• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Білім ордасының алар асуы биік

    Қазіргі таңда елімізде сапалы білім берумен қатар, жастарды  әлеуметтік рухани – адамгершілік пен салауатты өмір салтына тәрбиелеу ісі өзекті болып тұр. Өйткені, ғылым мен техниканың күн санап қарыштап дамуы, экологиялық зардаптардың белең алуы, ой еңбегі мен дене еңбегінің ара қатынасының алшақтауы, әр түрлі зиянды әдеттерге (шылым тарту, алкоголь ішімдігі, есірткі пайдалану т.б) қарсы салауатты өмір салтын қалыптастыратын тегеурінді күш бұл – спорт. Спортпен шұғылданған жастардың денсаулығы мықты, әлді, төзімді, икемді, эмоционалдық жағынан тұрақты болады.

    Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында  «басым бағыт ретінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне көшуде, халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі – барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызын, оның  инфрақұрылымының  қолжетімді болуын қамтамасыз етуді» Үкіметке  айтқан болатын. Сондай-ақ,  Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі: жеке адамның шығармашылық, рухани және күш қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой – өрісін байыту», –  деп атап көрсетілген.

    Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әлеуметтік-тәрбие жұмысы университеттің оқыту, білім беру ісінде басым да бастапқы бағыттардың бірі.  ҚазҰУ ректоры, академик  Ғ. М. Мұтановтың әлеуметтік және тәрбие жұмысы  бағытындағы  «Айналаңды нұрландыр»  «Салауатты дене тәрбиесі», «100 кітап», «Грин кампус»   атауында мән-маңызы керемет авторлық жобасы жүзеге асырылуда. Соның ішінде біздің мақаламыздың мәтініне арқау болатын «Салауатты дене тәрбиесі» жобасын айтсақ, оның аясында университетте оқытушылар мен студенттерге спорттың көптеген түрімен айналысуға мамандандырылған көп функционалды жаттығу кешендері мен жаттықтырушы мамандардың қызметтері көрсетіледі.

    Жалпы, спорт кешенінің инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай, 7250 ш.м. аумақтан тұрады. Сондай-ақ, 22 спорт түрі бойынша кез-келген деңгей мен дәре­жедегі жарыстарды қабылдайды және қамтамасыз етеді. Университет басшылығы тарапынан білім мен кәсіби спортты сабақтастырып қатар алып жүрген студентерімізді қолдап отырады. Олардың ұлтық, халықаралық спорттағы жетістіктері де баршылық.

    2018 жылы Индонезияның Джа­карта қаласында жалауы желбіреген жазғы Азия 7 ойын­дарында қазақстандық балуандар ҚазҰУ-дің студенттері Нұрмахан Тыналиев пен Алмат Кебісбаев күміс медальді иеленді. Тағы бір маңызды жеңіс 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында студентіміз Эльмира Сыз­дықова қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар ол Джакартадағы Азия ойындарында қола медальге ие болды. ҚазҰУ студенті, Рио–2016 Олимпиадасының чемпионы, 2014 жылғы Азия ойын­дарының чемпионы Дмитрий Баландин 50 және 100 метр қашықтыққа құлаштап жүзуден үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, құрама қоржынын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Әділбек Мусин 52 метр қашықтыққа шалқалай жүзуден қола медальмен толықтырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 3-курс студенті Жұбатқан Сұңғат Шолпан Атада (Қырғызстан) дзюдодан  жастар арасында өткен жарыста Азия Кубогының алтын жүлдегері атанды. Алматы қаласы жоғары оқу орындары арасында өткен бадмин­тон жарысында Механика-математика факультетінің 4-курс студенті Дмитрий Маликов жеңімпаз атанды.

    ҚазҰУ-дың білім беру үдерісіндегі инновациялық-технологиялық және рухани-мәдени, әлеуметтік-тәрбие бағытындағы қызметтері өз нәтижесін беруде. Оған дәлел ретінде университеттің QS халықаралық рейтингісінде қарқынды түрде алға жылжуын айтуға болады. Соңғы жылдары университет халықаралық QS рейтингісінде 207 орынға ие болып отыр. ҚазҰУ ТМД елдер аумағында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен кейінгі екінші орында тұр. Сонымен қатар, «QS WUR by Subject» пәндік рейтингінің нәтижесінде ҚазҰУ ТМД елдері жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып әлемдегі ең үздік 51-100 топқа енген. Жалпы, аталмыш рейтингіге жетекші қазақстандық университеттің алты мамандығы кірді.Бұл жетістікке халықаралық қоғамдастық «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Феномені» деген жоғары баға берді. «UI GreenMetricRankingofWorldUniversities» жаһандық рейтингісінде ҚазҰУ 172 орын алып, үздік 200 экологиялық университеттері қатарында өз позициясын нығайта түсті. «TimesHigherEducation» Британ агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ Орталық Азия университеттерінің арасында алғаш болып әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының тобына кірді. Сонымен бірге жер-жүзі мемлекеттері арасында жүргізіліп жатқан беделді еуропалық «ARES» рейтингісінің мәліметтері бойынша Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы жоғары бағалап, ҚазҰУ АА позициясына ие болып, қарт құрлықтың жетекші жоғары оқу орындарының қатарына көтерілді.

    Қорытындылай келгенде салауаттылығымыз, біліміміз және ғылымымыз дамудың іргетасы болуымен қатар, еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, алтын арқауы. Салауаттылық, білім, ғылым бар жерде жетілу, кемелдену, даму үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстылық пен жақсы тұрмыс кешу негізі білімділікте екенін ұлы Абай жақсы айтқан: «Балаң білімді парасатты болсын десең, малыңды аяма». Иә, бүгінгі таңда ұлы ақынымыздың өсиетімен егемен еліміз дарынды балаларын әлемнің іргелі оқу орындарына заманауи білім мен ғылымды меңгеруге қомақты инвестиция жұмсап, ұлттық адами капиталдың әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін көтеріп жатыр. Бұл баршамызды қуантатын үрдіс.

     

    Ілияс КҮЛИЕВ, Дәурен ТҰРАРОВ,

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

    Экономика және бизнес жоғары мектебінің

    Әлеуметтік – тәрбие жұмысы бойынша

    Аға куратор-эдвайзерлері

     

    АЛМАТЫ

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *