән-мағынасы  өте зор. Өйткені, ақпарат айдынында жүрген қаламгерлердің бір-бірімен араласып, сырласып, шер тарқасып қайтуы үшін дүбірлі доданың орны айырықша. Міне, осындай жарыстарды аңсап жүрген қаламгерлер үшін Алматыда үш ай бойы өткен  Журналистер лигасының берері зор болды. Қаламгерлердің басын қосуға ұйытқы болған Жандос, Қанат, Мәдияр, Дәурен секілді жас та болса бас болып жүрген журналистер еді. Сонымен тартысқа толы өткен бұл турнирдің де мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметпен марпатталды. Бас жүлдені «Бірлік» командасы иеленсе, күміс жүлде біздің «Намыс» командасына табыс етілді. Ал, қола жүлде «Айбын» командасына бұйырды. Салтанатты жабылу сәтінде жеңіске жеткен команда ойыншыларының мойындарына түгелдей медальдар тағылды. Мен де Алла бұйыртып, жарыстың «Ең үздік шабуылшысы» деген атағына ие болдым. Әрине командаластарыма ризашылығым ерекше. Сол бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай, ұжымдық ойын көрсете білген командамыздың әрқайсысы да үлкен марапатқа лайықты. Сондай-ақ, жекелей номинациялар бойынша Дулат Кәрібаев – «Ең үздік ойыншы», Жанарбек Әшімжан – «Ең  үздік қорғаушы», Шохан Мақанов – «Ең үздік қақпашы», Срайыл Смайыл – «Ең үздік ардагер ойыншы» атағымен марпататталды.

    Жарысты ұйымдастырушылар алдағы уақытта турнирдің деңгейін көтеруді жоспарлап отыр екен. Ендеше, БАҚ өкілдерінің басын қосып салауыттылыққа жетелейтін мұндай жарыстың жолы оң болсын.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *