• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Мың тағзым сізге, майдангер

    1941-1945 жылдары елін қорғауға аттанған қыз-жігіттерін кеуделерінде намыс оты ойнап, патриоттық сезімнің жалындағаны бізді бүгінгі бейбітшілік өмірге әкелді. Бүгінгі ұрпақ сол кездегі жалынды жастарға, бүгінгі ардақты ардагерлерге, аталар мен әжелерге мәңгілік қарыздармыз.

    Олардың ерліктері мен өнегелі істеріне бас иеміз, себебі олар біз үшін болашақтың қамы үшін  қымбаттыларынан айырылды, өмірлерін құрбан етті. Төрт жылға созылған алапат соғыстың   жеңісі – Ұлы Жеңіс!

    Осы зұлым соғыс адамның тағдырын тәлкі етті, қаншама арманды, қаншама ғұмырды қыршынынан қиды. Биыл Отан соғысының басталғанына 80 жыл толады.  Жылдан-жылға ардагерлер қатары азайып барады. Бірақ олардың есімдері мәңгіге өшпейтіні де айқын. Есімізде мәңгі қалады. Біз аталар ерлігін мәңгі есте сақтап, ұмытпай, ардагерлерге тағзым етіп жүреміз. Ондай  соғысты  кейінгі  ұрпақ  көрмей-ақ  қойсын. Осындай  соғыстың  қиындығын  басынан  кешкен, қан  майданда  болған  соғыс  ардагері,  майдангер  ардақты  атамыз  – Кенжебай Жалмағанбетұлы еді.

    1942  жылы  10-қаңтарда  атам  майданға  аттаныпты. Соғыс  кезінде  Калинин  облысы, 11-Прибалтика  өңірінде  атқыштар  полкіне  түседі. 1942  жылы  20-мамырда  «1264»  атқыштар  полкіне  ант  қабылдаған.

    Әкем Кенжебай Жалмағанбетов 1917 жылғы 5 мамырда Торғай облысы Амангелді ауданының Иманов ауылында туған. Ұлы Отан соғысы майданына 1941 жылғы 20 ақпанда шақырылып, Украинадағы 197 мергендер полкі құрамындағы ұрыста шайқасты. Әкем өз полкінде жүргенде  үш рет жараланады, айлап госпитальда жатып, 1943 жылы 15 наурызда ауыр жарақаттымен елге оралады.

    9 мамыр Ұлы Отан соғысы аяқталған күнді әкем елде қарсы алып, соғыстан кейін де әр түрлі қызметте болған. Ерен ерлігі үшін 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, төрт мерекелік және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

    Әкем Ұлы Отан соғысының ІІ-топтағы мүгедегі. Ол 1945 жылы желтоқсан айында  шешеміз Рақила Бекмағанбетқызымен шаңырақ көтеріп, отбасын құрып, екі ұл, төрт қыз бала тәрбиелеп, елу жылға жуық тату-тәтті өмір сүріп, ұлы-қыздарын қатарға қосып, он үш немере сүйіп, 1992 жылы  8 сәуірде дүниеден озды. Қазірде сол ардақты да аяулы әке-шешеміздің берген өнеге, тәрбиесінің арқасында, шүкіршілік етіп, жұрт қатарлы ғұмыр кешудеміз…

    Омырауы орден мен медальдарға толы қарт жауынгер, қайратты да, қажырлы әкемнің  өткен өмір жолы осындай. Сол қиян-кескі жылдардағы қару асынып, бірге жүрген әкемнің достарынның  суреттерін қарап, еске алып, суреттерін сақтап келемін.

    Майдангер әкеміз: «Еліміз бейбітшілікте болсын, біздің көргенімізді қайта басқа бермесін, тыныштықта бейбіт өмір сүріңдер», — деуден танбайтын.

    Жарқын болашақ сыйлаған майдангер әкеміздің жатқан жері жұмақ, жаққаны шырақ болсын дей келе, баршамызға бейбіт аспан сыйлаған, бейбіт заманда ғұмыр кешуге мүмкіндік берген осы кісілер.

    Бүгінгі таңдағы басты жетістігіміз – ел егемендігін сөз етпес бұрын оны ең әуелі құрметті соғыс ардагерлері бізге тарту еткен бостандықтың жемісі деп бағалай, қастерлей білуіміз парыз.

    Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ерлерге тағзым етеміз. Олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Ардагерлердің ерліктері арқасында біз осы күнге жеттік. Біздің өз қалауымызбен еркін өмір сүріп, мектепте алаңсыз білім алып жатқанымыз, шаттана күлгеніміз, жайраңдап күлгеніміз – бәрі де сол Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жемісі. Әрине, соғыс болмасын! Біздер соғысқа қатысып батыр болмайық. Біз бейбіт күннің батырлары болуға тырысайық. Ел үшін аянбай еңбек етіп, білім алып, өз жеріміздің патриоттары болуға мүмкіндіктер бар.

     

    Майдангердің қызы  Бибі ЕДІРЕСОВА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *