Бір Алланың жаратуымен дүние кеңістігіне періште ретінде жіберілген əрбір жанның өзіндік жолымен өмірлік мақсат-міндеті, сара жолы болатынын білеміз. Өзінің үлкен азаматтығымен адами қасиеттерінің арқасында алынбас асуларды алып, бағынбас белестерді бағындырып жүрген Ақтөбе қаласында тұратын сыйлас, жерлес ағамыз Мұсағали Тасқалиев 2021 жылғы 3—қаңтар күні ердің жасы 50-ге толды.
Бала күнінен құдіретті қаламның қыр-сырын терең сезініп, өлең иірімдерімен эссе-əңгімелер жазуды жақсы əдетке айналдырған Мұсағали Сабырғалиұлын бала күнгі арманы еш алдамады. Сонау 80-жылдардың бел ортасымен екінші ширегінде М.Горбачевтің «Қайта құру» деп аталған демагог саясатының желі есіп, кеңес қоғамының арнасы өзге жолға қарай бұрыла бастағанын өткен тарихтан жақсы білеміз.
Жоғарыда аты аталған алмағайып кезеңде бұрынғы Фурманов ауданы аумағындағы əуелі Сарықұдық кейін Талдыапан ауылдарындағы мектептерде білім алып жатқан балаң жігіттің шығармашылығы (өлең, əңгіме, мақала) Фурманов аудандық «Коммунист» газетінен өз орнын таба бастады. Келешегі келісті жас жігіттің бойындағы ерекше қабілеттерін байқаған сол кездегі Фурманов аудандық «Коммунист» газетінің редакторы, марқұм Темірғали Жазбаев 1988 жылы Талдыапан орта мектебін аяқтап, қолына орта білім туралы аттестатын алған М.Тасқалиевті аудандық газеттің меншікті тілшісі қызметіне ойланбастан қабылдады. Ауданның барлық саласына орын беріп, жергілікті жердегі қоғамдық-саяси тірлікті түгел қамтып, сол кездегі аупартком мен ауаткомның жетекші саяси органына айналған аудандық газеттің əдебиет əлемінен (өлең, əңгіме т.б) ғана тұрмайтынын білген кейіпкеріміз қаламының сиясын сəл-кем басқа арналарға қарай бұра бастады. Аудан совхоздарындағы қой төлдету, қысқыға мал азығын дайындау, қой қырқу, мал қыстату, бау-бақша, құрлыс сынды жыл он екі ай бойы бітпейтін науқандық жұмыстармен осылардың басы-қасында жүрген еңбек адамдарының жұмыстағы табыстары, жергілікті партия, кеңес, кəсіподақ, комсомол, органдарының бюро, жиналыс, конференция материалдарын жазып, өңдеп газет нөмірлеріне жолдап отыру сынды өзгеде үйлестіру қызметтерін өзге əріптестерімен бірге (үлкені бар кішісі бар) Мұсағали ағамыз да абыройлы атқара білді. Білгенін істеді, білмегенін өзгелерден үйренді. Баспасөздің қара шаңырағында редакцияның үш бəйтерегі атанған Темірғали Жазбаев, Сағынғали Мұқанов, Жəрдемғали Тұяқов, Гузяль Хабиеваларға қарап, бой түзеп жазу-сызудың қыр-сырын меңгерген болса, замандас аға-апалары Гүлнəр Қапашева, Дариға Мұштанова, Марат Қапезов, Жамбыл Қадырғалиев, Қайрат Шаманаев, Рашид Шакуов, Қыдыр Абдрахманов, баспахана директоры Амангелді Кəкімовтермен үзеңгілес қызмет жасады.
Жасы кəмелетке (18-ге) толғаннан кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін Кеңес əскері қатарына осы редакцияның қара шаңырағында жүріп аттанды. 1991 жылы еліміз дербестікке есік қағып тұрған шақта әскерден аман-есен елге келген кейіпкеріміз Фурманов ауданы, «Сарықұдық» арнаулы мал бордақылау шаруашылық бірлестігі директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары қызметіне орналасты. Тазалығымен мəдениеті жөнінен ел аузында екінші «Правда» кеңшары (Жымпиты ауданындағы) атанып, «Мəдениет жəне Тұрмыс» журналының бетінен ойып тұрып өз орнын алған Сарықұдық ауылында да, қоғамдағы соның ішінде ауылдық жердегі жастар саясатын жүзеге асыруға, жастарды мəдени-көпшілік іс-шараларымен, бұқаралық спортқа баулуда біраз жұмыстардың басын қайыра білді. Сол кезде тұлымы желбіреп тұрған жас жігіттің алаңсыз еңбек етіп, ұйымдастыру жұмыстарына қол-қабыс жасаған «Сарықұдық» арнаулы мал бордақылау шаруашылық бірлестігінің директорлары Жанболат Семенов пен Сəрсенбі Бектеміров, партия комитетінің хатшысы Ғилым Едекешев, ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ахмет Өтеғалиев, мектеп директоры Ғаділ Сəрсенов сынды өзгеде ел ағалары ауыл-елдің бірлігін көрсетіп, рухани тұрғыдан қолдау көрсете білді. Əсіресе, 1993 жылы тұңғыш рет Жалпақтал ауданында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында жүлделі орынға ие болған ағамызға Сарықұдық ауылының жұртшылығы қамбар ата тұқымы «жылқы» мінгізді.
20-дан жаңа асқан шағында облысымызда тұңғыш болып, Республикалық Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері атанған Мұсағали Тасқалиев 1994 жылы Жалпақтал ауылында еліміз бойынша тұңғыш болып, Қараөзендік замандас іншегі Жетістік Ишанбергенов екеуі «Дидар» атты жеке газет ашып, халыққа адал қызмет етті. 1995 жылдың желтоқсан айында Жалпақтал ауданының əкімі Айдар Батырханов ағамыздың ұсынысымен аудандық «Жалпақтал өңірі» газетінің редакторы қызметіне тағайындалды. Өзі алғаш еңбек жолын бастаған баспасөздің қара шаңырағына қайта оралып, аз-кем уақыт заман талабына сай атауы өзгерген аудандық газет шаңырағында абыройлы еңбек ете білді. 1996 жылдан бермен қарайғы ширек ғасырға жуық уақыт бойы Ақтөбе қаласында тұрып жатқан кейіпкеріміз бірнеше жылдан бермен қарай Атыраудан Алтайға дейінгі күллі қазаққа кеңінен тарайтын Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы қызметін табысты атқарып келеді. Ағамыздың бірнеше жылдан бермен қарайғы тынымсыз еңбегі спорт өнер тақырыптарын қаузайтын үлкен журналист азамат болуына, бар қазаққа аты мəлім спорт, өнер саңлақтары марқұм Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибрагимов, Есет Сəдуақасов, Өктем Алтаевтар мен терезесі тең азамат болатын қазіргі деңгейіне алып келді. Еліміз бойынша мықты спортшыларды дəріптеп келе жатқан «Спорт жұлдыздары» журналын шығарумен ғана шектелмей, еліміздің мектептеріндегі дене тəрбиесімен музыка пəнінің мұғалімдеріне арналған «Білім нұры» қосымшасын шығарып келеді. Ағамыздың шығармашылығынан 2018 жылы «Мен іздеген қазына» жыр жинағы, 2019 жылы еліміз бойынша ұрпақ тәрбиешісі ұстаздар қауымының өмірлерімен қызметтерінен айғақ болар «Ұлт ұстазы» кітабы, Ұлы Жеңістің 75 жылдық тойына тұспа-тұс келген 2020 жылы Қазақстан бойынша Кеңестер Одағының батырларының өмірлерімен ерліктерін нəсихаттайтын «Ұлт батырлары» кітабы жарыққа шықты. Есімі бар қазаққа танылған Мұсағали Сабырғалиұлы өзі өмірге келіп, алғашқы еңбек жолын бастаған туған өлкесі Жалпақтал өңірімен де, əлі күнге дейін байланысын үзген жоқ. Отандық патриотизммен өнер, спорт, руханият əлеміне жақын жүретін Самиғолла Ақмурзин, Бейбіт Мұқанов, Мұрат Қарабалин, Сəния Жумина, Зəйлім Мəжитова, Мереке Тұяқов, Руслан Ибатов, Абай Рахимов, Мағауия Есмағұлов, Жайсаң Сейткереев, Ахмедияр Батырханов, Қазбек Ишанбергенов, Алтынгүл Мұхамбетқалиева, Гүлгүл Сəтжанова, Ербол Жолдасқалиұлы, Асқар Есқалиев, Нұрлыбай Жолдыбаев, Тұрарбек Алтынбекұлы жəне осы жолдардың авторымен Сарықұдық, Талдыапан ауылдарындағы мектептерде бірге оқыған сыныптас-достарымен жақсы араласып, жиі хабарласып тұрады. Жалпақтал өңіріндегі кішкене ғана «Бейістерек» ауылында өмірге келіп, журналистика, спорт, өнер, руханият əлемінде біраз белестерді бағындырып үлгерген Мұсағали ағамыздың осы биікке жетуіне шаңырағындағы екінші жартысы ағамыздың өз тілімен айтқанда «қазынасы» еліміз бойынша патриоттық əндердің орындаушысы Орынгүл жеңешеміздің де, тигізіп жүрген септігі ұшан-теңіз. Жақсы əйелдің ерінің басын төрге сүйрейтінін, Орынгүл жеңешеміздің ағамызға деген сенімімен құрметінен көруге болады. Жасыңыз тағы да, құтты болсын аға!!! Қуанышты күндеріміз көп болсын!
Миржан ҚАРАБАЛИН,
Батыс Қазақстан облысы, Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің штаттан тыс тілшісі