АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында волейболды отырып ойнаудан әлем кубогы үшін жарыс аяқталды.
Бұл сында Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін АҚШ құрамасымен ойнады.
Бауыржан Тахауов жасақтаған құрама команда алғашқы екі партияда америкалықтардан 25:23, 25:18 есебімен басым түсті. Содан кейін алаң иелері келесі сетте 25:15 есебімен жеңді. Дегенмен төртінші сетте отандастарымыз тағы алға шықты. Есеп — 25:23. Сөйтіп, қорытынды есепте Қазақстан командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл турнир 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингілік ұпай береді. Осы додада параволейболшылар үздік үштіктен көрінді.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы соңғы матчта Таиландты 3:0 (25:15, 25:8, 25:14) есебімен жеңген еді. Тек жартылай финалда ғана Мысырға 0:3 (12:25, 23:25, 18:25) есебімен есе жіберді.
Рүстем ЖҰМАН,
АСТАНА