• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Жауынгерлік өнер қауымдастығы» елордада ерекше тарту жасады

    Елордада Астана күніне орай «Жауынгерлік өнер ассоциациясының» гала-фестивалі өтті.

    Ауқымды шара  көпшілікке есігін айқара ашқан су жаңа «Jekpe-jek» спорт сарайында болды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» қаржылай қолдауымен бой көтерген спорт сарайының  алтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр Асқар Мәмин, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»  АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, «Жауынгерлік өнер ассоциациясының» президенті Кәрім Мәсімов бастаған лауазымды тұлғалар қатысты.

    Бес мың көрерменді еркін сыйдыратын спорт кешенінде енді  спортшылар алаңсыз дайындалады. Осы жерде күрес, бокс, гимнастика, суға жүзу және жекпе-жек спортынан сайыстар өткізіледі. Додалар өткізіледі демекші,  спорт кешені ашылған күні жекпе-жек спортының бірнеше түрінен чемпиондық белбеулер сарапқа салынған   ауқымды дода ұйымдастырылды.

    Муай-тайдан әлем чемпионы атағы мен белбеуі үшін сынға түскен атыраулық Еламан  Саясатов тайландық Унфетхонг Бунчананы бес раундтық айқаста ұтты.  Жұмагелді Жалғасұлы  панкратионнан чемпиондық белбеу үшін айқас өткізіп, венгр спортшысын айқын басымдықпен жеңді.

    Кикбоксингтен Абзал Дюсіпов польшалық спортшыдан  басым түсіп, кәсіби спорттағы 11-інші жекпе-жегінде жеңіске жетті.

    Биылғы «Жастар жылына» орай ұйымдастырылған шара барысында «Жауынгерлік өнер ассоциациясының» облыстардағы  қауымдастықтары өткізген іс-шаралар қорытындыланды.  Нәтижесінде Атырау облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығы үздік аймақ  деп танылды.

    Мамыр айының соңында мұнайлы өлкеде  қауымдастық ауқымды спорттық шара ұйымдастырып, жекпе-жектің бірнеше түрінен спорттық сайыстар көрсетіп, эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концерт өткізгенде 10 мыңнан аса көрермен жиналған болатын.  Қауымдастық директоры Ерлан Табылдиев бастаған азаматтардың еңбегі еленіп «Үздік аймақ» номинациясына ие болды. Атырау облыстық жауынгерлік өнер ассоциациясының директоры Ерлан Хисметұлына осынау марапатты «Спорт-Аккорд» халықаралық спорттық ойындар қауымдастығының вице-президенті Стефан Фокс пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова салтанатты түрде тапсырып,  ел спортын өркендету жолында аянбай тер төге беруіне тілектестігін білдірді.

     

    Қуан РАЗАҚ,

    Фото: Данияр МАЙЛЫБАЕВ,

    Нұр-Сұлтан қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *