Алматы қаласында ATP 250 турнирі мәресіне жетті, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Жекелей сында әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев пен рейтингіде 41-орында тұрған франциялық Корентен Муте жеңімпаз атағын сарапқа салды.
Бірінші партия 7:5 есебімен ресейлік теннисшінің пайдасына шешілді. Екіншісінде франциялық спортшы есе қайырды. Есеп – 6:4. Дегенмен шешуші сетте Медведев 6:3 есебімен алға шықты.
Осылайша, өз спорттық жолында ATP жарыстарында қырқыншы рет финалға шыққан Даниил Медведев 21-титулын жеңіп алды.
– Кейде ойыныма көңілім толмайды. Бірақ жеңістің орны бөлек. Бұл – матчтың ең маңызды кезеңінде жақсы ойнадым деген сөз. Әсіресе, шешуші гейм ерекше болды. Титулды жеңіп алғаныма қуаныштымын. Осымен 21 қалада 21 трофейге ие болдым, — деді Медведев ойыннан соң.
Жұптық сында франциялық Тео Аррибаж бен Альбано Оливетти үздік шықты. Олар финалда германиялық Якоб Шнайттер мен Марк Вальнерден — 6:4, 7:6 (10:8) есебімен айласын асырды
Аррибаж жұптық сында АТР додасындағы екінші, Оливетти үшінші титулын жеңіп алды.
– Бұл шынында да керемет апта болды. Біз бабымызға келіп, нағыз команда ретінде ойнадық. Күрделі матчтар болды. Бірақ аяғына дейін күресіп, жеңудің амалын таптық.
Биыл Алматыда жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз. Шынында да бұл ATP 250 деңгейіндегі тамаша турнир болды. Жарыс жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Жанкүйерлер бізді мықты қолдады. Баршаңызға мың алғыс, — деді матчтан соң турнирдің жеңімпаздары.