Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Almaty Resort» шипажайында Халықаралық алма күніне орай «Алма фестивалі» өтті.
Күзгі маусымның жарқын оқиғасына айналған бұл шара мыңнан астам қонақтың басын қосып, салауатты өмір салтын және Алматының игі дәстүрлерін бейнелейтін мерекеге айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, шеберлік сағаттары, байқаулар, көрмелер мен дәм татуларды қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынылды.
Сахнада балалар мен ересектердің шығармашылық ұжымдары, халық музыкасы ансамбльдері және би топтары өнер көрсетті. Қонақтар қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін аралап, арнайы фотозоналарда суретке түсіп, алмадан дайындалған тағамдардан дәм татты.
Кештің басты көріністерінің бірі – қаланың символы саналатын алмадан жасалған инсталляция болды. Мереке соңында қонақтарға бір тоннадан астам хош иісті, піскен алма таратылды.
-«Almaty Resort»-та алма фестивалі үшінші жыл қатарынан өтіп келеді және жыл сайын ауқымы кеңейіп отыр. Біз Халықаралық алма күнін атап қана қоймай, адамдарға қуаныш сыйлап, дәстүрлерімізді нығайтуды әрі салауатты өмір салтының маңыздылығын еске салуды мақсат етеміз», — деді Almaty Resort директоры Гүлжанат Бугубаева.
«Almaty Resort»-та алма фестивалі 2023 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Шараның мақсаты — отбасылық және мәдени құндылықтарды нығайту, дұрыс тамақтануды насихаттау және алманың отаны саналатын өңірдің табиғи мұрасын сақтау.
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
АЛМАТЫ